10 Сәуір, 2010

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР – ӘЛЕУЕТТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

1169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев жұмыс бабымен Маңғыстау облысында болды. Ол Ақтауда республика бойынша бірінші рет салынған оралмандарды бейім­деу және кіріктіру орталығының ашылу салтанатына қатысты. 2008 жылдың аяғында құрылысы бас­талған бұл нысанға 1,8 млрд. теңге қаражат бағытталыпты. Оның ашылу салтанатында об­лыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймаққа 1991-2010 жылдары 98887 адам келгендігін, ал “Нұр­лы көш” бағдарламасына орай 2010-2011 жылдары 5400 орал­ман күтілуде екендігін жеткізді. Орталықта 2 жеті қабатты жа­тақхана және әкімшілік ғимарат бар. Ол 200 оралман отбасын 5-6 ай мерзімге уақытша қабыл­дауға есептелген. Оған орнала­са­тын әр оралман отбасы келісім-шартқа отырады. Оларға тіл үйрету, кәсіби мамандыққа бау­лу, елдің негізгі заңнама­лары­на оқыту, кәсіпкерлікпен айна­лысу, жұмысқа орна­ластыру және басқа да қыз­меттер көр­сетіледі. Орталықта мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету орындары да ашыл­мақшы. Сондай-ақ Е.Орынбаев Ақ­тауда 280 орындық балабақ­ша­ның ашылуына да қатысты. Облыста Елбасы тапсырмасына орай мектепке дейінгі біліммен қамтуды жақсарту қолға алыну­да. Оған осы жылы ғана 10 бала­бақша құрылысы басталып, 10 балабақшаны қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны дә­лел. Ал жыл аяғында балабақ­шамен қамтылу деңгейі 70 пайызға жетпекші. Жұмыс сапа­рында вице-премьер Ақтаудағы жоғары оқу орындары, денсау­лық сақтау және мәдениет ошақ­тары мен жаңадан іске қосылған сауда орындарын аралап көрді. Сондай-ақ облыстың әлеуметтік саласын одан әрі дамыту және “Бизнестің жол картасы-2020” бағ­дарламасын жүзеге асыру мә­селесіне арналған кеңес өткізді. Жоламан БОШАЛАҚ. АҚТАУ.