Аймақтар • 08 Шілде, 2020

Қаулы орындалуымен құнды

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында қатаң шектеу және карантиндік шаралар енгізілді. Қаулыға облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрсұлу Беркімбаева қол қойды. Мұндай құжат биыл көктемнің алғашқы айында да қабылданғаны белгілі. Дегенмен КВИ-дің таралуын болдырмау жөніндегі алғашқы қаулымен салыстыра қарағанда соңғысының салмағы әжептәуір ауыр, жауапкершілігі барынша жоғары.

Қаулы орындалуымен құнды

Өйткені соңғы уақытта ауылдағы ағайындар арасында да КВИ мен вирустық пневмония дерегі өршіп барады. Ырғыз және Ойыл секілді шалғайдағы аудандарда аталған жұқпалы дертті жұқтырған тұрғындар саны көбейді. Ауылдағы ауруханалар жанынан қосымша инфекциялық бөлімшелер ашылып, провизорлық ста­ционардағы кереуеттер саны ке­ңей­тілуде. Емханалар жанынан күндізгі ем жүргізетін орындар ашылды. Арнайы сенім телефондары мен онлайн кеңестер де ауыл тұрғындарының ақпараттық сұранысын өтеуге қызмет етеді. Бұл жөнінде Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев айтып берді.

Бүгінде облыс аумағында пульмонолог мамандарға сұраныс күрт артты. Сондықтан маман тапшылығын реттеудің бір жолы ретінде нефролог, терапевт және хирургтерді арнайы хаттама бойынша өкпеге ем жүргізуге рұқсат пен құқық беру шаралары қолға алынған. Сондай-ақ аудандарда дәрі-дәрмектер тапшылығы да байқалады. Бұл мәселені шұғыл шешу жөнінде шаралар бекітілген.

Алғашқы карантин кезінде Ақтөбе облысында эпидемиялық жағдай тұрақты болғаны мәлім. Тіпті бір де бір КВИ жұқтырған тұрғын тіркелмеген күн­дер де кездесті. Осыған қарап ін­дет шарықтау шағына жетті деп ой қо­рытудың да жөні бар еді. Әйтсе де елі­міздегі екі айға созылған төтенше жағдай режімінен кейін блок-бекеттер алынып, ауылдар мен облыс орталықтары арасындағы қарым-қатынас қалпына келген кезде шалғай елді мекендерде індетке шалдығушылар кездесе бастады. Себебі ағайынның дұға, құран бағыштау дастарқандары мен өзге де отбасылық шараларға бірден бас қоюы, ауыл мен қала тұрғындарының араласып кетуі, симтомпсыз азаматтар індеттің таралуына түрткі болды.

Төтенше жағдай мен қатаң карантиндік режімді әріге соза түсу керек еді деушілер де бар. Бұл тұжырымдар бір қарағанда қисынды секілді көрінгенімен санитарлық нормалар мен қауіпсіздік талаптары орындалмаған жағдайда мемлекет тарапынан белгіленген кез келген қатаң шараның өзі індетті ауыздықтауға көмектесе алмайтынын ұғына алсақ керек-ті.

Ақтөбе облысында 2020 жылдың шілде айының төртінші жұлдызы күні Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін басқару депар­та­менті мен облыстың бас санитар дәрігері қабылдаған қаулы тармақтары бұған дейінгі қаулымен салыстырғанда едәуір кеңейтілгенін айту шарт. Мұнда шектеу шаралары жөніндегі тармақтар мен жолдар да қызмет көрсету нысандарын барынша кең қамтыды. Бұл қабырғалы құжат талаптары қағаз жүзінде немесе элек­тронды мәтін түрінде қалып қой­май, толықтай орындалса эпидемияны ауыз­дықтауға оң септігін тигізетіні анық. Қаулы тек орындалумен ғана құнды.

 

АҚТӨБЕ