Білім • 15 Шілде, 2020

​Оқу жылына дайындық тиянақталып қалды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының бастығы Гүлмира Райымбекова журналистерге брифинг беріп, биылғы оқу жылының ерекшеліктері туралы айтты.

​Оқу жылына дайындық тиянақталып қалды

​"Жаңа оқу жылының басталуы бойынша дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Кеше ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осыған байланысты шешім шығарып, халыққа жариялаған болатын. Енді сол шешімге тоқтала кетейін. Қазіргі таңдағы ең басты проблема - оқушылар мен педагогтардың денсаулықтарының қауіпсіздігі. Қазіргі уақытта ахуал қиын, денсаулық саласының мәліметтері бойынша жылда күзде болатын ОРВИ, тұмау аурулары көбейеді. Сондықтан қабылданған шешім: 1 қыркүйектен бастап, барлық мектептер қашықтықтан оқу форматымен оқитын болады".

Бұған оқушылардан бұрын ата-аналардың алаңдайтыны сөзсіз. Сондықтан шенеунік биылғы қашықтан оқытудың ерекшеліктеріне тоқталды. Оның айтуына қарағанда бірінші қыркүйектен басталатын алғашқы тоқсан толықтай алыстан оқыту форматында жүргізіледі. Бұл барлық мектептердің 1-ден 11 сыныбына дейін қатысты.

Одан әрі Г.Райымбекова қазір апталық мониторингтер жүргізілуде екенін айтты. Осы арқылы біз қауіптің деңгейін анықтайтын боламыз.

Былтырғы жылдың төртінші тоқсанындағы тәжірибеге қарағанда ауылды жерлерде орналасқан толық емес мектептерде оқу процесін дәстүрлі түрде жүргізуге болады. Қазір облыста ондай мектептердің саны 287, олар 14 мың баланы қамтыған. Осындағы оқушылар санитарлық қауіпсіздіктің төрт сатылы шараларымен қорғалады. Алдымен аяқтарын дезинфекцияланған кілемшеге сүртеді, екіншіден ыстықтары тексеріледі, сондай-ақ массалық режім мен санитайзерлер қолданылады.

Қалалық және ірі елдімекендерде алыстан оқытудың ерекшеліктерін айтқанда шешен былтыр кейбір отбасылардың компьютерлермен қамтылмағанын ауызға алды. Мұндай жағдайда кейбір оқушылар ІТ біліктілік танытып, ақпараттарды өздері тауып отырды. Осы мәселені ескеріп, біз жаңадан 580 компьютер сатып алдық. Оқу жылы басталғанша үнемделген қаражат есебінен тағы да 200 млн теңгеге 1 мыңдай компьютер сатып алмақшымыз.

Жаз маусымында педагогтар мен ата-аналардың ұсынысы ескеріліп, интернет-тұғырнаманы тиімдірек жұмыс істету үшін бағдаламалар жетілдірілді. Қазірдің өзінде жаңартылған бағдарлама 1-ші және 2-ші тоқсанға дайын. Сонымен бірге былтырғыдай телесабақтар ТВ-дан көрсетілу арқылы жалғасатын болады.

Сөзінің соңында Г.Райымбекова биылғы жылғы бірінші сыныпқа қабылдау өтініші 1 тамызға дейін қабылданатынын айтты. Сонымен бірге медициналық ақнықтама балалардан талап етілмейді екен.