Ауадай қажет антибиотиктердің аймаққа жеткізілгеніне 2-3 күн болды. Әлеуметтік маңызы зор препараттардың ішінде ішкі бұлшық етке дәрі салу үшін ерітінді дайындауға арналған 58 мың құты цефтриаксон, 36,5 мың цефазолин, 20 мың қаптама ацетилин, 3 мың қаптама тамифлу мен терафлю, сондай-ақ ем алып жатқан науқастардың қаны ұйып қалмау үшін қолданылатын 200 қаптама клексан дәрісі бар.
«Стофарм» серіктестігінің коммерциялық директоры Сергей Аткиннің айтуынша, шетелдік дәрілер бір тәуліктің ішінде облыстың барлық дәріханасына таратылып, саудаға шығарыла бастаған.
– Бүгінде тұрғындар үшін азитромицин дәрісі де қолжетімді екенін айта кету керек. Қорда барлығы 6 мың қаптама бар. Сондай-ақ вирусқа қарсы гроприносин деп аталатын дәрінің 3,5 мың қаптамасы таратылуда. Қазір дәрі-дәрмектерді аймақтағы 300-ге жуық дәріханаға барынша тезірек таратып беруге күш салудамыз. Әйтеуір халыққа дәрі тапшылығын сездірмеу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз, – деді С. Аткин.
Мұның сыртында, аймақтағы ірі дәріхана желілеріне қаржылай қолдау көрсетіле бастады. Өткенде ғана облыс әкімі Архимед Мұхамбетов көтерме сауда фирмалары мен ірі дәріхана жүйелерінің басшыларымен кездесті. Кездесу барысында дәріхана жүйелеріне қайтарымды қаржылай көмек беру туралы шешім қабылданған.
– Бұл мақсатқа бірден 300 млн теңге бөлініп, дәріханаларға облыс тұрғындарын аса зәру дәрілермен қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр. Оның қатарына қызу түсіретін, вирусқа қарсы қолданылатын препараттар, сондай-ақ қан қоюлануын тежейтін антибиотиктер жатады. Дәріхана иелері қарызға берілген қаржыны ешбір өсімақысыз жыл соңына дейін қайтарып бере алады, – деді Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетов.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, таяу күндері облысқа Ресейден шыққан дәрі-дәрмектің жаңа легі келіп жетуі тиіс. Әлеуметтік маңызы бар бұл дәрілердің бәрі тұрмысы төмен отбасыларға таратылып беріледі.
Қостанай облысы