Руханият • 06 Тамыз, 2020

Шақпақ атауы туралы шындық қандай?

1758 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Шақпақ ата деген ауыл бар. Ауылдың аты осылай аталғанмен, күні бүгінге дейін ел аузында Шақпақ атауына қатысты көптеген аңыз-әңгімелер, түрлі деректер қалыптасқан. Шақпақ асуы, Шақпақ қалашығы, Шақпақ өзені, Шақпақ желі, Шақпақ әулие үңгірі сияқты атаулардың өзі ұлттың сан ғасырлық тарихын танытып тұрғандай әсер береді. Әсіресе Қаратау сілемдерінің арғы жағындағы Желдіқорадан, Амансайдың аузынан соққан Шақпақтың желі көпке таныс. Жалпы, ұлы қазақ даласында орналасқан әрбір жер, оның ішінде Шақпақ төңірегі де бар, өзіндік тағдырымен, өзіндік тарихымен ерекшеленеді.

Шақпақ атауы туралы шындық қандай?

Жуалы – көрші Түркістан облысымен шектесетін тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның бірі. Ал Жамбыл облысының шекарасынан өте бере Түркістан өңірінің аумағында Шақпақ баба ауылы жатыр. Жергілікті тұрғындар бұл екі атаудың бір екенін айтады. Көзіқарақты көпшіліктің айтуынша, І ғасырда өмір сүрген Шақпақ деген емші, көріпкел кісі болған екен. Аңыз бойынша, сол кісі осы жерде тұрақтап емшілікпен ай­налысқан деседі. Сол адамның құрметіне осылай аталыпты дейді. Дегенмен, кез келген атаудың өзінің негізі, өзінің мағынасы болатынын ескерсек, бәлкім мұның ақиқатқа жанасуы да мүмкін. Себебі көпшілік әлі күнге дейін Шақпақ ата ауылының маңындағы Шақпақ әулие үңгіріне барып тәу етеді. Ал аңыз бойынша Шақпақ әулие су ішкен делінетін бастаудан ырымдап су ішіп жатқан көпшілікті де кездестіруге болады.

1905 және 1916 жылдар аралы­ғын­да бүгінгі Жуалы жеріне орыс келімсектерінің келуімен байланысты Шақпақ ата ауылы Кременевка деп аталған. Бұл атау кезінде осы өңірдегі тау жыныстарында кездесетін кремний тастарына байланысты қойылған. Ерте замандарда адамдар осы шақпақ тастарын бір-біріне ұрып, ұшқын шығару арқылы от тұтатқан деседі. Тарихи деректер бойынша, бұдан кейінгі кездерде де монғолдың кер­уен­шілері сол тастарды Керуленге, Қарақорымға жіберген екен. Еліміз егемендік алған соң атауы Шақпақ ата болып өзгерген ауылдың маңында әлі күнге дейін кремний тастары бар. Сонымен қатар Шақпақ асуының өзі тарихи маңызға ие. Тарихи деректер бойынша, кезінде Шығыстан шыққан керуен Ұлы Жібек жолы арқылы Шақпақ ата асуынан асып, Түлкібасқа қарай бет алған дейді. Жергілікті өлке­танушы Дәулетжан Байдалиев кейбір тарихшылар Шақпақ асуын төбешік деп жазып жүргенін, алайда оның өз атымен «Шақпақ асуы» деп атау керектігін айтады. «Шақпақтың асуын кейбір тарихшылар картада жоқ деп жүр. Бірақ атақты Шақпақ асуы, Шақпақтың белі Алатау мен Құлантау арасындағы дүмпуден пайда болған дейді. Тарихшы Әділбек Байбатша кезінде Фенько деген орыс ғалымының Арыс бекеті, Алматы, Семей жерінің аралығындағы өлке­лерді зерттегенін, геодезиялық өлшеу­лер нәтижесінде жердің ең жылдам көте­рілу нүктесі Үлкен Қаратау жот­асының Құлантау ар­қылы өтетін Шақ­пақ асуында еке­нін анықтағанын жазады. Сондай-ақ Шақпақ асуы жылына 2,5 сантиметр биіктікке өсіп отырады екен», дейді өлкетанушы.

Бүгінгі таңда Шақпақ ауылынан солтүстікке қарай біршама жерде VІІІ-Х ғасырларда өмір сүр­ген қалашықтың орны бар. Тари­хи деректер бойынша, бұл қалашық­тың орнын 1903 жылы Каллаур ашып, зерттеген. Сонымен қатар 1940 жылы Пациевичтің жетекші­лігімен Жамбыл облысының архео­логиялық экспедициясы, 1978 жы­лы Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедиция­сы, ал 2000 жылы Карл Байпақовтың жетекшілігімен Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институттың экспедициясы зерттеу жүргізген екен. Зерттеушілердің мәліметі бойынша, аталған қалашық екі төмпешіктен тұрады. Шақпақ қалашығының орнын жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін «Қалмақтөбе» деп атайды. Көнекөз қариялар бұл жерде бір кезде қасап қырғын болғанын, бұл жерде қалмақтардың қабірстаны бар екенін айтады. Себебі осы уа­қытқа дейін бұл жерден соғыстың түрлі қару-жарақтары табылған. Жалпы, Шақпақ қалашығының айналасында ортағасырлық бірқатар қалалар бар. Мәселен, қазіргі кезде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан Баркуаб қалашығының өзі талай тарихтан хабар береді. Сол сияқты, Адыраспантөбе қалашығының да тарихы тереңде екенін бағамдауға болады. «Баркуаб қаласынан шық­қан керуен жолы келесі бір тар­мақпенен Көсегенің көк жоны ар­қылы Шаян, Түркістан өңірлеріне қарай жүріп отырған дейді. Өйткені кезінде бұл жерден балбал тастар да табылған. Жазушы Шерхан Мұр­таза «Жұлдызы биік Жуалы» атты очеркінде көне түріктердің ке­зінде Мыңбұлақ өлке­сінде аң көп болғанын жазады. Түркілердің ханы ешқандай аң мен құсқа ешкімді тигізбей, олардың мойнына қоңырау тағып қояды екен. VІ-VІІ ғасырларда Естеми ханның немересі Ышпара хан Мыңбұлақтан қала салдырған дейді. Бірақ мен оның орнын талай рет іздеп таба алма­дым. Бірақ сол қала Үштөбе шығар деп жорамалдаймын. Өйткені Шақпақ асуына шықсақ, Үштөбе қалашығы көрінеді», дейді Дәулетжан Байдалиев. Бүгінгі Амангелді ауылы­ның арғы жағында сол ежелгі Үштөбе қалашығының орны бар. Мұны жергілікті жұрт «Мұнаралы қала» дейді екен. Өкі­нішке қарай, орыс келімсектері қала­шықтың мұнарасын бұзып, пеш салған деседі. Бірақ күні бүгінге дейін мұнараның орны сақталыпты. Одан кейін Бірлік дейтін ескі ауыл жатыр. Ауылға кіреберісте Қырық Құржы деген қалашық кездеседі. Сол сияқты, Күреңбел ауылындағы екі өзеннің ортасында Төрткүлтөбе қалашығы бар. Кезінде осы жерге қазба жұмыстары жүргізілгенде де, су жүретін құбырлар табылған екен. Сол кездегі жергілікті тұрғындар жота-жотамен Шақпақ қалашығына су тартқан. Бұл да ежелден қазақ даласы өркениеттің бесігі болғанын айғақтайды. Сонымен қатар Шақпақ қалашығының маңы қыпшақ кірпіштердің де ордасы болғандығын талай тарихи деректер айқындайды. Әулиеата өңіріндегі Айша бибі кесенесі заманында осы қыпшақ кірпішпен қаланған екен.

Өлкетанушы Дәулетжан Байда­лиевпен сұхбаттасқанымызда, ол біз­дің алдымызға біраз мәліметтерді тартты. «Шақпақ қалашығынан монеталар да табылған. Бұл құнды жәдігерлерді ғалым Карл Байпақовтың кітабындағы монеталармен салыстырып көрсем, бұл Отырар қаласында соғылған болып шықты. Ғалымның кітабында бұл монеталардың 1248 жылы соғылғандығы көрсетілген. Яғни бұл біздің өлкеге Ұлы Жібек жо­лы арқылы келген. Жалпы, «Шақпақ» сөзі «Шоқтығы биік» деген сөзден шық­қан дейді. Бұлай болуы да мүмкін. Қала­шықтың бұлай аталуына тағы бір себеп, мұнда шақпақ тастар көп. Әлі күнге дейін осындағы тау жыныстарынан кездеседі. Аппақ тастарды бір-біріне ұрса, от шығады. Тағы бір айта кететін мәселе, Билікөлдің жоғары жағында Берікқараға дейінгі аймақта 400-ден астам оба бар. Бұл обалар ІІ-ІV ғасырларға жатады. Бірақ әлі күнге дейін қазба жұмыс­тары жүргізілмеген», дейді ол. Шы­нында да, құпиясы ашылмаған қазы­налар көп. Сол сияқты жер атауына қатысты да түрлі аңыз-әңгімелер бар. Жалпы, Шақпақ ата ауылы туралы ойға алғанда, Шақпақ атауына қатысты бірнеше нұсқаның бар екенін айттық. Соның бірі – Шақпақ әулие үңгірі. Аталған үңгірдің төбесінде түрлі пішіндегі мүсіндер бар. Тіпті түйенің шөккеніне, кесірткенің басына ұқсайтын да бейнелерді көптеп кездестіруге болады. Аңыз бойынша, Асап, Күсеп деген екі адам осы жерге түйелерін шөгеріп қойып демалып жатқанда, оларды қарақшылар өлтіріп кетіпті дейді. Табиғи мүсінге айналып кеткен түйелер сол Асап пен Күсептің түйелері екен деседі. Жергілікті жұрт олар әлі күнге дейін елес болып жүреді екен дегенді айтады. Тағы бір дерек, осы өлкеде Шақпақ әулие деген қасиетті адам өтіпті деген әңгіме. Қазіргі кезде Шақпақ әулие үңгіріне баратын жол салынған. Сондай-ақ емшілікпен айналысқан Шақпақ әулие су ішкен деген бастау да тазаланған. Алайда жаздың аптап ыстығында бұл бұлақ тартылып қалады екен. Негізінен білетіндер бұл бұлақтың әйгілі Мың­бұлақтың бір тармағы екенін айтады. Ал аталған табиғи үңгірдің тереңдігі шамамен 6-7 метр болса, биіктігі 2 метрге жуық. «Келушілер мұнда әлі күнге дейін от жағып, осы үңгірге тәу етеді. Оның арғы жағында тағы бір үңгір бар. Оның ар жағы бос кеңістік. Оның ар жағында, шамамен 250-300 метр жерде Керуенсарай деген жер жатыр. Кезінде мұнда керуен тоқтап, қыш өндірген дейді. Бұл жерде 1957 жылы қыш кірпіш шыға­ратын зауыт болған. Ол зауыт тоқсаныншы жылдарға дейін жұмыс істеген. Ал Шақпақ әулие үңгірінің жанынан қарағанда, Шақпақ өзені төменде қалып кетеді. Қазіргі кезде өзен деңгейі төмендеген», дейді Дәулетжан Байдалиев.

Шақпақ атауының шындығының қандай екені бір Жаратушыға ғана аян. Дегенмен де, топырағына терең сыр жасырған жердің өзіндік тағдыры мен тарихы бар. Тарихшы ғалым Лев Гумилев Шыңғыс хан Отырарға жорыққа барар алдында Шақпаққа келіп саят жариялағанын жазады. Ал жазушы Еркінбек Тұрысов өз еңбектерінде Ақсақ Темірдің осында келіп аялдағанын дерек қылып келтіреді. Қалай болғанда да әрбір жердің тарихы ғасырлар қойнауынан сыр болып сақталып келе жатқан қымбат рухани қазына екені анық...

 

Жамбыл облысы