Туризм • 24 Шілде, 2020

Сервис пен сапа саланы түлете түседі

485 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздегі туризм саласы туралы әңгіме қозғала қалса Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар – Шымкентке бір соқпай өтпейміз. Ерте замандарда Азия мен Еуропаны жалғаған керуен-керуен көштерде аттың тізгінін тартып, терін құрғататын құт мекен осы шырайлы Шымқала болған деседі көнекөз тарих парақтары.

Сервис пен сапа саланы түлете түседі

Бүгінде сол тарихи сүрлеумен ескі шаһардың іргесінен Азия–Еуропаны жалғайтын екінші ұлы құрлықтық көпір – Батыс Еуропа–Батыс Қытай көлік дәлізі өтіп жатыр.

Анығында, әлемдік экономиканың күре тамыры туризм саласына ауысқан еді. Тоқымдай жерден қазынасын қам­пайтып отырған елдер мен қалалар қан­шама? Ендеше, біздің тарихи қала­ларымызға турист тартатын кез келді.

Бұл бағытта елдің түстік қақпа­сындағы Шымкентте бірқатар ауқымды жоба қолға алына бастаған-тұғын. Алай­да әлемді жайлаған пандемия қауашағы ашылып келе жатқан кәсіптің тозаңын қағып кеткендей болды. Әйт­песе, осы жылы «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» мерекелік шарасы аясында әлем туристері бізге ағылар еді. Инвесторлар қалада жоқ, өзінде барын ортаға салар еді.

Әзірге тек қаланың туризм саласы бойынша әңгімені өткен шақпен айтуға мәжібүрміз. Құтпан жылы Шымкент қаласының туризмін дамытуда бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жыл сайын Шым­кент қаласына келетін туристер саны өсуде. Мысалы 2018 жылы туристер саны 178 000 адамды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда өсім 30 пайыз, ал 2019 жылдың 9 айында көрсеткіш 185 370 адамды құрады, өсу қарқыны 47,4 пайызға жетті. Тарқатып айтар болсақ, ішкі туризм бойынша туристер саны 159 348 адамды құраса, шетелден келген туристер саны 26 022 адамға жеткен. Дегенмен бұл ауыз толтырып айтар­лық жетістік емес. Себебі көршілес Өзбекстан қалаларындағы көрсеткіш бізден оқ бойы озып кеткендігін, көзбен көріп жүрміз. Мәселен, Шымқалаға тоғыз айда келген туристердің көрсеткішін Бұхара мен Самарқан бар-жоғы бір айдың ішінде орындап жатады.

«Ала тақиялы ағайыннан қай жері­міз кем?», деген сұрақ жиі туады. Кей­де оның жауабын таппай жатамыз. Негі­зінде, сервистік қызмет көрсету саласы олар­дың топырақ қалаларының өзін алтынмен аптағандай көрсетіп отыр.

1

Туризм түлеу үшін әуелі не қажет? Әрине туристік инфрақұрылым дұрыс болуы керек. Әрі, тілдік кедергіге ұшы­рамауы керек-ақ. Сонда ғана шетел асып келген саяхатшы діттеген жеріне қиналмай жетіп, сол туралы ақпаратқа толыққанды ие бола алады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ел­ба­­сының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламасына сәйкес, елімізде турис­тік, тарихи орындардың тізімі жасалған болатын. Сол тізімге Шымкенттен 20 шақ­ты туристік көрікті орындар енген еді. Бұлардың дені шаһар іргесінде болған­дықтан инфрақұрылымнан мәселе жоқ. Ал аталған орынға 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) ақпарат беретін QR-тақ­тайшалар орнатылып, IZI travel халық­аралық туристік платформасында орналасқан 3 тілде 22 нысанның аудиогидтері әзірленіп жүктеліпті.

Қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында да шаһарда бірқатар жобалар қолға алына бастаған. 2 GIS элек­­­тронды навигациялық жүйесіне ен­гі­­зілетін «Сайрамның сакралды объек­­­тілері», «Жастарға арналған», «Фото­­аймақтар», «Red Bus» шолу экскур­сия­сы», «Шымкент бір күн ішінде», «Шым­­кенттің жарты тарихы» және «DendroPark» секілді бірқатар жаңа дербес маршруттары әзірленген.

Бұдан бөлек, «Өз өлкеңді таны» бағдарламасы шеңберінде 2019 жылғы 28 мамыр мен 8 маусым аралығында балаларға гид шеберлігін оқыту сабақ­тары мен танымдық экскурсиялар, 22 маусым және 14 қыркүйек күндері мем­­лекеттік қызметшілерге Шымкент қаласы мен оңтүстік өңірінің сакралды аймақ­тарына ақпараттық-танымдық экскурсия­сы ұйымдастырылды.

Еткен еңбекті жарнамалау да бір өнер. Ал туристік өнімді жарнамалаудың жө­ні бөлек, жосығы ерек. Туризмнің ма­ңызды бағыттарының бірі – оқиғалы ту­ризмді дамыту болып табылады.

«2019 жылдың 27 сәуірінде «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында алғаш рет «Қызғалдақ жолы» мерекелік фести­валі өтті. Аталған шараға 10 000-нан астам қала тұрғындары мен қонақтары қа­тысты. Шара 30 республикалық және жергілікті БАҚ-та жарыққа шықты. Соны­мен қатар мамыр айының 15-нен 31-і аралығында National Geographic Kazakh­stan компания­сы Шымкент қала­сында халықаралық экспедиция өткізді», дейді қалалық туризм басқармасының басшысы Олжас Шынтаев.

Экспедиция нәтижесі бойынша қала күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында 1 ай көлемінде «Шырайлы Шымкент» фото­көрмесін ұйымдастырып, «National Geographic Russia», «National Geographic Kazаkhstan» журналдары мен ресми сайт­тарында қала туралы мақалалары жарияланды. Аталған фотокөрмені 22 күн­де 500 мыңнан астам адам тамашалады.

Ағымдағы жылдың 22 мамырында Батыс Қазақстан өңірінің туроператорлары үшін ақпараттық тур өткізіліп, Шымкент қаласының туристік бизнес өкілдерінің қатысуымен В2В кездесу ұйымдастырылды.

Қалаға келетін өзге де қонақтарға, оның ішінде БАҚ өкілдері, блогерлер, туроператорларға өңірдің көрікті жер­лерін таныстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Маусым айында Румыния, Польша мемлекеттерінен танымал телеарналар келсе, тамызда Еуропа және Азияның 14 мемлекетінен 20 БАҚ өкілі және 7 елдің блогерлері танымдық турға қатысты.

Қала тұрғындары мен қонақтарын өңірдің туристік нысандарымен таныс­тыру мақсатында әлеуметтік желілерде Visit_shymkent_kz ресми туристік па­рақ­шасы іске қосылды. Аталған па­рақ­­ша қаламыздың туристік көрікті жер­­лері, тарихи орындары мен қалада өткізілетін мерекелік іс-шаралар жөнінде тұрақты түрде хабардар етіп отырады. Туристерге ақпараттық қолжетімділікті арттыру үшін бірқатар жарнамалық ақпараттық материалдар шығарылуда. Атап айтқанда, «Шымкент 24 сағатта», «Шымкент. Тарих ізімен», «Балаларға арналған Шымкент» тақырыбында 60 мың бүктеме, 77 мыңнан астам туристік карталар, «Шымкенттегі үлкен экскурсия» атты 350 кітапша шығарылды.

Бұның барлығы өткен жылдың ен­шісіндегі шаруалар. Дегенмен індеттің беті қайтып, құрсауы босап жатса, ел­дегі ішкі туризм саласына көңіл бө­лу басты назарда. Оның ішінде Шым­кент­тің үлесі көп деп айтуға толық не­гіз бар. Алдағы уақытта Ескі қала­шық пайдалануға беріліп, этно­ауыл кәсіп­керлікке пайдалануға берілмек. Бұл біріншіден, өңір тұрғындарының кәсіптенуіне, екіншіден, қалаға туристер тартуға таптырмас сәт болғалы тұр.

Қалада туризм саласын дамыту үшін қолға алынған жақсы бастаманың бірі – туристік ақпараттық дүңгіршек қызметі деп айтуға болады. Қазіргі таң­да Шымкентте 6 туристік ақпараттық дүңгіршек жұмыс істейді.

Туристік дүңгіршек қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына мега­полистің туристік әлеуеті туралы кә­сіби кеңес бере отырып, қаланың кө­рік­ті жерлері, мәдени оқиғалары мен мейрамханалары, жол карталары мен бүктемелері, туристік маршруттары, мәдени-бұқаралық іс-шаралардың анонс­­тары туралы толық ақпаратты бір те­резе принципі бойынша ұсына алады.

Мұндай ақпараттық дүңгіршектер еліміздің бірнеше қалаларында бар. Атап айтқанда Алматы, Нұр-Сұлтан, Та­­раз, Түркістан қалаларында жолға қойылған. Мақсаты – аймақ бойынша туризмді дамытып, шетелден келген қо­нақтарға өңіріміздің көрікті жер­лерін таныстыру, оларға сапалы қызмет көрсету, қалаға қалай жету немесе ке­лесі нысанға қалай баруға болатыны түсін­діріледі. Айта кететін жайт, орта­лықтағы барлық ақпараттық қызмет түрлері тегін көрсетіледі.

Қазіргі таңда дүңгіршектер тарапынан тұрғындар мен қонақтарға алдын ала жазылу бойынша (10 адамнан артық емес) тегін экскурсиялық қызмет (18.00 мен 20.00 аралығында) көрсетілетін болады. Бізде қазіргі таңда туристік маршруттар толығымен дайындалды. Болашақта әртүрлі туристік бағыттағы маршруттар әзірленіп, жетілдіру бо­йынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі.

Алдағы уақытта осы дүңгіршектерден кез келген адам қала аумағындағы бар­лық қонақүйлер мен мейрамханалар, қолжетімді емдеу орталықтары, ондағы бағалар мен қызмет түрлері жайында толық мәлімет ала алады.

Елордада өткен ЭКСПО халықаралық іс-шарасында шетелден келген турис­тің қалтасын қағып кеткен көлік жүргізу­шісінің әрекетінен кейін елімізде турис­тік полиция қызметін жандандыру қа­жеттілігі туындағандай. Осы бағытта Шымкентте арнайы бөлімше – туристік полиция жұмыс істей бастады. Жаңа бөлімшенің жеке құрамында 25 адам қызмет етуде.

Туристік полиция қызметкерлері таң­ғы сағат 9:00-ден 1:00-ге дейін Ар­бат, Орталық саябақ, Наурыз алаңы, Қош­қар ата өзенінің жағалауы сияқты қала­мыздағы төрт ірі нысанында қызмет атқарады.

Бөлімшедегі полиция қызметкер­лерінің міндеті қала туристері мен қо­нақ­тарына құқықтық көмек көрсетуге бағыт­талған. Егер турист өз құжаттарын жоғалтса немесе қандай да бір оқиғаға тап болса, полиция қызметкерлері қонақ­тарға көмек көрсетпек.

 

ШЫМКЕНТ