Аймақтар • 15 Шілде, 2020

Жазылып шыққандар көбейе бастады

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыста эпидемиялық ахуалға талдау жасады. Өңір басшысы соңғы уақытта тұрғындар арасында өкпе қабынуының жиі таралуы алаңдатып отырғанын айтты. Осыған орай аз уақыттың ішінде шешімін тапқан шараларға тоқталды.

Жазылып шыққандар көбейе бастады

– Қазір науқастарды қабылдау үшін 3300 орын бар. Соңғы аптада 924 орындық провизорлық госпиталь жасақталды. Өңірдегі провизорлық орындар 70 па­йыз­ға ғана толық. Артық қорда 715 керует тұр. Сонымен бірге емханалар жанынан 725 орын­дық күндізгі стационар жұ­мыс істейді. Бәрі қажетті меди­ци­на­лық қондырғылармен қамтылған. Маусым айында мыңға жуық адам дертінен құлан-таза емделіп шыққ­аны көңілге әжептәуір медеу, – деді өңір басшысы.

О.Оразалин дәріхана желісінің айналымын толықтыру үшін шетелден дәрінің 16 түрі қосымша сатып алынғанын алға тартты. Брифинг кезінде дәріханалар қажетті препараттармен күн сайын толығып отырғаны, әйтсе де сұраныстың тым көптігінен тез азайып кететіні, соның салдарынан қажетті препараттар дер кезінде табылмай қалатыны да ашық айтылды. Мұндай жағдайда түбегейлі шешім қабылдау қажеттігі анық. Инвесторлармен өзара келісімге сәйкес бөлінген 500 млн теңге қаражат арқылы өкпе қабынуына қажетті дәрі-дәрмек қоры одан әрі толықтырылмақ.

Қазіргі жағдайда вирустық дертке қарсы дәрі шығару мүмкін емес. Әйтсе де Ақтөбе қала­сын­дағы «ТК Фарм» фарма­цев­ти­ка­лық компаниясы гепарин деген вирусқа қарсы препарат шығару ісін қолға алғаны отандық дәрі өнеркәсібінің жаңа қадамы болары анық. Аталған препарат таяу күнде аурухуналарға түседі. Сонымен бірге науқастарды тыныс алу аппаратымен қамту жөнінде де атқарылған іс аз емес.

О.Оразалин облыста індетпен күресте инфекционист дәрігерлер ғана емес, барлық жоғары білімді денсаулық сақшылары және ме­ди­­цина университетінің түлек­те­рі жұмылдырылғанын жеткізді. Бұған қосымша 3 мыңға жуық орта буын медицина мамандары тартылған. Осы арқылы маман тапшылығын жоюға қол жеткізілді. Сондай-ақ вирус жұқтырған 1 медбике, түрлі салада қызмет ететін 4 медициналық қызметкер қайтыс болған.

Облыс әкімі О.Оразалин жоғарыда өзі айтып өткендей, шұғыл атқарылған кешенді іс-қимылдың нәти­жесінде соңғы аптада науқас­тар саны бәсең­де­генін атап өтті. Айталық, мау­сым айы­ның соңғы апталарын­да ауру­ханаларға күн сайын 120-130 адам түскен болса, бүгінде олардың саны 70-80 адамға де­йін азайды. Дерттен айығып, үй­ле­ріне оралған ақтөбеліктердің саны өсе түсті. Мәселен, тек соң­ғы тәуліктің ішінде 81 адам өкпе қабынуы дертімен ауру­ха­наға түссе, осы диагноз бо­йын­ша 161 адам жазылып шық­қа­нын эпидемиялық ахуал ауқы­мындағы оң құбылыс деп баға­ла­ған жөн.

Брифингті қорытындылай келе, аймақ басшысы облыс соң­ғы кезде өңір­дегі эпи­де­мия­лық ахуалды сауық­ты­ру­да оң құ­былыс бай­қал­ға­нымен бұл жайт босаңсуға негіз болмауы ке­рек­ті­гін жеткізді.

 

АҚТӨБЕ