Одан бөлек қатысушылар сайлау бюллетеньдерін дайындау және сайлауда шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінің кейбір мәселелерін талқылады. Кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары баяндады.
23 шілде сағат 18.00-дегі жағдай бойынша облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының 17 мандатына ұсынылған 94 адамның ішінен 58 кандидатты тіркеді. Орташа есеппен бір орынға 3 үміткерден келеді. Өңірлер арасында ең көп кандидат Нұр-Сұлтанда және Ақмола облысында 5 адамнан тіркелген. Кандидаттардың 48-і (82,8%) ер, ал 10-ы (17,2%) әйел.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев әйелдердің белсенді екенін атап өтті. Олардың пайыздық көрсеткіші – 17,2. Бұл өткен сайлау науқанымен салыстырғанда 2 есе жоғары. Мамандықтар бойынша 19 инженер, 13 экономист, 8 педагог, 7 аграрлық сала қызметкері, 5 дәрігер, 3 заңгер, 1 саясаттанушы және 2 басқа сала қызметкері тіркелген. 23 шілдеде сағат 18.00-ден бастап Сенат депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын бастап кетті, ол 11 тамыз күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады.
Ал ОСК хатшысы Сабила Мұстафина сайлау бюллетеньдерін әзірлеуге қатысты баяндама жасады. Комиссия қабылдаған «2020 жылы 12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы» қаулыға сәйкес облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалық комиссияларына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің сайлаушылар санына сәйкес бюллетеньдер дайындау тапсырылды.
Комиссия мүшесі Серік Сыдықов Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен бірлесіп сайлауды өткізу кезінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу бойынша ұсынымдар әзірлеп, қол қойғанын хабарлады. Жалпы сайлау процесінің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша негізгі шешімдерді облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың аумақтық сайлау комиссиялары Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлермен бірлесіп қабылдайтыны айтылды.
Ал шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттеледі. Шетелдік БАҚ өкілі Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған жағдайда сайлауды бақылай алады.