Аймақтар • 09 Шілде, 2020

ҰБТ-да 126 балл жинаған түлек

3437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 8204 түлек мектеп бітірді.

ҰБТ-да 126 балл жинаған түлек

Ұлттық бірыңғай тестілеуде 126 балл жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізген Өскемендегі Меновное орта мектебінің түлегі Дильназ Мұратова облыс орталығындағы оқу орындарының біріне құжат тапсыруды жөн көріпті. «Дильназ өзіне сенімді болды. Өйткені, ол ҰБТ-ға үлкен жауапкершілікпен әзірленді. Педагогтардың айтқан барлық ақыл-кеңестерін мұқият тыңдады. Тестілеуге жиі барып тұрды және оның бұл еңбегі еленіп, жақсы көрсеткішке қол жеткізді» дейді мектеп директоры Любовь Лихачева.

Алған балы еліміздің өзге өңірлеріндегі кез келген оқуға түсуге мүмкіндік берсе де, өзі туып-өскен қалада білім алуды ұйғарған бойжеткен аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне құжат тапсырмақ ниетте.

Айта кетейік, биыл Шығыс Қазақстан облысында 8204 түлек мектеп бітірді, оның 84,4 проценті ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты.

ӨСКЕМЕН