Театр • 23 Шілде, 2020

Жетінші маусымның жетістігі

168 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театрының жетінші маусымы жарқын әрі есте қаларлық премьералар мен халықаралық жобаларға толы болды. Өкінішке қарай, маусымның нағыз қызған шағында коронавирус салдарынан көп жұмыс кейінге шегеріліп, сахналық қойылымдар мен концерттік бағдарламаларды онлайн-режімде көрсетуге тура келді. Бірқатар премьералар, атап айтқанда, Г.Доницеттидің «Дон Паскуале», «Махаббат сусыны» опералары, Т.Қажығалиевтің музыкасына жазылған «Дала үні» балетінің өтетін күндері алдағы сегізінші маусымға ауыстырылды.

Жетінші маусымның жетістігі

«Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы 7-ші маусымда 185 іс-шараны жүзеге асырды, оның ішінде балаларға арналған 20 жоба бар. Карантин кезінде 15 онлайн-көрсетілім, тікелей TENGRI TV-ден 41 спектакль көрсетілді. Қысқа маусымда театр туралы баспасөз беттерінде шамамен 3 мыңға тарта материал жарық көріпті.

Өткен маусымда ұжым Мә­де­ниет және спорт минис­трлі­гінің қолдауымен көрерменге 3 премьера – Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсын, Л.Делибтің «Коппелия» балетін және Л.Бет­ховен, И.С.Бах, В.А.Моцарт, Й.Гайдн, Д.Хаубрихтің музыка­сына қойылған «Бетховен – Мәң­гілік – Махаббат» балетін ұсынған болатын. Сарапшы-мамандардың пікірі бойынша, «Дон Карлос» операсы биылғы маусымның ең үздік шығармасы саналады. Бұл орайда қоюшы-дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев көп еңбек сіңірді десек, жетекші солистер, хор, миманс әртістерінің жоғары кәсіби шеберлігі мен орындаушылық өнері де көпшілік назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар «Коппелия» балеті туралы да жылы лебіздерін жет­кізіп, жетекші солистер бұл балетті нағыз француздық әзіл­де орындады деп бағалауда. Ба­лет­тің хореографы – Ролан Пети, қоюшы балетмейстері – Луиджи Бонино, қоюшы-ди­рижері – Арман Оразғалиев, балет труппасының көркемдік жетекшісі – Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Ал театр­танушылар музыка тарихындағы ұлы әрі қайталанбас композитор Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналған әлемдік премьераны сенсациялық оқиғаға балап отыр. Спектакльдің қою­шы-балетмейстері – танымал неміс хореографы Раймондо Ребек, «Ас­тана Опера» балет труп­пасы­ның көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова, қоюшы-дирижері – Абзал Мұхитдин, бас хормейстері – Ержан Дәуітов.

Өткен жылдың 20 қазанында ұжым «Санкт-Петербург Опера­ның» шақыртуы бойынша

IV ха­лық­аралық камералық опера фес­тивалі аясында өткен іс-шараға қатысып, «Санкт-Петер­бург Опера» Камералық театрында Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-фарсын ұсынды. Бұл ретте «Астана Опера» театрының гастроліне байланысты барлық шығындарды шақыртушы тарап толықтай өз мойнына алғанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ қазақстандық театр атақты әнші Дмитрий Хво­рос­товскийдің мәдени мұ­ра­сын сақтау мен қолдауға бағыт­талған бірінші фестивальге де қатысып қайтты. Д.Хво­ростовский атындағы Краснояр мем­лекеттік опера және балет театрында отандық өнер жұл­дыздары П.И.Чайковскийдің 180 жылдығына орай «Евгений Оне­гин» қойылымын, сондай-ақ Краснояр филармониясының Үлкен концерт залында көрермен қауым назарына қазақстандық композиторлардың туындыларынан құралған симфониялық бағдарламаны тарту етті. Л.Бет­ховеннің 250 жылдығына орай Оркестр мен фортепианоға ар­нал­ған №5 концерт, ми-бемоль мажор, ор. 73 орындады.

Биыл ақпан айында опера труппасының солистері қараған­дылықтарға атақты композитор Дж.Рос­синидің «Жібек саты» операсын ұсынып, әртіс­тер С.Сейфуллин атындағы Қара­ған­ды облыстық қазақ драма театры­ның сахнасында өнер көрсетті.

Жетінші маусымда «Астана Опера» сахнасында ресейлік үш театр ұжымы өнер көрсетті. 9-10 қараша күндері «Санкт-Пе­тербург Опера» мемлекеттік камералық театры Дж.Вердидің «Риголетто» және Ж.Бизенің «Інжу іздеуші­лер» операларын ұсынды. Петер­бург­тік шы­ғармашылық ұжым театр­дың көркемдік жетекшісі, Ре­сей­дің халық әртісі, Мем­лекет­тік сый­лығының лауреаты, «Дос­тық» орденінің иегері, елор­дадағы опера өнерінің не­гізін қа­лаушылардың бірі Ю.И.Алек­сандровпен бірге Нұр-Сұлтан қаласына ат басын тіреді. Еске сала кетсек, танымал режиссер К.Байсейітова атындағы театр труппасымен бірге жұмыс істеп, 13 опера спектаклін репертуарға қосқан болатын.

Д.А.Хворостовский атындағы Краснояр мемлекеттік опера және балет театрының гастро­лі аясында 29 қарашада А.Боро­дин­нің «Князь Игорь» операсы, 1 желтоқсанда атақты хореограф Ю.Григоровичтің қойы­лы­мын­дағы А.Глазуновтың «Рай­монда» балеті сахналанды.

Биыл Евгений Вахтангов атын­дағы Мемлекеттік акаде­мия­лық театр астанаға гастроль­дік сапармен келіп, алғаш рет «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетті. Ресейдің ең та­ны­­­мал драма театры елорда тұр­ғын­­дары мен қонақтарына

8 және 9 қаңтарда А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан көріністер, 10 және 11 қаңтарда А.П.Чеховтың «Дядя Ваня» спек­таклін ұсынды.

«Астана Опера» театрының әртістері бірқатар халықаралық жобаларға қатысып, жүлдегер атанды. Олардың қатарында Алан Бөрібаев (Финляндия, Қытай, Бельгия, Германия, Чехия), Бақ­тияр Адамжан (Италия, Корея, Ресей), Серік Нақыспеков (Украи­на), Әйгерім Бекетаева (Беларусь, Ресей), Тайыр Ғатауов, Гаухар Усина (Қырғызстан), Салтанат Ахме­това (Ресей), Айзада Қапо­нова (Қытай, Ресей), Айгүл Ния­зова, Амина Тайкенова ин дер Шмит­тен (Түркия), Жұпар Ғабдуллина (Ресей, Босния және Герцеговина), Талғат Мұсабаев (Ресей), Абзал Мұхитдин (Италия, Ресей), Бағдат Әбілханов (Ресей) және т.б. бар.

Опера сахнасының анасы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегенова 2019 жылғы 3 желтоқ­санда «Астана Опера» МОБТ сахнасында мерейтойын атап өтті. Әлемдік опера примадоннасы 90 жасымен құттықтаған ізгі тілектерді қабыл алды. Әнші құрметіне өткізілген іс-шараға қазақстандық опера әншілері, Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың лауреаттары мен ресми тұлғалар атсалысты.

Театр труппасы мереке күндері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қарттар мен мүгедектерге арнал­ған медициналық-әлеумет­тік мекеме» КММ, сонымен қатар Мамандандырылған бөбек­тер үйінде қайырымдылық концерт­терін өткізді. Бұған қоса, жаңа жыл қарсаңында «Астана Опера» театры қайырымдылық концерттер сериясын ұсынды. Әртістер театрға шақырылған «Әлеуметтік көмек көрсету орталығының» мүгедек балаларына мерекелік көңіл күй сыйлады. Камералық зал қызметкерлері өскелең ұрпақ­тың музыкалық талғамын қалып­тастыра отырып, жетінші маусымда аудиторияның жас ерек­шелігіне лайықтап қызықты кон­церттік бағдарламалар ұсы­нды.

Карантин кезінде ұжым TENGRI TV-ден онлайн-трансля­ция арқылы шамамен 40-тан аса спектакль көрсетті. Әртіс­тер Мәдениет және спорт минис­трлігімен бірге ұйымдастырылған «Каран­тиндегі жұлдыз» жобасына белсене атсалысты. Сон­дай-ақ жұрт­шылыққа театр әртіс­терінің қатысуымен 15 онлайн-жоба ұсынылды. Олардың қатарына Жеңіс күніне арналған «Тырналар» онлайн-жобасы, балет терминдері мен заманауи бидің ерекшеліктері туралы ой қозғаған Серік Нақыспековтің қа­тысуымен «Балет және оның қыр-сыры» жобасының екі шығарылымы енді, 7 мамыр күні Қазақстан және Ресей музы­канттарының қатысуымен композитордың 180 жылдығына арналған «Чай­ковский. Online» концерті берілді. Ондаған әртістер «Мереке би­ді» орындады, бұдан бөлек «Ас­тана Опе­раның» танымал солис­тері мен Италия, Мексика, Жа­пония, Қытай, Румыния, Гру­зияның опера жұлдыздары, сонымен бірге «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары «O sole mio» неаполи­тандық әнін орындады. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған онлайн-жоба ұжым қызметінің ең айшықты іс-шарасына айналды. Балалар студиясының жас әртістері Ж.Бизенің «Кармен» және Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операларынан он­­лайн-көріністер орындады. «Астана Опера» симфониялық оркестрінің әртістері Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, маэстро Абзал Мұхит­­дин­нің жетекшілігімен Ж.Би­зенің «Кармен» операсынан увер­тю­раны да онлайн-режімде ұсынды. «Астана Операның» же­текші солисі, опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы дүние жүзі дәрігерлеріне арнап Вангелистің «Бүкіләлемдік дұғасын» орындады. Сонымен қатар ұжым театрдың YouTube арнасында қол­­же­тімді басқа да тартымды жоба­ларды жүзеге асырды.

Театр басшылығы еліміз каран­тинді жеңіп, қалыпты жұ­мыс кестесі қайта қалпына келіп жатса, қыркүйек айының соңы­нан кешіктірмей театрда жаңа маусымды ашу жоспарланып отырғанын айтты. Сегізінші мау­сымда бұйыртса, көрерменге қызықты премьералар, мазмұнды концерттер тарту етілмек, сондай-ақ өнерсүйер қауымды сүйікті әртістерімен кездесулер, қолтаңба сессиялары мен т.б. шуақты сәт­тер күтіп тұр.