Аймақтар • 09 Шілде, 2020

Қостанай облысында қосымша дәрі-дәрмек қоры жасақталды

210 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанай облысында бүгінге дейін короновирус жұқтырған 1314 адам анықталып отыр. Күрделі аһуалға қарамастан, қауіпті індеттен 375 науқас айығып шыққан.  Өкінішке қарай, алты адам көз жұмды. Бұл туралы аймақтағы короновирус инфекциясына қатысты жағдай бойынша өткен онлайн-брифингте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанай облысында қосымша дәрі-дәрмек қоры жасақталды

Аймақ басшысы індетке қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтырып алып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Соңғы дерек бойынша, облыста 26 дәрігер, 55 орта және кіші буын медицина қызметкерінің індет тырнағына іліккені белгілі болып отыр. Олардың жетеуі короновирусқа қарсы іс-шараларға қатысқан.

Облыста COVID-19 вирусын анықтайтын 5 зертхана жұмыс істеуде. Бүгінде «Ұлттық сараптама орталығы» филиалында 3 зертхана және «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы үздіксіз жұмыс істеуде. 1 зертхана 29 млн теңге демеуші  қаражатының есебінен сатылып алынғанын айта кеткен жөн. Бүгінге дейін жалпы саны 46 мыңға жуық зерттеу жұмыстарын жүргізген бұл зертханаларда тәулігіне 2 мыңға дейін талдау жасалады.  

Індетке қарсы жүзеге асырылып жатқан кешенді іс-шаралар барысында аймақтағы емдеу мекемелерінде науқастарға арналған 1668 төсек-орын қойылды. Оның 584-і короновирус індеті нақты анықталған науқастарға арналған. Бұл төсек-орындарда қазір 260 адам жатыр, қалғаны бос тұр. Сондай-ақ, індет белгілері бар адамдарды оқшаулау үшін 1084 провизорлық төсек-орын қойылған. Бүгіннен бастап Қостанайда жекенің меншігіндегі бұрынғы темір жол ауруханасы 250 орындық провизорлық стационар қызметіне көшіп, жекеменшік емдеу мекемелерінің дәрігерлері жаңа провизорлық стационарға жұмысқа тартылды. Мұның сыртында, аймақта короновирус анықталған науқастармен байланыста болған адамдар үшін 513 карантиндік төсек-орын бар.    

«Облыс дәрігерлері жеке қорғаныш құралдарымен, құрылғылармен, сондай-ақ індетті емдеуге арналған дәрі-дәрмекпен жеткілікті түрде қамтылды. Таяуда ғана  төсек жанына қойылатын 60 монитор, 40 жасанды демалдыру құрылғысы, 20 ларингоскоп, 20 дефибриллятор, 5 видеобронхоскоп, қан құрамындағы газ мөлшерін анықтайтын 3 талдау құрылғысы, 170 контактісіз термометр, 11 мың қорғаныш комбинезоны, 3,5 мың қорғаныш көзілдірігі, 800 дезинфекциялық құрал, дәрігерлер тағатын 10 мың медициналық бетперде сатылып алынды», деді Архимед Мұхамбетов.

Індетке қарсы күреске қыруар қаржы жұмсалып жатқанын атап өткен аймақ басшысы ауылдық ауруханалар үшін 80 санитарлық автокөлік сатылып алынғанын айтты. Бүгінде облыста ауыр науқасты жасанды түрде демалдыратын 210 құрылғы бар. Мұндай аппарат әр ауданның орталық ауруханасында кемі екеуден қойылған.  Шілде айының екінші жартысында тағы 47 құрылғы әкелінбек.

Бұл күнде өңірдегі 5 мемлекеттік, 3 жекеменшік емдеу мекемесінде жалпы саны 8 компьютерлік томография құрылғысы жұмыс істеп тұр. Бұл аппараттың көмегімен 500-ден астам науқас тексеруден өткен.   Бірақ бұның жеткіліксіз екенін тілге тиек еткен облыс әкімі  алдағы уақытта қосымша КТ-лар мен жасанды бүйрек және өзге де қажетті құрылғылар сатылып алынады деді. 

Облыста медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қатаң бақылауға алынды. А.Мұхамбетовтың айтуынша, аймақта індетке қарсы емдеу шараларын жүзеге асыратын хаттамада ұсынылған дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.  «Қазіргі күрделі аһуалға байланысты дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қосымша қорын қалыптастыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан бері медициналық ұйымдарға 23 түрлі 700 мыңнан астам антибиотик жеткізілді. Қазір емдеу мекемелерінде  індетке қарсы қолданылатын 4 мың Лопинавир/Ритонавирв препараты бар», деген облыс әкімі дәріханалардағы жағдайға да тоқталып өтті.

«Қостанай облысында фармацевтика қызметімен айналысатын 618 нысан, 281 дәріхана жұмыс істейді.   6-шілдеде тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен, көтерме сауда фирмаларымен, ірі дәріхана желілерімен меморандум жасалып, облыс тұрғындарын жедел түрде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Қазір 120 ірі дәріханаға облыстың барлық өңірін  әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектің 42 түрімен қамтамасыз ету жүктелді. Ел ішіндегі алыпсатарлыққа жол бермеу үшін бұл дәрілер бір қолға санаулы мөлшерде ғана сатылатын болады», деді әкім.

Аймақта 527 медицина қызметкері, оның ішінде 117 дәрігер мен 204 орта және 206 кіші медбике короновирус инфекциясына қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр. Ел басына күн туған шақта жанкештілік танытып, айлап ауруханадан шықпай індетпен арпалысып жатқан дәрігерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан  материалдық-моральдық қолдау  да қомақты. Облыс әкімінің айтуынша, наурыз бен мамыр айында індетке қарсы емдеу шараларын жүргізген 3483 медицина қызметкеріне жалпы көлемі 615,7 млн теңге өтемақы төленген.  Маусымның өтемақысы таяу күндері әр дәрігердің жеке есепшотына аударылады.

Облыс аумағындағы санитарлық-дезинфекциялық режімнің сақталуын әкімдіктер мен «Атамекен» ҰКП-ның, тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау органдарының өкілдерінен, сондай-ақ жергілікті полиция қызметкерлерінен құрылған  40 мониторингтік топ бақылауда. Арнайы топ бүгінге дейін 4 мыңнан астам рейд жүргізіп, жалпы саны 1670 шағын азық-түлік дүкендері мен ірі сауда орталықтарын тексерген. Карантин кезінде мониторингтік топ жүргізген тексеру шараларының нәтижесінде  342 тәртіп бұзушылық анықталып, 20 бизнес нысанның қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 125 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. 

Індетке қарсы күрестің ең тиімдісі – шектеу талаптарын қатаң сақтау екендігін қадап айтқан әкім облыс тұрғындарына: «Ең бастысы, сіздерді бүгін тағы да жеке қауіпсіздікті сақтауға шақырамын. Қазір уақытша оқшау тіршілікке бейімделу аса маңызды. Түрлі отбасылық, ұжымдық шаралардан үзілді-кесілді бас тартыңыздар. Қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтаңыздар. Біз жұдырықтай жұмылып, біріге күрескенде ғана жаппай етек алып бара жатқан алапат індетті еңсере аламыз. Өздеріңізді сақтап, айналадағы жақындарыңызға қамқор болыңыздар", деді.  

 

Қостанай облысы