Қазақстан • 12 Шілде, 2020

Жекешелендірудің үшінші толқыны басталады

598 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

"Бұл жолы не сатылады?" деген мәселе қазір тренд болып тұр. Себебі біздің ел әлеуметтік саясатқа басымдық беретін әлемдегі санаулы ғана елдердің қатарында тұр. Егер оны кезең-кезеңмен бөліп қарасақ, 2016 жылдың аяғына дейін жекешелендірілген нысандардың 90 пайызы – коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жекешелендірудің үшінші толқыны басталады

Тіпті қолдағы бар мәліметтер бойынша, "Қазақфильм" киностудия­сының өзі 2016 жылдың аяғына дейін жекешеленіп кетуі тиіс еді. Бірақ бұл мәселе белгісіз себептермен кейінге шегеріліп тұр. Көптің көңілінде "олар жекешеленіп кетсе, бұл біздің елдің әлеуметтік сипатына қалай әсер етпек?" деген күдік пайда бола бастады. Себебі 1990 жылдардың бас кезінде тиын-тебенге жекенің қолына өтіп кеткен балалар бақшасы, спорт мектептерін мемлекет 2010 жылдары миллион­да­ған қаржыға мемлекет қарамағына қайта сатып алды. Жекешелендірудің жаңа толқынында сол кемшіліктер қайталана ма деген қауіп бар көптің көңілінде. Себебі бұл жолы жекешелендірілуі тиіс объектілердің 80 пайызы – стратегиялық, әлеуметтік маңызы бар нысандар. 

Ауылда бір жыл бұрын ғана бой көтерген екіқабатты балабақша немесе кітапхана біраз уақыт қаңырап тұр­ғанын да, арада жылдар өткенде олар­дың сәулетті мейрамхана мен тойхана­ға айналып шыға келгенін көрдік. Сөй­­тіп, тоқсаныншы жылдары кезінде бірнеше қара малдың құнына баға­лан­ған нысандар уақыт өте бірнеше есе бағаға мемлекетке қайта сатылды. Балғындар бақшасыз, ауыл тұрғындары мәдениет үйісіз, кітап­ханасыз қалды. Біз мұны не үшін еске алып отырмыз? Өйткені жекешелендірудің үшінші толқыны басталғалы тұр. Ел үкіметі жеке қожайынның қолына кететін нысандардың тізімін де бекітіп үлгерді. Жауапты министрліктер ке­зекті науқанға қызу дайындалуда. Қа­зір­гі кезде жекешелендіретін нысан­дар тоқсаныншы жылдардағыдай қа­ңырап бос қалмас. Оған мемлекет жол бермейді. Бірақ мәселе басқа бүйірінен шығуы әбден мүмкін. Бүгін спорт, мә­дениет үйін сатып алған адам ертең оны мейрамханаға айналдырып жі­бермесіне немесе оңтайлы сәтті пай­даланып, мемлекетке миллиардтаған қаржыға қайта сатпасына ешкім ке­пілдік бермейді.

Ұлттық экономика министрлігі "2021–2025 жылдары жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдардың тізбесін" жариялап,  өңір басшылары әкімдікке қарасты кәсіпорын-компанияны өзі қалаған кәсіпкерге беріп, онымен МЖӘ келісіміне отыра алатынын айтты.  "Жергілікті атқарушы органдар: біріншіден, көрсетілген нысандарды мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысанында өткізе алады. Екіншіден, қажет болған жағдайда осы қаулыға 2-қосымшада көрсетілген заңды тұлғаларды сауда-саттық өткізбестен тарата алады", – делінген "Жекешелендірудің 2021–2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" Үкіметтің жаңа қаулысы жобасында.

Аталмыш қаулы  2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл қаулығы  сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі жыл сайын екі рет – жартыжылдық және бір жыл қорытындысы бойынша 10 шілдеде және 10 қаңтарда мемлекеттің қандай активі қаншаға сатылғаны, қай кәсіпорын инвесторлардың қызығушылығын тудырмай, жойылғаны, қайсыларының МЖӘ жобасына айналғаны туралы толыққанды есеп ұсынып отырады.

Бұл жолы жекешелендіруге жататын тізімде  "Ішкі істер органдарының Медиа орталығы" ЖШС-ін, Денсаулық сақтау министрлігі өзіне бағынышты оқу орындарын – "Астана медицина университетін", "Семей медицина университетін", "Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін" және "Қарағанды медицина университетін" жекешелендірілмек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" акционерлік қоғамын саудаға шығарады деп ұсынылған. Білім министрлігі ректорларын өзі тағайындап келген көптеген ғылым ордасын бизнес ортаға тапсыратынын айтып отыр.

Жалпы алғанда, 2021–2025 жылдары 137 республикалық меншік жекешелендіру тізіміне ілініп отыр. Болашақта тізбесі кеңеюі ықтимал. Ірі ұлттық компаниялар бұл қатарға кірмеген, олар ірі инвесторлармен әріптестікте не ІРО-ға шығу жолымен жекешелендірілмек. 503 нысаннан жарты триллион түсті Қаржы министрлігінің мәліметінше, жекешелендірудің ІІ толқынын толық аяқтау үшін жыл соңына дейін мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор меншігіндегі 62 нысанды өткізу ғана қалды. Оның 31-і саудаға шығарылды. Сарапшылар бағдарлама  жүзеге асырылған 4 жыл ішінде 503 нысан сатылғанын,  мемлекеттің экономикадағы үлесі 16,2%-ға дейін төмендегенін айтып отыр. 503 нысанды өткізуден мемлекетке 534,1 миллиард теңге табыс түскенін  Қаржы министрлігі хабарлады. Екінші толқын аясында егер кәсіпорын және нысан 3 рет саудаға қойылып, сатып алушылар тарапынан сұранысқа ие болмаса, ол не қайта құрылымданды немесе жойылды.  "Үкімет жекешелендіруге ұсынылатын ұйымдар тізімін кеңейту бағытында жұмысты жалғастырып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы басқа да ұйымдарды саудаға қоюды ұсынды. Сондай-ақ 23 компания өзара біріктіріліп, 7 компанияға айналады. Олар "ҚазАгро", "Бәйтерек" және "Самұрық-Қазына" ұлттық холдингтерінің құрамынан шығарылады. Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" қорының 6 компаниясын бәсекелестік ортаға тапсыру көзделуде. Бұған қоса, ұлттық әл-ауқат қорының 6 ұйымындағы жекелеген қызмет түрлері қысқартылады", – деді қаржы ведомствосы. Алайда халықта үміттен гөрі кү­дік басым. Әсіресе, әлеуметтік ма­­ңызы бар мекемелерді жекеменшік­ке беру олардан біржола қол үзгенмен тең деген ойда тұрғындар. "Енді сол нау­қанды қайта жүргізуге не себеп бол­ды?" деген сауалға Үкіметтің айтар уәжі дайын: "Жекеменшікті бәсекеге тарту үшін жекенің қолына өтті". Жеке қо­жайын – жақсы басқарушы, яғни ол жаңа тәжірибе енгізіп, мемлекет іске асыра алмайтын және қоғамға бейім­делуі қиын тың бастамаларды қолға алды. 

Жалпы, сарапшылар әлемдік тәжі­рибеге сүйене отырып, көбінесе, ны­сандар мен ұйымдарды басқаруда же­ке сектор мемлекетке қарағанда, әлде-қайда табысты нәтижелерге қол жеткі­зетінін алға тартады. Қазақшалап айт­қанда, мұны "өзім дегенде өгіз қара кү­шім бар" деуге болады. Шындығын­да, мемлекеттің ісіне немқұрайды қа­рағандардың өзінің шаруасына кел­генде жанын салатынына мысал аз емес. Ендеше, жекеге меншікті үлестірудегі мақсат – осы. Оның үстіне, са­рап­шылар жеке бизнестің жаңа жағ­дайға тезірек бейімделіп, жаңа тех­но­логияларды да уақтылы енгізуге қа­білетті болатынын алға тартады. Эко­номист Тоқтар Есіркепов жекеше­лен­діруді заңдастыратын келісімдердің жұртқа ашық жариялаудың кезі кел­генін айтады. Себебі сатып алушы та­раптың жауапкершілігі келісімдерде көрсетіле ме, жоқ па, ол жағы құпия. Қазір бізге басталған жекешелендіру нәтижесінде жоспарланғаннан көп қаржы алынды деп жатыр. Ал қанша қаржы алу жоспарланған еді? Саты­ла­тын нысандарды кім бағалады? Егер баланстық құнымен жекешелендірсе, онда баланс-активтер құны: жер, ғима­раттар, құрал-жабдықтар. Кәсіпорынды сату үшін алдымен оны қарызға ба­тырып, құнын түсіреді, ал реті келсе, банкрот етеді. Өйткені егер кәсіпорын рентабельді болса, оның кірісін, табыс­тылығын есептеу қажет. Әлеуетті сатып алушылар оған мүдделі емес. Ақшалай жекешелендіру – белгілі жеңілдікпен өткізілетін жаппай сатылым. Мамандар қазіргі жекешелендіру мүлдем бөлек сипатта екенін аңғарып қалды. Бұл жолғы толқынның алдыңғыларына қа­рағанда әлеуметтік сипаты басымдау. Себебі жоғарыда айтып өткендей, "Қа­зақфильм", спорт кешендерінен бас­тап халықты жылумен қамтамасыз етіп отыратын мекемелер жекенің қолына өткелі отыр. Мемлекет бизнеске "активтерді сатып алыңдар және ең­бекақы, медицина, білім беру, зей­нетақы және салық мәселелерін ше­шіңдер" деп олардың әлеумет ал­дындағы жауапкершілігін тағы да еске са­лып отыр. 

Экономист Мағбат Спановтың пі­кірінше, мемлекет сатылатын нысан­дарды үшке бөліп қарастыруда. Проб­лемалы активтер, әлеуметтік маңызды нысандар және нағыз майқұйрық. "Не­гізі, жекешелендіру дүниежүзілік тә­жірибеде үйреншікті жүйеге айналған. Мемлекет нысанды тұрғызады, шы­ғын­ды өз мойнына алады да, кейіннен бә­секеге мықты кәсіпкердің қолына бе­реді. Бірақ елімізде бұл жағдай бұрын да болған. Атап айтқанда, мемлекет тиын­ға сатқан дүниесін кейіннен қым­батқа сатып алуға мәжбүр болды. Мұн­дай жағдай әуежайлар мен энер­гетика саласында орын алды. Сондықтан ал­дын ала ойластырып, жеті рет өлшеген абзал. Ең дұрысы, әлеуметтік-стра­те­гиялық нысандарды жеке меншікке сатқан кезде біраз жайттарды қайта қараған дұрыс. Қазір ұлттық капита­листерді қалыптастыруымызға мүм­кіндік туып тұр. Бизнес-элита мұны сәтті пайдаланады деп ойлаймын. Бизнестің әлеу­мет алдындағы жауапкершілігін сезі­нетін кез келді" дейді экономист.