Коронавирус • 30 Маусым, 2020

Жаңадан стационарлар ашылып жатыр

200 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі күндері Шымкенттегі ауруханаларда науқастарға орын жетіспей, індет жұқтырушылар денсаулық сақтау мекемелерінің қақпасына жетпей қайтыс болып жатыр деген сарындағы ақпараттар тарала бастады­. Тіпті дәріханаларда ұзын сонар кезек күткен тұрғын­дар туралы видеолар да әлеу­мет­тік желілерді шарлап кетті. Осы­лайша, қаладағы эпиде­миялық жағдайға байланысты шымкенттіктер үрей құшағында қалғаны жасырын емес.

Жаңадан стационарлар ашылып жатыр

Аптаның соңғы күні осы түйткілді мәселе бойынша Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаев, қалалық Жедел жәрдем көрсету стансасы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Оспанова және жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзин арнайы брифинг берді.

Шаһар басшысы қаладағы эпиде­миялық жағдай және оны қалыпқа келтіру барысындағы жұмыс­тар жөнінде мәлімдеме жасады.

«Республикалық деңгейде Шым­кент қаласы бойынша Қазнетте «науқастар аурухана қақпасына жетпей қайтыс болып жатыр және науқастарға орын жоқ» деген секілді ақпараттар тарауда. Осы жөнінде арнайы түсіндірме берсем, бүгінде қалада 650 инфекциялық төсек-орын бар. Оның ішінде жұқпалы ауруханаларда 350, жаңа салынған госпитальда 200 және Атамекен провизорлы стационарында 100 орын бар. Аталған ескі жұқпалы ауруханалар ауруханасында 321 науқас жатыр, госпитальда 172 және Атамекен провизорлы стационарында 42 науқас емделуде. Ал жалпы 115 орын бос. Одан бөлек, қалада 1690 провизорлы орын бар. Оның ішінде 1315-інде науқастар ем алуда, қалғаны бос. Яғни провизорлы орындардың 77 пайызы толып тұр. Сол себепті бүгін 500 провизорлы орын ашамыз. Ал жексенбі күні 200, дүйсенбі күні 500 провизорлы орын ашылады. Сондай-ақ 51 мекемеде 628 төсек-орындық күндізгі стационар аштық. Оның 248-і бос. Аталған күн­дізгі стационардағы бір орын күніне 5 адамды қабылдай алады. Ал жұмыс уақыты таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін (демалыссыз) істейді. Айта кетейін, күндізгі стационарларда науқастар тіркелген емханасы бойынша тегін емделеді. Халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін емханалардың жұмысын екі есе күшейтеміз», деді қала әкімі.

Анығында, қалада коронавирус індетімен қатар жаз айларында пневмония диагнозымен ауырғандардың қатары күн өткен сайын көбейіп келеді. Кейінгі уақытта қаладағы ауру­ха­наларда осыған байланысты төсек-орын жетіспеушілігі орын алған болатын.

Қалалық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Рустам Албаев­тың айтуынша, қалада коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан 2084 науқас тіркелген. Оның 45 па­йызы – симптомсыз. Провизорлы ста­ционарлардың төсек қоры 89 пайызға жүктелген.

«Қаладағы дәріханаларда тіпті аскорбин, парацетамол қалмады. Бары­ның өзінде бағасы аспандап кетті», деген алыпқашпа әңгімеге шаһардың бас дәрігері «Шымкентте дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар», деп кесіп айтты. Сондай-ақ баға тұрақ­тылығын қатаң бақылауға алып, дәрі бағасын қымбаттатқан дәрі­ха­наларға айыппұл салынатынын жеткізді. Басқарма басшысының айтуынша, ауруханалар мен дәріханалар демалысқа қарамастан дәрі-дәрмекпен қамтылуда.

Пневмония және ЖРВИ дертіне шалдыққан науқастар емханаларда ем қабылдауда. Күндізгі станционарда медицина мамандары демалыс күндеріне қарамастан, аптасына жеті күн, таңғы сағат 08:00-ден бастап 20:00-ге дейін жұмыс істеуде. Ал оларға қажетті дәрілер өз уақытында жеткізіліп отыр. Сонымен қатар дәріханалар мен ауруханалар да дәрі-дәрмекпен қамтылуда.

Айта кетейік, халық денсаулығын нығайту мақсатында пневмония, ЖРВИ дертіне шалдыққан науқас­тарды емдеу үшін мемлекеттік 26 емханада 314 төсек-орындық күндізгі стационар ашылды. Бір төсек-орын күніне кемінде 5 адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Яғни 1570 тұрғынды ем-дом шараларымен қамтиды. Бұл үшін 39 дәрігер, 57 медбике қызмет көрсетуде.

Қала басшысы қазір медицина қызметкерлеріне жүктелген міндеттің ауыр екенін алға тартып, тынымсыз еңбек етіп жатқан мамандардың жұмы­сына түсіністікпен қарауға шақыр­ды. Ең бастысы, қолайсыз эпиде­­миялық жағдайға байланысты тұрғындарға сақтық шараларын қатаң ұстану қажет екенін ескертті.

Шынында, дүниені дүрбелеңге салған індет ақ желеңді абзал жан­дар­дың да жүйкесін жүндей түтіп барады. Жуырда Қазнетте таралған Шымкент қаласындағы инфекциялық аурухана маңында болған жағдай бойынша жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзин түсірген видео қызу талқыланған болатын. 

Бейнеролик иесі Арман Хамзин медициналық маман болғандықтан, науқастардың жағдайы үшін алаң­дап, осы бейнероликті түсіргенін жет­кізді.

«Өздеріңізге мәлім, үш айдан бері алғы шепте жұмыс істеп келеміз. Бұл – өте ауыр. Науқастарды көргенде, тіпті психоэмоциялық жағдайлар болады. Осы орайда өз денсаулығымыз бен отбасымыз үшін де алаңдаймыз. Ал кеше әлеуметтік желіде тараған бейнероликке тоқталсам, дәл қазіргі таңда пневмониямен ауырған науқастардың саны өсті. Бұл жағдайды қалыпты ұстау үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, стационарлық орталықтар ашылуда. Аталған оқиға болар кезде науқасты инфекциялық ауруханаға жатқызу туралы координация берген. Бірақ біз аурухана алдына келгенде жедел-жәрдем көліктерінің көбейіп кеткенін көрдік. Сөйтіп, инфекциялық ауруханада орын жетіспеушілігі туын­дады. Яғни бізге диспетчерлік орталық дұрыс бағыт бермеген. Ал науқас екі жақты пневмонияның ауыр түрімен ауырған, жағдайы нашар еді. Сол себепті науқасты жедел орналас­тыру қажет болатын. Осы уақытта жағдай ушықты. Науқастың халі нашарлай берді. Оның өміріне алаңдап, бейнероликке түсірдім. Содан көп ұзамай, мәселе шешіліп, науқасты қайда орналастыру туралы хабарлама келді. Осы ретте бұл түсірілімнің әлеуметтік желіде тарап, халықтың дүрліккенін қаламағанымды айта кетейін. Алдағы уақытта мұндай әрекеттер қайталанбайтынын жеткізе отырып, кешірім сұраймын», деді Арман Саятұлы.

Қазіргі таңда қаладағы барлық денсаулық сақтау мекемелері шұғыл түрде науқастарға медициналық көмек көрсетуге көшті. Сондай-ақ кейбір науқастарды үй режімінде оқшаулап, емдеуде. Эпидемиялық жағ­дайға байланысты ем алушылар енді үйден шықпай-ақ тіркелген мекенжайы бойынша дәрігерлерге хабар­ласады. Әрі әрбір тұрғын өзі тіркелген емханаға барып күндізгі стационарда емделе алады. Бүгінде шаһардағы жергілікті емханалардың барлығында төсек-орын мен дәрілік заттар жеткілікті.

 

ШЫМКЕНТ