Аймақтар • 18 Шілде, 2020

9 оттегі аппаратын алып берді

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Самар ауруханасына 3 және Көкпекті орталық ауруханасына 3 данадан берілді.

9 оттегі аппаратын алып берді

Әлемді әуреге салған індет еліміздің тұрғындарын біріктіріп, береке-бірлігін арттыра түскендей. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазір біздің облысымызда да жұқпалы дертпен арпалысқан ақ халатты абзал жандарға жәрдемдесіп, науқастарға аса қажетті құрылғыларды жеткізіп жатқан қайырымды жандар аз емес. Мәселен, бүгін Көкпекті ауданына 6 оттегі аппараты жеткізілді. Қауіпті індетпен күресте дәрігерлерге өте қажет көмекші құрал «Ақ Ниет» қоғамдық қорына жергілікті кәсіпкерлер жинаған қаражат есебінен сатып алынды. «Armed» оттегі концентраторлары Самар ауруханасына 3 және Көкпекті орталық ауруханасына 3 данадан берілді. Бұған дейін жас кәсіпкерлер Арайлым Мәндиева және Тимур Қасенбаев Көкпекті орталық ауруханасына 3 оттегі аппараттын алып берген-ді.

«Індетпен күресте аса маңызды құрылғыны қабылдап алған Көкпекті орталық ауруханасының бас дәрігері Әсем Рахымбаева көмек қолын созған кәсіпкерлерге барлық дәрігерлер атынан алғыс айтты. «Ақ Ниет» қоғамдық қорына құйылған көмек қаражаты есебінен оттегі аппараттарынан бөлек Көкпекті орталық ауруханасына 25 провизорлық және 10 карантиндік төсек орын дайындауға қажетті сантехника құралдары сатып алынған. Сондай-ақ, Көкпекті орталық ауруханасына 3 және Самар ауруханасына 5 бобров құрылғысы берілді.

Жұрт болып жұмылып, дәрігерлерге дем беріп, ауруханаларға көмектесіп жатқан ағайын көп. Ел басына қиыншылық келген кезде Көкпекті және Самар ауылдары тұрғындары қарап жатпай ауруханада науқастардың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлерге, науқастарға дерттеріне шипа болсын деген ниетпен ет, қымыз, құрт, тағы басқа да азық түрлерін апарып жатыр. Әлемді әлекке салған індетпен күресте көкпектілік кәсіпкерлер, елжанды азаматтар аудан басшысы Асхат Сайдахметұлының үндеуіне үн қосып жатқаны қуантады. Осы ретте аудан тумалары мен жеке кәсіпкерлерге ерекше алғыс айтамыз» дейді аудандық мәслихат депутаты Дархан Бердібек.

Шығыс Қазақстан облысы,

Көкпекті ауданы