Осының бәрін облыс басшылығы да біледі, бірақ жұмыстың жөні, істің қиюы әзірге таптырмай тұрған сыңайлы. Сол себепті болар, таяуда өңір басшысы Жеңіс Қасымбек коммуналдық қызметтердің жұмысын қатаң сынға алып, тиісті басшылардан бұл салада тәртіп орнатуды талап етті.
Жалпы, ғарыштан зондтау арқылы қарағанда, облыс аумағында стихиялы түрде пайда болған 800-ге тарта қоқыс ошағының бар екені анықталған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабеков бұл қоқыс орындарының басым бөлігінің жойылғанын айтады. Десе де, жағдай әлі де күрделі қалпында қалып отыр. Мәселен, Қарағанды мен Теміртау қалаларында, сондай-ақ бірқатар ауданда бей-берекет пайда болған қоқыс орындары былыққаның үстіне былығып жатыр.
Облыс әкімі жиналыс сайын кешкісін жаяу жүріп, аулаларды аралайтынын айтады. Дер кезінде қоқыс полигонына апарылмаған тұрмыстық қалдықтан аяқ алып жүргісіз екенін қаншама рет сын тезіне салса да, тұралаған жағдайдың оңалатын түрі көрінбейді. Осы жолы болған онлайн режіміндегі жиын барысында да Ж.Қасымбек қоқыс тазалау саласындағы жұмыстың қожырап кеткенін қынжыла жеткізді.
– Тұрғындар ең бірінші кезекте тазалыққа назар аударады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қарағандыда қоқысты жинау жұмыстарына деген жұрттың наразылығы күшейіп тұр. Мен өзім жаяу жүріп, аулаларды аралаймын. Коммуналдық қызметтер жұмысының өте нашар жүргізілетінін көріп жүрмін. Қала әкімдігі тарапынан бақылау жоқ, – деді ол.
Ж.Қасымбек бұл салада тәртіп орнатуға бел шеше кіріскендей. Алдағы уақытта айтылған сыннан қандай қорытынды шығарылатынын тікелей өзі бақылайтынын айтып, осы іске жауапты тұлғалар мен коммуналдық қызмет өкілдеріне қатаң ескерту жасады.
Әлеуметтік желіде облыс әкімінің бұл мәселеге ерекше назар аударғанын қуана құптаған жазбалардың пайда болғанын айта кеткен ләзім. Сонымен қатар аталған тақырыпқа басқа қырынан қарап, пікір білдірген желі қолданушылары да баршылық. Мәселен, солардың бірі мынадай жазба қалдырды: «Коммуналдық қызметкерлер жұмысты жақсы істеуі үшін олардың техникасын жаңартып, жақсы еңбекақымен қамтамасыз ету керек. Олардың жұмысы ауыр. Ескі, кір-қожалақ машиналармен жүреді». Ал енді бір тұрғын өңір басшысының өзін сынға алыпты: «Проблеманы жеке бақылауыма аламын депті... Ал жауапты тұлғаларды алдына шақырып алып, нақты мерзім беріп, қасақылық жасаушыларға қатысты нақты шаралар қолданып көріп пе? Әлде қоқыс аралап, ғарыштан түсірілген суреттерді әрі қарай қарап отыра бере ме? Ғарыштық проблема!!!»...
Туризмнің ордасына айналады деген Балқаштың маңайы да күл-қоқыстан көз ашпай-ақ қойды. Қаланы айтпағанның өзінде, жағажайлар мен көрші елді мекендерді қоқыстан тазарту кәдімгідей үлкен проблемаға айналған. Дегенмен, сең қозғалып, бұл салада баяу болса да іс-әрекеттің нышаны байқала бастады. Мысалы, қазіргі уақытта қала маңындағы Техснаб кентіндегі тау болып үйілген қоқысты тысқа шығару қолға алынған. Бұған дейін мұндағы тұрғындар қоқыс шығаруға келісімшарт болмағандықтан, тұрмыстық қалдықтарды әр жерге тастай берген екен.
Балқаш қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Асылмұрат Түсіпов кенттегі бірнеше жылдан бері 400 текше метр аумақта жатқан қалдықтың тысқа шығарылғанын айтады.
– Біз рұқсат етілмеген жерлердегі қоқыстарды жоюмен айналысамыз. Жеке сектор тұрғындарымен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға келісімшарттар жасасу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұған қоса, қоқыс төгетін орындарға бейнекамералар орнатамыз, содан кейін қоқысты ретсіз төгетіндерге айыппұл салына бастайды, – дейді ол.
Бұл жерде жергілікті атқарушы билік пен коммуналдық қызмет өкілдерінің тұрғындарға өкпелейтін жөні бар. Олардың көбі салақтық танытып, үйінен шыққан күл-қоқысты көрінген жерге төге салуды әдетке айналдырып алған екен.
– Қоқыс шығару туралы өтінішпен бізге ешкім келген жоқ. Әзірге ешқандай келісім жоқ. Бұл үшін Техснаб кентінің тұрғындары бізге келіп, келісімшарт ресімдеулері керек. Бізде техника жеткілікті, – дейді «Балқаш Универсал» ЖШС-нің учаске бастығы Манат Ділдашев.
Бүгінде кенттегі әр үй үшін ай сайынғы тариф орнатылып, экономист мамандар нақты есептеулер жүргізу үстінде. Осындай оң қадамдардан кейін санасына саңылау енген кент тұрғындары да бұл бастамаға қолдау білдіре бастапты.
«Біз төлеуге дайынбыз, – дейді олар. – Кентіміздің көптеген тұрғыны да мұнымен келіседі. Бұрын біз қалдықтарды қайда тастайтынымызды білмейтінбіз».
Коммуналдық қызметтің өкілдері алдағы уақытта Техснаб кентін ғана емес, ЖБИ шағын ауданын, Шұбартүбек және Жұмысшы елді мекендерін, саяжайлар мен жағажайларды да күл-қоқыстан тазартуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, «Балқаш Универсал» кәсіпорны Балқаш қаласының контейнерлік алаңдарын ретке келтірумен айналыспақ. Бұл жұмыс аяқталған соң, 190-ға жуық қоқыс жәшіктері алаңдармен бірге сенімді басқаруға беріледі.
Қарағанды мен Балқаш қана емес, облыстың басқа қала-аудандарында да күл-қоқыс мәселесі күн тәртібінде өткір күйінде тұр. Ал алыстағы ауылдардағы жағдай тіпті де сорақы кейіпте. Елді мекендер маңында стихиялы түрде пайда болған қоқыс орындары тез арада жойылмаса, олардың сол маңдағы санитарлық-эпидемиялық ахуалға тигізер залалы зор болмақ. Пандемия деген пәлекет қамшы үйіріп тұрған қазіргі кезде мұның өзі жығылғанға жұдырық болуы әбден мүмкін.
Қарағанды облысы