Коронавирус • 02 Шілде, 2020

Ауру асқынды: дәрі жоқ, маска қымбат

406 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салып отырған коронавирус індетінің тоқтайтын түрі жоқ. Қайта күн санап күшейіп келеді. Көптің көңілінде де күмән көп. Жер шарын мазасыз күйге түсірген атышулы індеттің алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылдануда. Алайда соған қарамастан елімізде індет жұқтыру дерегі көбейіп отыр. Соңғы уақыттарда Жамбыл облысында да қауіпті індетті жұқтырған науқастар саны өскен. Сол себепті өңірде таяу уақытта шектеу шаралары қайта күшейтілетін болды.

Ауру асқынды: дәрі жоқ, маска қымбат

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ

Бүгінгі таңда Жамбыл облы­сында коронавирус індетін жұқ­тырудың 693 симптомды дерегі тіркелген. Бұл 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 59,9 па­йыз­ды құрайды. Сонымен қатар, өңірде індеттің 683 симптомсыз жағдайы анықталған. Бүгінгі таңда инфекциялық стационарда 272 науқас ем алуда. Дегенмен Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, статистика көңіл көн­шіт­пейді. Егер 15-21 мау­сым аралығында өңірде 317 жағ­дай анықталса, 22-28 маусым аралығында 473-ті құраған. Нау­қастардың 60 пайызы Тараз қаласында тіркелген. Тіпті департамент басшысы көрсеткіштің нашарлауына карантиндік шараларды жеңілдету және эпидемияға қарсы шаралар алгоритмдерінің сақталмауы да әсер еткенін айтты. «Эпидемиологиялық топтардың жүктемесінің ауырлығын ескере отырып, тұрғындарға медицина қызметкерлері мен эпидемиологтар жеткенге дейін барлық сақтық шараларын сақтауды ұсынамыз. Атап айтсақ, өзін өзі оқшаулау, температураны өлшеу, денсаулық жағдайын бақылау, қажет болған жағдайда аумақтық дәрігерді шақырту, жұмысқа шық­пау қажет», дейді Берік Жар­қынбеков. Дегенмен аталған талаптарды да толығымен орындалып отыр деуге келмейді.

Бүгінде қалыптасып отырған қиын жағдайға байланыс­ты қайтадан нақты шаралар қа­был­дау қажеттігі туындауда. Мәселен, жуырда Тараз қала­сының ішінде қоғамдық кө­лік­­тер қайта жүре бастады. Алайда оның бекітілген тәр­ті­бі толығымен орындалып отыр­ған жоқ. Жолаушылардың арақашықтығы сақталмауы өз алдына, көлік ішінде медициналық маска тағып отырғандардың да аз екенін байқауға болады. Мұндай жағдайлардың бәрі де індеттің одан әрі таралуына әкеліп соқтыратын көрініс. Ал бүгінде қос өкпесі қысып, дене қызуы көтеріліп, науқастанып жатқан адам көп. Бірақ қазіргі таңда өңір дәріханаларында вирусқа қарсы және дене қы­зуын түсіретін дәрілердің жетіс­пеушілігі орын алуда. Бұл да жер­гілікті халық үшін өзекті болып тұр. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл ретте аталған мәселені шешу үшін жауапты мекемелер салалық министрлікпен, «СК-Фармация» компаниясының өкілдерімен бір­лесіп жұмыс істеуі керектігін айтуда. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жоқ препараттардың ана­логтары туралы хабардар ету қажеттігін де ескертуде. Ал ел әбігерге түсіп, қауіпті індетте­н құтылатын күнді тілеп отыр­ғанда облыстың Мойынқұм, Са­рысу және Т.Рысқұлов аудандарында медициналық маска­лардың белгіленген бағадан қымбатқа сатылып жатқандығы анықталған. Бұл да қадағалаудың кемшіндігінен орын алатын жайттар.

Атышулы індетті ауыздықтау үшін жан-жақты шешімдер мен нақты іс-әрекеттердің қажет екен­дігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Мәселен, дәріханаларда қажетті дәрілердің және медициналық маскалардың жетіспеушілігі, не болмаса қымбаттығы қарапайым халық үшін кәдімгідей күрделі мәселе. Тіпті қажетті дүниелерді қолдан қымбаттату кім-кімге де жығылған үстіне жұдырық болғандай әсер етеді. Сондай-ақ науқастар үшін жатын орындар мен дәрігерлердің жетіспеушілігі сияқты мәселелер де өзі үміт пен үрейдің құшағында жүрген халық үшін оңай емес. Тіпті Бердібек Сапарбаевтың өзі де адамдардың жедел жәрдем жұмысына және ауруханаларда орындардың жоқтығына қа­тысты шағымдануда екенін айт­қан. Сол себепті де өңірде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігіне байланысты резидентурада оқитын студенттерді және зейнет жасындағы дәрі­герлерді жұмысқа тарту мә­селелері саралануда. Облыс­тық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Марат Жұман­құловтың айтуынша, бұл бағыт­тағы жұмыстар қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр екен. Төсек санын көбейту бойынша да шаралар қабылданатын болады.

Бүгінде дүниеге дүрбелең тудырып, жаһанды жай отындай шарпып келе жатқан коронавирус індетінен барынша сақтану әрбір азаматтың міндеті. Бұл күнде өңірде автобус аялдамалары мен халық көп жиналатын жерлерге үнемі дезинфекциялық өңдеу жүргізіп отыру қажеттігі жиі айтылуда. Сонымен қатар технологиялық процеске қатысы жоқ мемлекеттік органдар мен мекемелер қызметкерлерінің 80 пайы­зын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру мәселесі де тал­қыланған. Алайда бұл ша­ра­лардың қашан іске асатынын уақыт көрсетеді. Бүгінгі таң­да Жамбыл облысы бойын­ша 45 мониторинг тобы са­ни­тарлық-эпидемиялық та­­лаптардың сақталуын тексеру­де. Нәтижесінде, 3268 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзғаны үшін 66 хаттама толтырылған. Сондай-ақ 59 іс бойынша материалдар сот­қа жолданған. Жалпы, бүгінде әкім­дік тарапынан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Десек те, әрбір тұрғын өз өміріне өзі жауапты екенін ұмытпағаны жөн. Тіпті үйінде беташар жасап, қонақ күткен талай адамдардың жасырын әрекеті әшкере болған. Сондықтан да әрбір адам өз тағдырының тізгіншісі екенін естен шығармаған дұрыс.

 

Жамбыл облысы