Үкімет • 14 Шілде, 2020

С.Омаров: "Экспорттық гидтердің" үлгілік жүйесін енгізу жоспарлануда

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды. Еліміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі қазіргі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Бұл туралы primeminister.kz-ке сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

С.Омаров: "Экспорттық гидтердің" үлгілік жүйесін енгізу жоспарлануда

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін болдырмау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты молықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Импорт алмастыруды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде жоспар әзірленді.

Сақтау инфрақұрылымы бойынша қазір республикада 27 млн тонна сақтау сыйымдылығы, оның ішінде 189 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны бар.

Алайда, министрдің айтуынша, шағын және орта фермерлерге арналған 10 мың тоннаға дейінгі кішігірім астық қоймаларының мәселесін шешу керек. Мұндай тәжірибе АҚШ пен Канадада бар, Қазақстан да бұл бағытта мемлекеттік қолдау шараларын енгізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар маусымаралық кезеңде қазіргі заманғы көкөніс сақтау орындары мен жеміс сақтау орындары жетіспейді. Бұл үшін заманауи сақтау орындарын салуға жеңілдетілген несие беру және инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылуда.

"Агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін іске асыруға қатысты сыртқы нарықтардың конъюнктурасы зерттеледі. Көлік шығындарын субсидиялаумен қатар, экспорттық өнімді сертификаттауға жұмсалған шығынға өтемақы енгізу,  сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өнімін ілгерілетудің жаңа тиімді маркетингтік құралдарын енгізу пысықталады. Импорттаушы елдердің нарықтарына егжей-тегжейлі шолу жасай отырып, "экспорттық гидтердің" үлгілік жүйесін енгізу жоспарланып отыр", деді С.Омаров.

Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде бірыңғай саясатты қалыптастыру үшін тиісті функциялар мен қажетті штат санын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында Тамақ және өңдеу өнеркәсібі комитетін құруды ұсынылады.

Сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың келесі кезеңге арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасында Шикізат және өңдеу салаларын дамыту жөнінде бірыңғай тәсілдеме қарастырылады.

Жер мәселелеріне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің талдамалық тобымен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың әлемдік тәжірибесіне талдау жасады. Кеңінен талқылауға шығарылатын бірқатар ұсыныс әзірленді.

"4 өңірде ғарыштық мониторинг бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Пилоттық жобаның жайылымдық алқаптар бойынша бірінші кезеңі аяқталды, жыртылған жерлер бойынша екінші кезең басталды, ол жыл соңына дейін аяқталады", деп мәлімдеді министр.

Жер қатынастары саласын цифрландыру жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасы әзірленді, ол жер учаскелерін электрондық форматта тікелей ұсынуды көздейді. Талқылау аяқталғаннан кейін Заң жобасы биылғы 15 қыркүйекке дейін Парламент Мәжілісіне енгізіледі.

Министрдің мәліметінше, жекелеген шектеулерді сақтау мүмкіндігі жағдайында егін жинауды қамтамасыз ету мақсатында биыл көктемде сынақтан өткен Жұмыс алгоритмі іске қосылады. Бұл Алгоритмге фермерлердің бөгетсіз жүріп-тұруы, жанар-жағар май мен қосалқы бөлшектерді жеткізуі, сондай-ақ электрондық түрдегі және қағаз форматтағы арнайы рұқсаттары кіреді.

"Егін жинау науқанына қажетті техниканы дайындау жұмысы басталды, жаппай жұмыстарды бастауға дайындық 100%-ды құрайды. Элеваторлар мен астық қоймаларының материалдық-техникалық базасын дайындау жұмыстары жүргізілуде", деп түйіндеді С.Омаров.