Аймақтар • 06 Шілде, 2020

Қаулы орындалуымен құнды

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде эпидемиялық жағдайды тұрақтандыру жөнінде атқарушы органдардың алдына қойған талаптарын орынау үшін Ақтөбе обылсы аумағында қатаң шектеу және карантиндік шаралар енгізілді. Бұл жөніндегі қаулыға Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева қол қойған. Мұндай құжат биылғы 2020 жылдың көктемінің алғашқы айында да қабылданғаны белгілі. Дегенмен КВИ-дың таралуын болдырмау жөніндегі алғашқы қаулымен салыстыра қарағанда соңғысының салмағы мен жүгі әжептәуір ауыр, жауапкершілігі барынша жоғары екенін айтуға тиіспіз.

Қаулы орындалуымен құнды

Әңгімеміздің әлқиссасын былайша тереңнен қозғауымыздың басты себебі – бұдан үш ай бұрын індет тап қазіргідей басқа шауып, төске өрлеп кетпегенді. Сондай-ақ бүгінгі күні адам өліміне әкеліп соқтырып отырған вирустық пневмония да тіркеле қоймағанды. Халықтық ұғым-түсінікке сайғанда: Жер астынан жік шықты, екі құлағы ті шықты осы болды. Ең бастысы бұдан екі-үш ай бұрын барша қазақ халқының бесігі атанған ауыл мен оның тұрғындары ұл індеттен дін аман еді.

Енді не болып жатқанын құлақпен естіп көзбен көргенде төбе шашы тік тұрғандай күй кешесіз. Өйткені соңғы уақытта ауылдағы ағайындар арасын да да КВИ мен вирустық пневмония дерегі күннен күнге өршіп барады. Өзгесін былай қойғанда облыстың Ырғыз және Ойыл секілді шалғайдағы аудандарында аталған жұқпалы дертті жұқтырған тұрғындар саны көбейіп өкпелері қабынуы қынжылтпай қоймайды. Әрине науқастарды емдеу үшін облыс аудандарында қосымша шаралар белгіленген. Ауруханаға түскендер ПТР-дан өтіп тексеріліп жатқаны көңілге едәуір демеу.

Сонымен бірге ауылдағы ауруханалар жанынан қосымша инфекциялық бөлімшелер ашылып, провизорлық стационардағы керуеттер саны кеңейтілуде. Емханалар жанынан күндізгі ем жүргізетін орындар ашылған. Арнайы қойылған сенім телефонары мен онлайн кеңестер де ауыл тұрғындарының ақпараттық сұранысын өтеуге қызмет жасайды. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев айтып берді.

Тұтастай алғанда бүгінгі кезде облыс аумағында Пульманолог мамандарға деген сұраныс күрт өсіп кетті. Әйтсе де қажетті профильдегі мамандар аяқ астынан сау етіп төгіле қалмасы тағы да аян. Сондықтан да оның тапшылығын реттеудің бір жолы ретінде нефролог, терапевт және хирургтарды арнайы хаттама бойынша өкпеге ем жүргізуге рұқсат пен құқ беру шаралары алынған. Сондай-ақ облыс аудандарында дәрі-дәрмектер тапшылығы да байқалып қалады. Әйтеуір бұл мәселені шұғыл жолға қою жөнінде шаралар бекітілген.

Қандай құбылыстың да өзіндік себебі мен салдары болмай қалмайды. Алғашқы каратин кезінде Ақтөбе облысында эпидемиялық жағдай тұрақты болғаны мәлім. Тіпті бір де бір КВИ жұқтырған тұрғындар тіркелмеген күндер де кездесті. Осыған қарап індет шарықтау шағына жетті деп ой қорытудың да жөні бар еді. Әйтсе де еліміздегі екі айға созылған төтенше жағдай режимінен кейін блок-бекеттер алынып ауылдар мен облыс орталықтар арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастар қалпына келген кезде шалғай елді-мекендерде індетке шалдығушылардың өсу көріністері орын ала бастады. Оның басты себебі ағайындардың дұға, садақа дастархандары мен өзге де отбасылық шараларға бірден бас қоюы, ауыл мен қала тұрғынарының араласып кетуі, симтомсыз белгісі жоқ азаматтар індеттің таралуына түрткі болуы десек шындықтан ауытқи қоймаспыз.

Соңғы кезде: Төтенше жағдай мен қатаң каратиндік режимді әрі ге соза түсу керек еді деушілер де бар. Бұл тұжырымдар бір қарағанда қисынды секілді көрінгенімен санитарлық нормалар мен қауіпсіздік талаптары орындалмаған жағдайда мемлекет тарапынан белгіленген кез келген қатаң шараның өзі індетті ауыздықтауға көмектесе алмайтынын ұғына алсақ керек-ті.

Әңгімемізді түйіндей келе Ақтөбе облысында 2020 жылдың шілде айының төртінші жұлдызы күні Тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін басқару департаменті мен облыстың Мемлекеттік бас санитар дәрігері қабылдаған қаулы тармақтары бұған дейінгі қаулымен салыстырғанда едәуір кеңейтілгенін айту шарт. Мұнда шектеу шаралары жөніндегі тармақтар мен жолдар да қызмет көрсету нысандарын барынша кең қамтыпты. Бір сөзбен айтқанда қаулыда ешқандай мін жоқ деп айтуға әбден болады. Әйтсе де бұл қабырғалы құжат талаптары тек қағаз жүзінде немесе электрондық мәтін түрде қалып қоймай толықтай орындалса эпидемияны ауыздықтауға оң септігін тигізе алатыны анық. Өйткені Қаулы тек орындалумен ғана құнды бола алатыны айтпаса түснікті емес пе?!

 

Ақтөбе