Бүгінде адам денесінің қарсыласу қабілеті, яғни бөгде жасушаларды, түрлі инфекциялар мен вирустарды бейтараптандырып, содан кейін оны жойып жіберетін иммундық жүйесі туралы жиі айтылып келеді. Оның бірден-бір себепкері елді жайлаған жұқпалы індет болғаны мәлім. Адамның иммун жүйесі жартылай тұқым қуалаушылыққа тәуелді болса, қалған 50%-ы өмір сүру деңгейіне сәйкес қалыптасады екен. Иммунитетті сақтаудың рөлі мен мүмкіндігін көбінесе ауырған кезде ғана ойлайтынымыз белгілі. Мамандар иммундық жүйені нығайту үшін витаминдер мен микроэлементтер қажеттігін, ал оны табиғи түрде алуға кеңес беруде. Түркістан облысында құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер мол жеміс-жидек пен көкөністің көптеп өсірілетіні мәлім. Яғни өңір тұрғындарының, дәруменге бай көптеген жеміс-жидек, көкөністердің өзге өңірлерге жіберілетінін ескерсек, ел халқының иммунитетін көтеретін өнімнің өсіміне ауылшаруашылық саласы мамандары ерекше көңіл бөлуде. Облыстың табиғи климаттық ерекшелігіне орай, ерте пісетін бақша, көкөніс, картоп өнімдерін жинау қарқынды түрде жүргізілуде. Алдын ала жасалған есеп бойынша биыл 2,8 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналмақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбол Бадырақовтың дерегінше, өңірде өндірілетін бақша өнімі облыс халқының қажеттілігінен 34,4 есе, ел халқының қажеттілігінен 3,2 есеге артық өндіріледі. Сондықтан бақша өнімі Түркістан облысы үшін экспортқа бағытталған мақтадан кейінгі екінші өнім болып отыр. Өндірілген өнімнің 53%-ы (433,1 мың тонна) экспортқа, 47%-ы (388,3 мың тонна) ішкі нарыққа сатылды. Бақша еккен 7529 агроқұрылым пісу мерзіміне қарай бір гектардан орташа алғашқы кезеңде 2 млн теңгеге дейін, қазір 600 мың теңге төңірегінде табыс алуда. Ал көкөністен 1080,1 мың тонна өнім жинау жоспарланып, 642,2 мың тоннасы жиналған. Оның ішінде пияз, сәбіз, қызанақ, қияр еккен 10276 шаруа қожалығы 1 гектардан орташа 1,5 – 2 млн теңге табыс табуда.
«Биылғы көктемде, әсіресе қырыққабат еккен диқандар бірқатар қиындыққа тап болғаны мәлім. Қырыққабат дақылы 8 мың гектарға егіліп, одан 300 мың тонна өнім жиналды. Алайда әлемдік пандемия таралуының алғашқы кезеңінде өнім өткізу нарықтарын айқындауда қиындықтар туындады. «Облыс әкімдігі тарапынан тиісті шаралар қабылданып, экспорттық шектеулерді жою, өңірлер арасында байланыс орнату, облыс, қала әкімдіктерімен өнімдерді өткізу жөнінде меморандум жасау нәтижесінде 187 мың тонна (62%) өнім ішкі нарыққа, 73 мың тонна (24%) Ресейге экспортқа жөнелтіліп, 40 мың тонна (14%) агроқұрылымдар тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға таратылды. Өкінішке қарай, қырыққабат сұрыптарын өндірудің орташа өзіндік құны 1 кило үшін 50 теңге болса, нарықта 15-20 теңгеден сатылды. Осыған орай, шығынға ұшыраған тауар өндірушілердің екінші өнімін егуін қолдау үшін, Үкімет резервінен жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01% пайызбен 1,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда агроқұрылымдардан өтінім қабылдау басталды», дейді басқарма басшысы.
Карантиндік шаралар жылыжай кешендеріне де өз әсерін тигізді. Бұл орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында, қаржы ұйымдарынан алған несиелерін төлеу мерзімі 1 жылға шегерілген. Биылғы 6 айда жаңадан 64,7 гектар жылыжай салынып, жалпы көлемі 1 168 гектарға жетті. Бүгінде жылыжайларда жалпы 100 мың тонна өнім өндірілді.
Облыс құрылғалы бері егіс көлемі 12 мың гектарға артқан өңірде мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, елімізде қабылданған төтенше жағдайға, карантиндік шараларға қарамастан өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Атап айтқанда, алдын ала жасалған болжамдық есеп бойынша 231,1 мың гектар масақты дақылдардың әр гектарынан орташа 21 центнерден, жалпы 478 мың тонна, яғни өткен жылдан 30 мың тонна артық жинау көзделген. Ал астықтың 60%-ы орылып (137,4 мың га), гектар түсімділігі 19 центнерден 261,1 мың тонна астық қамбаға құйылды.
«Астық ору науқаны тамыз айының алғашқы онкүндігінде аяқталады. Астықтың бағасы тоннасына 80 мың теңге және сабаны килограмына 15 теңге төңірегінде сатылуда, егер 1 гектар астық өсіруге орташа 40-45 мың теңге шығын шығатынын ескерсек, орташа 40-50 мың теңге табыс алынуда, бұл астық өндіруші 5712 агроқұрылымның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң серпін беріп отыр. Сонымен қатар биыл 1,5 жылдық мал-азықтық дақылдарын жинау жоспарланып отыр, бүгінге 2,9 млн тонна азық дайындалды (77%). Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өнім өткізу проблемасын шешу үшін «Егіс алаңынан – сауда қатарына дейін» қанатқақты жобасы басталды. Жобаға Үкімет резервінен 1 млрд теңге несие қаржы бөлінді, бұл өз кезегінде, ірі сауда нүктелеріне жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01%-бен несие беріліп, сауда нүктелері агроқұрылымдардан тікелей 10 түрлі өнімді сатып алуға мүмкіндік береді», дейді Нұрбол Бадырақов.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытып, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 3 негізгі бағытқа басымдық берілді. Агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, өндіріске заманауи озық технологияларды енгізу бағытында, Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында 1458 шаруа қожалығын 9 кооперативке біріктіріп, техникамен қамтамасыз ету және 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жоспарланған. Жалпы, бұл бағыт бойынша жоба аясында құны 28,7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасын енгізу көзделген екінші бағыт шеңберінде 9 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, қосымша 364 жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда 1558 агроқұрылым екінші өнім егіп, агротехникалық шараларды атқаруда. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы көп балалы аналарды, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды жұмыспен қамтуға, жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін үшінші бағыт бойынша 20 отбасы қаржы алуға құжаттарын тапсырған.
Мемлекеттік қолдау мен субсидиялау мал басы мен өнімділіктің ұлғаюына да оң әсерін тигізіп отыр. Атап айтқанда, мал басын ұлғайтуға 6,4 млрд теңге бөлініп, 936 агроқұрылымға 2,5 млрд теңге субсидия төленген. Нәтижесінде, биылғы 6 айда ірі қара мал саны 6,1%-ға, қой мен ешкі – 5,1%, жылқы – 9,4%, түйе – 8,3%, құс саны 12,5%-ға артқан. Мал шаруашылығы өнімділігін арттыруға 3,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 381 агроқұрылым 2,2 млрд теңге мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұдан бөлек, 16 сүт өңдеу кәсіпорындарының 488 тонна сары май мен 1131,2 тонна ірімшік өндіру үшін агроқұрылымдардан қабылдаған 24,5 мың тонна сүтке 600 млн теңге субсидия төленген. Нәтижесінде, ет-сүт өндіру, экспорттау көрсеткіші артып отыр. Мысалы, биылғы 6 айда 3,5 мың тонна сиыр еті, 242 тонна қой еті, 1246 тонна құс еті Өзбекстан, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан елдеріне экспортталды.
«Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласы республикада ерекше орын алады. Бұл салада 71,8 мың шаруа қожалығы тіркелген республикадағы үлесі – 33%, 177,5 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Биыл қаңтар-маусым айларында жалпы өнім көлемі республикалық көрсеткіштің 13,7 %-ын құрады. 174,1 млрд теңге өнім өндіріліп, өткен жылдан 15 млрд теңгеге артты. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 12,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 7,1 % артты. Тамақ өндірісіне 2,1 млрд теңге инвестиция салынып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8 есе өсті», дейді басқарма басшысы Нұрбол Бадырақов.
Осындай игі істер көптеп атқарылып жатқан өңірде жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімі өткен жылдан 77 млрд теңгеге артып, нақты көлем индексі
105,0 % жеткізілмек.
Түркістан облысы