Әлем • 29 Шілде, 2020

COVID-19: Әбігерге толы әлем

231 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-та 100 мың адам COVID-19-ға қарсы вакцина шығару үшін клиникалық тәжірибеден өтуге пейілді екенін білдірді.

COVID-19: Әбігерге толы әлем

АҚШ Ұлттық аллергиялық және инфекциялық аурулар институтының директоры Энтони Фаучидің айтуынша, бүгінде 30 мың америкалық игілікті іске іріктеліп алынған. Алайда, зерттеу барысында әлі де ондаған мың ерікті қажет болуы мүмкін.

* * *

Новосібір мемлекеттік университетінің ғ­а­лым­­дары COVID-19-ды 40 секунд ішінде жоятын әдіс тапқанын хабарлады.

Фотодинамикалық терапияда зерттеу жүргізген ғалым­дар лазер қуатының аз мөлшерімен дәрілік фотосенсибилизаторлардың мардымсыз бөлігіне тәжірибе жүргізген уақытта, қас қағымда SARS-CoV-2 вирусты суспензиясының белсенділігі мүлде жойылған. Ғалымдар фотодинамикалық терапия көмегімен коронавирусты емдеуге болатынына көз жеткізгендерін айтады.

Медицинада ФДТ саласында зерттеулер бұрын да нәтижелі болғанын айта кеткен жөн. Мәселен, АҚШ ғалымдары ағзадағы өзге жасушаларға кері әсерін тигізбестен, тек обыр жасушаларының көзін осы әдіспен құртқан еді.

* * *

Жуырда Иранда бір тәулік ішінде КВИ жұқтырған 2,5 мың адам есепке алынды.

Сонымен Иран бойынша COVID-19-ға шалдыққандардың саны артып, 281 мың адамның жұқтырғаны мәлім болды. Бұл жайында Иран Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Сима Садат Лари IRINN телеканалындағы эфир уақытында айтты.

* * *

Швецияда COVID-19-дан көз жұмғандардың саны тәулік ішінде 21 адамға көбейді деп жаза­ды аталған елдің Қоғамдық денсаулық сақ­тау агенттігінің мәліметіне сүйенген «Aftonbladet» га­зеті.

Қазір Швецияның батысындағы жағажайлар, пирстар мен мейрамханалар, барлар мен дәмханалар демалушыларға толы көрінеді. Жылда осы мезгілде бұл жағалауларда адамдардың қайнап жатуы үйреншікті жағдай болғанымен, қазіргідей пандемия кезінде мұның елдегі эпидемиялық ахуалға кері әсері тимей ме деген қауіп жоқ емес, дейді швециялық «Expressen» газеті.

* * *

АҚШ-та COVID-19-ға қарсы екі вакцина соңғы сынақтардан өтіп жатыр екен.

Жақын арада тағы 4 вакцина тәжірибелік сынақтардан өтудің соңғы сатысына жетпек. Айта кеткен жөн, АҚШ-қа пандемия тырнағы қатты батып отыр. Бүгінге дейін 4 028 733 адамда вирус барлығы анықталып, пандемия басынан бері 144 958 адам дүние салған.

* * *

Испания Денсаулық сақтау министрілігінің мәлі­меттеріне қарағанда COVID-19-дан қор­ға­ну­ға арналған режім босаңсыған бір айдың ішін­де оған шалдыққандар саны 40 пайызға артқан.

Әсіресе, ауырғандар Каталония мен Арагонда көбейіп, жергілікті билік карантиндік шараларды қатайтуға мәжбүр болыпты. Тұрғындарға аса ділгірлік тумаса үйлерінен шықпауы, 10 адамнан артық еш жерде жиналмау қажеттігі айтылған. Жағажайларда да қатаң сақтық тәртібін сақтап, бетті тұмшалап, арақашықтықты ұстау ескертілген.

* * *

Пандемияның әлем елдерінің экономикасына тигізген зардабы есепке алынар. Солтүстік көршіміз Ресей мемлекетінде жұмыссыздар саны маусым айындағы мәлімет бойынша 4 млн 606 мың адамды құрады.

Росстаттың хабарлауынша, бұл былтырғы мамыр айындағы есеппен салыстырғанда 93 мың адамға артық. Жұмыссыздық көрсеткіші ай са­йын артып, наурызда – 4,7, сәуірде – 5,8, мамырда – 6,1, ал маусымда 6,2 пайызға өскен. Былтыр барлық жұмыссыздық көрсеткіші 4,3 пайызды құраған. Ресей Экономикалық даму министрі Максим Решетников пандемия басталғалы 680 мың ресейліктің жұмысынан қысқартылғанын, ал сәуірдің басынан 2 млн отандасының жұмыссыз болып тіркелгенін айтқан еді.

* * *

COVID -19-ды анықтау үшін тапсырылатын тестте ағзада вирус барлығы неге анық­тал­май­ты­ны жайында ресейлік вирусолог айтып берді.

Ресей Жоғары экономика мектебі денсаулық сақтау институтының директоры Лариса Попович тест бойынша вирус анықталмауының себебін айтып берді. Ғалымның түсіндіруі бойынша, тест тапсырған уақытта инфекцияның анықталуы вирустың белсенді қалпына немесе ағзаның иммундық жүйесінің шабуылынан әлсіреген күйіне байланысты көрінеді. Егер белсенділігі азайып, әлсіреп тұрса көрінбей қалады. Мұндай жағдайларда тест антигенді дұрыс таба алмай адасып, өзге вирустан қалған іздерді көруі мүмкін. Сондықтан тестті бірнеше рет тапсыру қажет, әйтпесе тасадағы вирус жасырынған қалпында қалады. Л.Попович бүгінге дейін Ресейде вирустың 100-ден астам штамы анықталғанын, ал тестілеудің 4 пайыз шамасында ауытқитыны жөнінде айтқан.

* * *

Лондондағы Кингс колледжінің ғалымдары COVID-19 үшін вакцина жасау қажет болмауы мүмкін деген мәлімдеме жасады. Бұл жайында «The Guardian» жазады.

Оған себеп, КВИ-мен ауырып тұрғандардың барлығында бірдей вирусқа қарсы антиденелердің түзілмеуі және қалыптасқан күннің өзінде оның қысқа мерзімге ғана ағзада сақталып, әрі қарай жойылып кетуі болған.

Кингстік ғалымдар COVID-19-дан сауығып тұрған 90 адамға зерттеу жүргізіп, олардың 60 пайызында вирусқа қарсы тұратын антидене қалыптасқанын, ал арада 3 ай өткенде олардың 17 пайызында ғана антидене сақталғанын, тіпті кейбірінде вирусқа қарсы тұратын дене мүлде түзілмегенін анықтаған. Бұл –КВИ-мен бір ауырып тұрған адамның араға біраз уақыт салып қайтадан жұқтыруы мүмкін деген сөз. Сондай-ақ әлем ғалымдарының COVID-19-ға қарсы вакцина жасау жолындағы еңбегіне де күмән тудырған зерттеу қорытындысы екенін айта кеткен жөн.

 

Топтаманы дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»