Технология • 14 Шілде, 2020

Алыс ауылдарға интернет жетті

458 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының 18 елді мекеніне жоғары жылдамдықты интернет тарту жұмыстары аяқталды. Тартылған желі жақын күндері мемлекеттік мекемелерге орнатылмақ. «Қазақтелеком» компаниясының хабарлауынша, бүгінгі таңда облыс бойынша жоспарланған 52 мекеменің 45-і талшықты оптикалық байланыс желісіне қосылған. Маусым айының соңына дейін қалған мекемелерге де интернет тартылады.

Алыс ауылдарға интернет жетті

«Қазақтелеком» компаниясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл­дық жерлерге сапалы интернет жүргізу жұмысын 2018 жылы бастаған болатын. Қашық елді мекендерге тал­шық­ты-оптикалық байланыс желісін тарту биыл толық аяқ­талуға тиіс. 2021 жылы жүргізілген желілер бойынша қызмет көрсету кезеңі бас­талады.

«Қазақтелеком» АҚ Батыс аймақтық теле­ком­му­никациялық дирек­ция­сы­ның бас директоры Абай Қадырәлиевтің айтуынша, жалпы жоба басталғалы бері Батыс Қазақстан облысында барлығы 81 ауылға желі тартылып, 287 мемлекеттік мекемеге сапалы интернет қосылған.

– Жоба басталған 2018 жылы облыстағы 3 ауылға интернет тартылды. 2019 жылы 60 елді мекенді қамтыдық. Биыл Базаршолан, Базартөбе, Есенсай, Қарауылтөбе секілді барлығы 18 елді мекенге жоғары жылдамдықты интернет тартылып болды. Әрине, жұмыс толықтай бітті деуге ертерек. Дегенмен траншеялар қазып, құбырлар жүргізіп, соның ішімен кабель тарту жұмыстарын толық бітірдік. Енді осы тартылған желіні әкімдік, емхана, мектептерге кіргіземіз. Бар-жоғы жеті-ақ мекеме қалды. Соларға тартылған соң, Батыс Қазақстан облысы бойынша жоспар түгел орындалды дей аламыз,– деп өтті А.Қадырәлиев. Облыста үш жылда барлығы 2255 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі төселіпті.

Маусымның басында Қос­танай облысының орта­лы­ғынан 560 шақырым шал­ғайда жатқан Жангелді ауда­нын­дағы 7 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісіне толықтай қосылды. Соның нәтижесінде ауылдық мектептер, ауруханалар мен әкім­діктер қашықтан оқыту, телемедицинаны қолдану және азаматтарға жедел қыз­мет көрсетудің жаңа мүмкін­дік­терін алады.

Компанияның Солтүстік аймақтық телекоммуникация дирекциясының бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиевтің айтуынша, Жанкелді ауда­нын­дағы Қаламқарасу, Су­жарған, Ақшығанақ, Көк­а­лат, Аралбай, Торғай, Тауыш елді мекендеріне дейін 240 шақырымнан асатын опти­калық желі салынды.

– Мобильді байланыс опе­раторларымен бірлескен жоба аясында халқы 250-ден асатын ауылдарды ұялы байланыспен қамтамасыз ету жел­ісін құру үшін Ақкөл, Ақшығанақ, Көкалат, Арал­бай, Тауыш, Саға, Шилі және Ахмет Байтұрсынов ауылдарында базалық стансалар салу жоспарланып отыр, – дейді Е.Дүйсемәлиев.

Аймақтарға тартылған ТОБЖ өзге де ұялы байланыс операторларына осы желінің негі­зінде өз стансаларын ор­наластыруға мүмкіндік бере­ді. Бұл радиосигнал арқы­лы талшықты оптикалық байланыс желісі жетпеген ауыл­дарға интернет тартуға жол ашады.

Биыл бүкіл Қазақстан бойынша, ТОБЖ тарту жұ­мыстары аяқталып, бар­лы­ғы 14 514 шақырым желі 828 ауылды қамтуға тиіс. 2496 мемлекеттік мекеме тал­шықты-оптикалық байла­ныс желісіне қосылады. Нә­ти­же­сін­де халықтың 99,3 пайызы кең жолақты ин­тер­нетке қол жеткізеді. «Қазақ­те­лекомның» хабарлауынша, төтенше жағдай енгізіліп, карантин тәртібі күшейтілген кезде де жұмыс толастаған жоқ.