Оқиға • 03 Шілде, 2020

Нәзира

913 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біз сонау жетпісінші жылдардың екінші жартысында Қазақ мемлекеттік универ­ситетінің журналистика факультетіне оқуға түскен кезде алғашқы танысқан пәннің бірі «Журналистикаға кіріспе» деп аталатын. Оны қазақ журналистика теория­сының негізін қалау­шылардың бірі, тіпті бірі емес-ау, бірегейі, профессор Тауман Амандосов жүргізді.

Нәзира

Сол сүйегі асыл Тәукең факультет ауди­ториясында қыз­ғалдақтай құл­пырып отыр­ған қыздарды көргенде «сендерден журналист шық­пайды» деп, бетің бар, жүзің бар демей бір-ақ ай­татын. Бүгінгі дәуір өлше­мінде ұстаздың бұл тұжы­рымы шындыққа сәйкес келе қоймайды деп белден бір соғудың да жөні жоқ. Өйткені мұның алдындағы елуінші-алпысыншы жылдарда журналист мамандығы бірыңғай ер жігіттердің еншісіне тиіп келгені де рас. Оның үстіне сала майталманы бүгінгі қыз – ертеңгі адал жар, болашақ ана, отбасының қазығы екенін де ескерген болса керек. Мұндай жағдайда ылғи іс­сапарда болуды қажет ететін мамандық қыз-келіншектерге қолайсыздық тудыруы да әбден мүмкін екен­дігін жоққа шығару қиын-ақ.

Дегенмен бүгінгі күні БАҚ-та адамзаттың нәзік өкіл­дерінің үлесі басым түсіп жүргені де шындық. Солардың арасында баспасөзде өз орнын тапқан, қаламы әбден төселген әріптес құрбымыздың бірі – Нәзира Жәрімбетова десек, қателесе қоймаспыз. Университетті бітіргеннен кейін өзі туып-өскен Шиелі өңірінің қауынындай жүзі жұмсақ Нәзира Қостанай облысына жолдама алды. Бұған дейін астықты аймақта орыс тілінде жазып әрі осы тілде радио-телевизия хабарларын түсіріп тарататын БАҚ өкілдерінің салмағы биіктеу көрініп, керісінше қазақ тілді әріптестеріміздің үні біртүрлі бәсең, құмығып естіліп келгені де жасырын емес. Осындай қоғамдық ортаға тап келген ол қысылып-қымтырылмай өңірдің ақпарат айдынында бірден еркін жүзіп, еркін қимылдап, өз үнін анық естірте бастады.

Содан кейін көп кешікпей қостанайлық көрермендер арасынан «бұл не деген батыл, өжет қыз» деген жағымды пікірлер де естіле бастаған-ды. Ұлт намысы, туған тіліміздің толғағы жеткен мәселелері та­ра­зыға түскен кезде оған өз телехабарлары арқылы батыл үн қоса білген әріптесіміз көп кешікпей Қостанай жерінде лайықты құрмет пен беделге ие бола бастады. Эфир мен әуе толқынынан тыс кездің өзінде ұлттық құндылықтар жөнінде қиғаш пікірлер айтылып қа­латын тұстарда әріптесіміз белсенді ұстанымынан таймай, өз ой-пікірін ашық білдіре алғаны жөнінде де Қостанай облысына жолымыз түскен кезде біраз жайттар мен сырға қаныққан едік.

Соның бірі төмендегідей. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қостанай қаласында облыс басшысының қаты­суымен мәртебелі бір жиын өтеді. Басқосу кезінде шал­ғайдағы Торғай өңірінің бір түкпіріндегі ауылда таза қазақы ортада туып-өскен, әдебиетке жақын жүретін азамат сөз алып, өз ойын қазақ тілінде айта бас­тайды. Осы сәтте оған сол жер­дегі облыс басшысы: аудитория қай тілде сөйлесе, сіз де сол тілде сөйлеуіңіз керек деп ескерту жасайды. Оның талабын орындауға мәжбүр болған ауыл азаматы ақ тер, көк терге түсіп, сөзін орысша айтуға тырысқанымен, жатық шыға қоймайды. Осы тұста Н.Жәрімбетова орыс және қазақ тілдерінде еркін төгілдіре сөз сөйлеп, облыс басшысына республикада қазақ тілі таяуда мемлекеттік тіл болып жарияланғанын және қандай аудитория болса да кім-кімде қалауына қарай өз ой-пікірін мемлекеттік тілде жеткізуге құқылы екенін тайсалмай айтып береді. Бұл оқиға республикада тұңғыш рет Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылдан кейін болғанын айта кеткіміз келеді.

Есіме түсіп отырған тағы бір жайт – Нәзираның газетімізге Қостанай облысы бойынша меншікті тілші болып қалай келгендігі. Ашығын айтқанда, ол бас басылымға әжептәуір тәжірибе жинақтап, жан-жақты әзірліктермен келіп, оның қарқынды да тұшымды материалдары бірінен соң бірі «Егеменнің» бетінде жарияланып жатты. Сондай күндердің бірінде елордада облыстағы меншікті тілшілердің жыл са­йын өткізіліп тұратын дәстүрлі басқосуы бола қалғаны. Осы жиында «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Президенті Сауытбек Абдрахманов арамызда алғаш келіп отырған әріптесіміз жөнінде: «Біздің биылғы тауып алған «находкамыз» – Нәзира Жәрімбетова», деген болатын. Сәукеңнің осы бір ауыз сөзінен оның жазғандарын құптағанын, Қостанай облысына қамшы салдыра қоймайтын, лайықты тілші келгенін оң баға­лау сарыны жатқанын аңғару қиын емес еді.

Бас басылымда Нәзира Жәрімбетованың облыс өңі­рінен жазған кең тынысты сараптамалық-талдау материалдары оқырмандар жүрегінен жол таба білді. Сондай-ақ ол түкпірдегі Торғай даласын қайтадан түлету жөнінде бір­неше дүркін проблемалық материалдар жазып, оған жоғары және жергілікті атқарушы орган басшыларының назарын аудара білгені де ұмытыла қойған жоқ. Оның Алаш арыс­тары жөніндегі тың деректерге құрылған толғақты дүниелері де өз алдына бір бөлек әңгіменің еншісі. Соны­мен бірге қарымды қалам иесінің түгін тартса майы шық­қан құйқалы Қостанай топырағына шетелден қоныс аударған отандастарымыздың шетқақпай болып жүргендері жөнінде жазған проблемалық мақаласы Пре­зи­­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың назарына ілініп, соған сәйкес орын алған олқы­лық­тар жөнінде Мемлекет басшысы тарапынан өкілетті органдарға тиісті тапсырмалар берілгені – бәріміз үшін мәртебе.

Бір сөзбен айтқанда, Нә­зира Жәрімбетова «Егемен» арқылы ел-жұртқа кеңі­нен танылып, қазақ журна­лис­тикасының қыз-келін­шектер арасындағы белді бір өкілі болып қалыптасқаны кәміл. Бүгінде алпыс деген асқар белдің биігіне көтеріліп, зейнет жасына жеткеніне қарамастан, өзінің «Егеменімен» байланысын үзбеген талантты әріп­тесімізге ақ адал көңілден: шығармашылық ша­бытыңнан танбай, ел-жұрт сүйсіне оқитын дүниелерің жалғаса берсін демекпіз!

 

АҚТӨБЕ–ҚОСТАНАЙ–АҚТӨБЕ