Өнер • 07 Шілде, 2020

Кубриннің үйіндегі көрме

522 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елорда күні мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 80 жасқа толу құр­­метіне арнайы ұйымдастырылған «Ұлы елдің мұрасы» фотоқұжат­тық көрмесі 10 шілдеге дейін жалғасады деп күтілуде.

Кубриннің үйіндегі көрме

Көпшілік назарына фото­құжаттар тарихының призмасы арқылы Қазақстанның Бас қаласының қа­лып­тасуы мен дамуы туралы фотоматериалдар, архивтік құ­­жаттар ұсы­нылып, елорда тұр­­ғындары мен қонақтарына Ұлы даланың қалыптасу, даму кезең­дерінен қызықты саяхат сыйлайды.

Фотоқұжаттық көрме XIX ғасырдың 90-жылдары­нан бас­­тап бүгінгі кезеңге дейін­гі жүзжылдық мерзімді қам­ти­­­­ды. Экспозицияға Нұр-Сұл­тан қаласының мемлекеттік ар­­хи­вінен, Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасынан, Қазақстан Республикасы Прези­дентінің архивінен 90-нан астам фотоматериал мен архивтік құ­жат ұсынылып отыр.

Елордалықтар көрмеден Елбасының еліміздегі әлеуметтік-маңызды нысандардың ашылу рәсіміне қатысқан сәттерін, әлемдік көшбасшылармен кездесу кадрларын көре алады. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ұйымдардың сам­миттеріндегі әлемдік көш­бас­шылармен бірге түскен фото­суреттері ұсынылады. Елең ет­кізетін елеулі жаңалық – фо­токөрме астанадағы ең көне та­­ри­хи ескерткіштің бірі, көпес Куб­риннің үйінде өтуде.

Жыл сайын қала күні қар­саңында ел астанасының өткені мен бүгіні туралы сан түрлі де­рек­тер алға тартылып жатады. Өйт­кені ел тарихында елорда шежіресі ерекше мәнге ие. Ал енді Отанымыздың жүрегіндегі тарихи-мәдени ескерткіштерге тоқталып, арғы-бергі тарихы мен сырына үңіле түссеңіз, ғажайып естеліктерге тап боласыз. Өңірдің мәдени өмірінде із қалдырған тұлғалар мен сан-сапат тағдырлар туралы неше түрлі мағлұматқа қаныға түсесіз. Соның бірі – 1910 жы­лы іргетасы қаланған көпес Василий Кубриннің үйі. Ғимарат Кенесары көшесінің Әуезов көшесімен қиылысар тұсында орналасқан. Өзінің керемет архитектурасымен көз арбайды. Үйдің салыну тарихы туралы талай мәрте жазылды да. Бірақ бұл қаладағы тарихи орындар туралы естеліктер мен көнекөз шежірешілер аузынан естіп-білгендеріміз қағаз бетіне толық түсіп бітті деген сөз емес. Кубрин үйі төңірегінде айтылып жүрген әңгіме де солай. Ол жылдан-жылға толығып, молыға түсуге тиіс тарихи ескерткіштеріміздің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Ғимараттың қысқаша тарихына келсек, кәсіпкерлікпен Санкт-Петербургке жолы түскен Василий Кубрин қаланың еркетотай бір қызына ес-түссіз ғашық болып қалады. Әлгі ару анау-мынауды көзге іле бермейтін театр әртісі екен. Соған қарамастан, сұлу бикешті бай көпес өзімен бірге Ақмолаға алып кетуге бекінеді, бірақ Петербургтің сән-салтанатына бойы үйреніп қалған ару оның бұл ұсынысын қабылдай қоймай, Ақмоладан өзіне арнап, кең сарай тұрғызса ғана баратынын айтады. Көпес Кубриндер үйінің салыну тарихы – қысқаша осы.

 Архив дерегі бойынша тарихи кешеннің сыры әлі толық ашылып біткен жоқ. Бір жарым қабатты үй, жертөлесі, бірнеше бөлмеден тұратын қосалқы жай және сол жерден дүкенге дейін созылған жерасты жолы (кейін бұл жол бітеліп қалған), күйме-пәуескелерге арналған ат қора, тас-жер қоймалар сияқты бірнеше бөліктен тұратын ғимараттың иелері де кейін заманға қарай ауысып отырған. Алғашқыда жұмысшы-шаруалар клубы, кітапхана, қалалық уездік атқару комитеті орналасқан. Одан кейін 1920 жылы қазанда ресми атауы «Бірінші Кеңестер үйі» болып өзгереді. 1921 жылы 24 ақпанда – революциялық үштіктің штабы, ОГПУ, НКВД және милиция орын тебеді. Ал өткен ғасырдың ортасында мұнда қалалық білім басқармасының бөлімі және Пионерлер үйі жұмыс істепті. Сексенінші жылдары облыс тарихын, Қазан төңкерісі оқиғаларын, Азамат соғысы мен Екінші дү­ниежүзілік соғыс, тың игеру, кейін­гі бесжылдықтар кезеңін қамтитын тарихи жәдігерлер орын тепкен өлкетану музейіне айналыпты. Тәуелсіздік жылдары Украинаның Қазақстандағы елшілігі орналасса, бүгінде ғимарат Нұр-Сұлтан қалалық архивінің меншігінде.