Технология • 13 Шілде, 2020

NASA Марска қамданды

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғарыш саласы өнеркәсіптің басқа түрлеріндей COVID-19-дың тәуекелдерінен 100%-ды сақтандарылмаған. Вирустың таралуын тежеу үшін әлем бойынша карантин күшейтіліп, ауқымды жобалардың жұмысы тоқтатылды. Алайда қауіпті індет SpaceX компаниясына жоспарды орындауға кедергі болған жоқ. Оған таяудағы Crew Dragon ғарыш кемесінің Халықаралық ғарыш станциясына астронавттарды жеткізуі дәлел. Дегенмен бұл индустриядағы компанияларға өз стратегияларын жаңа сын-қатерге икемдеуге тура келді.

NASA Марска қамданды

Наурыз айында Калифорниядағы NASA-ның Эймс атындағы зерттеу орталығы қашықтан жұмыс істеу саясатына көшкен алғашқы ірі агенттікке айналды. Мұндай қадамға баруға  қызметкерлердің бірінен COVID-19-дың табылуы мәжбүрледі. Көп ұзамай NASA-ның басқа орталықтары да осындай жұмыс тәртібіне ауысты.

Кез-келген ағымдағы жұмыстар және зерттеу жобалары онлайн форматта жүзеге асырыла бастады. Бір орында атқарылуы тиіс, десе де асығыстықты талап етпейтін барлық жұмыс тоқтатылды. Тіпті ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан Джеймс Уэб телескобының құрылысы кейінге шегерілді.

"Өте маңызды" деп саналған жобалар тележұмыс (қашықтан жұмыс істеу) шектеулерінен босатылды. Оның ішінде ұтқыр қозғалысты қондырғылар зертханасындағы Mars 2020 жылжымалы аппаратын құрастыру (қазіргі Perseverance) және Кеннеди ғарыш орталығындағы SpaceX-тің Crew Dragon кемесінің іске қосылуы болды. Марс планетасына бағытталған миссияны жүзеге асыру үшін Жер мен қызыл ғаламшардың арақашықтығы анағұрлым жақын болғаны тиімді. Бұл қажетті отын мен қуат көлемін үнемдеуге септеседі. Мұндай сәтті уақыт екі жылда бір келетіндіктен "Марс-2020" миссиясы биылғы жаздың соңында басталуы керек-ті. Ал Dragon экипажына ХҒС-на (Халықаралық ғарыш станциясына) астронавттарды жеткізу жоспарын кейінге шегеру ғарыш айлағын экипажсыз қалдыру қаупін тудырар еді.

Қызметкерлер осыған дейін де медициналық әрі санитарлық қауіпсіздік талаптарын ұстанып келді. Енді адамдар арасындағы екі метр арақашықтық сақтығы әдеттегі дағдыға айналады. Алайда, ғарыш бұл – жоғары технологиялар индустриясы. Барлық жұмысты пәтерде орындап, құрастырылған аппаратты үй жағдайында сынақтан өткізу мүмкін емес. 

Саладағы жекелеген компаниялар локауттың (өңдірістік жұмысты уақытша тоқтату) кесірінен зертханалар мен қажетті жабдықтарды шығаруды доғарып, тұтастай өндірістік циклді және ұшыру сынақтарын тоқтатуға мәжбүр. Наурыздың соңында Bigelow Aerospace компаниясы барлық қызметкерлерін жұмыстан босатса, тағы бір алпауыт OneWeb каржылық қиындық салдарынан банкроттыққа өтініш берді.

Басқа компанияларға, әсіресе шағын агенттіктерге сәл кідіріс алып, экономиканың қайтадан жанғыруын тосудан басқа амал жоқ. Мәселен, зымыран қозғалтқыштарын шығарумен айналысатын Relativity Space пандемияны алға тартып, 3D форматында жолға қойылған зымыранды жинақтауды бәсеңдетті. Әйтсе де компания CNBC-ге қызметкерлерді қысқарту жоспарда жоқ екенін, сондай-ақ өндіріс әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Нарықтың өзге қатысушылары карантин ережелерін бұзып, көзделген мақсатты қайтсе де іске асырудың түрлі амалдарын қолданып келеді. SpaceX басты бәсекелесі OneWeb-тің банкротқа ұшырағанына қарамастан өзінің төмен орбиталды спутниктік жүйесіне 482 Starlink жерсерігін орбитаға жеткізді. Сол секілді Илон Масктің компаниясы ғарыш ұшақтарын сынқтан өткізуді жалғастырып жатыр. Ал Virgin Orbit бірнеше апта бұрын ғарышқа алғашқы аппаратты шығаруды қолға алды.

Саланың дағдарысқа белшесінен батуынан NASA мен қорғаныс министрлігі арасындағы үкіметтік келісімшарттар сақтаса керек. Осы уақытқа дейін олар бәсеңдеген емес. Сәуірдің соңында ғарыш агенттігі айға қонатын қондырғыларды әзірлейтін үш компанияны "Артемида" бағдарламасына іріктеп алды. Сонымен қоса мұздықтарды зерттеуге арналған VIPER аппаратын Жердің табиғи серігіне жеткізетін компания анықталуға жақын қалды. Бұдан басқа агенттік Northrop Grumman компаниясымен "айдың қақпасына" арналған тұрғын үйдің модулін әзірлеуге байланысты келісімшарт жасады.

Ғарыш индустриясы қалыпты өмірдің оралуын асыға күтуде. "Марс-2020" жобасы шілденің аяғында іске асырылады деп жоспарланып отыр. NASA және Northrop Grumman Джеймс Уэб телескобының құрылысын қалпына келтірмек ниетте. Бірақ оны ұшырудың уақыты әлі анықталған жоқ. Бұдан бөлек, адамдарды айға жеткізуге арналған жаңа ғарыш кешенінің алғашқы сатысын әзірлеу бойынша шектеулі жұмыстар жанданды.