Әлем • 31 Шілде, 2020

Сovid-19: Әлемде вирус жұқтырғандар екі есеге көбейді

231 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бір тәулікте 52 мың адам вирус жұқтырған Үндістанда ауырғандар саны 1,5 млн адамнан асты.

Халқы өте тығыз орналасқан Үндістан түбегіндегі індет баяулар емес. Пандемия басталғаннан бері 1 020 582 адам жазылып шыққанымен, бір күннің ішінде 775 адам COVID-19 кесірінен көз жұмған.

Сovid-19: Әлемде вирус жұқтырғандар екі есеге көбейді

 

Үнді мәдениетін бағалайтындар үшін Ұлы моғолдардан қалған жауһар – Тәж-Махалдың алар орны ерекше. Ал Агра қаласының билігі елде індеттің өршуіне байланысты осы ғажайып сәулет ескерткішін жабуға шешім шығарған.

* * *

27 шілдеде Вьетнам денсаулық сақтау министрі Нгуен Тхань Лонг Дананг қаласында жұғуы жөнінен аса қауіпті жаңа вирус пайда болғаны жайында хабарлаған еді.

Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Вьетнамдағы өкілі Кидун Парк: «Дананг қаласындағы вирустың әлемнің басқа елдеріне тараған КВИ-дан айырмасы жоқ, сондықтан адамдардың қорқынышқа бой алдыруына да негіз жоқ», дейді.

* * *

Франция денсаулық сақтау бас бас­қарама­сын­ың деректері бойынша, елде SARS-CoV-2 жұқтырғандар саны артуда деп жазады «Le Figaro».

Елде КВИ жалмағандар саны 30 238-ге жетіп, бір тәулікте жаңадан 1400 сыр­қат анық­тал­ған. Францияның бір­та­лай аймақтарында, мәселен, Бретань өңі­рінде тұрғындардың жүріс-тұрысына шектеу қойылған. Олардың қоғамдық жағажайларға, саябақтарға белгілі бір уақытқа ғана баруына болады және адамдар қашықтық ұстауға мүмкін емес жердің бәрінде тұмша тағып жүруі тиіс. Мониторинг жүргізу арқылы SARS-CoV-2 жұқтырудың жастар арасында көбірек тіркелгені анықталған.

* * *

Адамзат таяу мезгілде COVID-19-ға қарсы ұжымдық иммунитетке ие болады деген пікірге ДДҰ Төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарлама директоры Майкл Райан күмән келтірді.

Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы планетада қанша адамның індет ілмегіне ілінетінін білмейді, кейбір зерттеушілердің болжамында бұл 60-80 пайызды құрайды, ал енді бір ғалымдар одан аз болуы мүмкін дейді. Қалай дегенде де КВИ-дің оңайлықпен кете қояр түрі жоқ. Сондықтан да ұжымдық иммунитет туралы айтуға ерте. Майкл Райан: «COVID-19-ды жеңіл өткізген жас адамдар жазылғаннан кейін де біраз уақыт қалпына келе алмайтынын көрдік», деп аурудың осал еместігіне баса мән берді.

* * *

Бельгия билігі COVID-19-ды тежеу мақ­сатын­да азаматтарды қарым-қатынасты азай­ту­ға шақырды.

Бельгия премьер-министрі Софи Вильмес Брюссельде Ұлттық қауіпсіздік кеңесінен кейін өткізген брифингте 12 жасқа толмаған балалардан бөлек, ересектердің бір-бірімен аралас-құра­ластықты 5 адамнан асырмауы қажет­ті­гіне тоқталды. Сондай-ақ дүкен­дер­ге ба­руға да шектеу қойылған. Бала­сын ерт­кен бір адамға немесе мүге­дек­ті алып жүрсе ғана екі жанның қатар дүкенге кіруіне болады, ал 1,5 метр ара­қа­шықтықты сақтай алмайтын жер­дің бәрінде тұмша тағу міндеттеледі. Мұны­­мен қатар Бельгия үкіметі елдегі ко­м­­панияларға мейлінше қашықтан жұ­мыс істеу жайында кеңес берді.

Елдегі портты қала Антверпеннің де жағдайы қарастырылды. Қала бас­шы­лығы коменданттық сағат енгізу туралы шешім қабылдаған. Қазір Антверпен тұрғындарымен қатар провинция халқы сағат 23.00 ден таңғы 6.00-ге дейін үйлерінен шықпауы тиіс. Тек ауруханаға немесе жұмысқа баратын адамға ғана рұқсат.

* * *

ДДҰ басшысы Тедрос Аданом Гебреисус соңғы 6 аптада әлемде КВИ-мен ауырғандар саны екі есеге көбейгенін, сол себепті төтенше комитеттің отырысы өтетінін айтты.

«ДДҰ-ға 16 миллионға жуық адамның ауырғаны, 640 мыңнан астам жанның көз жұмғаны туралы мәлімет бар. Халықаралық медициналық-санитарлық нормалардың ережесіне сәйкес төтенше комитет жиналып, пандемия жағдайын талқылау керек деп есептеймін», деді ол.

ДДҰ төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламалар директоры Майкл Райан: «Бұл COVID-19-дың таралуының екінші толқыны ма, әлде шыңы ма деп ғылыми тұрғыда дауласа беруге болады, алайда мәселе мұнда емес. Қазіргі міндет – індетті өршітпеген елдердің тәжірибесін алып, вирустың таралуын ауыздықтауда», деді.

* * *

Италияның Кампания аймағы клиенттерінен сақтық үшін тұмша талап етпегені үшін бизнес­ке 1 мың еуро айып төлету туралы шешім шығарды. Бұл жайында италиялық «THE Local» жазады.

Алғашқы болып Салерно қала­сын­дағы шаштараз бен бардың иесі айып төледі. Бетпердені аймақтың әр азаматы барлық қоғамдық орындарда: супермаркеттер мен барларда, мейрамханалар мен дүкендерде, қысқасы, барлық жабық ғимаратта және қоғамдық көлікте тағып жүруі тиіс. Егер жүргінші тұмшасыз болса көлікке отырғызбауға, ал егер ішке кірген соң шешіп тастайтын болса түсіріп кету жайы қарастырылған.

Бұл айыптан басқа бизнес 5 күн­нен 30 тәулікке дейін жабылып, жұмыс істеу құқынан да айырылмақ. «Отан­дас­тарымыз мұндай тәртіпті сақтамаса, бірнеше аптадан соң қатаң төтенше жағдай енгізуіміз мүмкін», дейді Кампания губернаторы Винченцо Де Лука.

АҚШ Медициналық зерттеулер институты SARS-CoV-2 қарсы қолданылатын 12 мың дәрінің ішінен 21 препаратты тиімді деп бағалаған.

«Nature», «Cell Discovery» басылымдарында жарық көрген зерттеу нәтижелеріне қарағанда, қазір емге пайдаланып жүрген дәрілер ішіндегі бірқатар препараттар КВИ репликациясын тоқтатып, оны енді басталып келе жатқанында құрсаулай алады екен. Және бұл үшін пациентке қауіпсіз, шағын мөлшер дозасында қабылдауға болады. Дәрігерлер балдырларда болатын гепариннің осы іспетті қасиетін анықтаған. Зерттеушілер АҚШ-та емге қолданылып келген ремдесевирдің белсенділігін арттыруға көмектеседі деп, аллергияға қарсы лепраны емдеуде қолданатын астемизол, клофазаминнің де тиімді екенін бағамдаған. Ал гепариннің ремдесевирден де тиімдірек екенін жазған.

* * *

Гарвард Медицина мектебінің нейробиолог ғалымдары КВИ әсерінен иіс сезуді жоғалтуға байланысты зерттеулер нәтижесін жария етті.

Сарапшылар зерттеу нәтижесінде вирустың мұрын қуысындағы нейрондарды зақымдауының әсерінен миға белгі жіберілмейді деген ойды теріске шығарды. «Science Advances» журналында 24 шілдеде жарық көрген зерттеуде вирус тікелей нейрондарды емес, оның қызметіне әсер ететін жасушалар жұмысына кедергі болатыны, сондықтан да КВИ жүйке жүйесіне айтарлықтай зақым келтірмейтіні жазылған. Ғалым Сандип Роберт Датта ауру барысында нейрондарға мұндай жанама әсер оның қызметін бұзбайтынын, тәуір болған соң иіс сезу оралатынын айтады.

* * *

Федералды және жергілікті билік пен өзге де ашық дерекөздерден мәлімет жинайтын Джонс Хопкинс университеті COVID-19-дан жазыл­ған­дардың саны 9 млн-нан асқанын хабарлады.

Хопкинс университеті әлем бойынша КВИ жұқтырып, одан сауыққандар саны 9 043 203-ға жеткенін, ал 15 736 499 адамның ауырып, 639 652-сі көз жұмған деген деректі жария етті.

* * *

Жаңа Орлеандағы LSU Health универси­те­тінің патологанатомдары SARS-CoV-2-тің Вестминстер университетінің ғалымдары айт­қандай жүрек еттерін тұтас қабындырады (мио­кардит тудырады) деген тұжырымындай емес, өзгеше әсері барлығын анықтаған.

Профессор Ричард Вандер Хайденің пайымында, вирус жүрек еттерін толық емес, тек жеке жасушаларын өлтіріп тастайды екен, сонымен бірге SARS-CoV-2 жүректің өзінде орнықпай, тек ұсақ қан тамырларында болатын көрінеді. Олар бұл ойға 44 пен 72 жас аралығындағы COVID-19-дан көз жұмған 22 пациентке, 10 ер, 12 әйелге жасаған зерттеулер нәтижесінде келіп отыр.

* * *

Еуропа қартайып келеді, бала туу азайды деп жүргенде пандемияның да пайдасы тиетіндей.

«Sveriges Radio» Стокгольм мен елдің көптеген қаласында тұрғындардың үйде оқшаулануы балалардың өмірге көптеп келуіне жол ашатынын айтады. Линчёпинг университеті ауруханасының мамандары Covid-19-ға қарсы антиденеге жаппай тест жүргізу аса тиімді болмайды деген тұжырымдарын жариялаған.

 

Топтаманы дайындаған

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»