Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері мен психологтары вебинар барысында ұйымға хабарласқан тұрғындарға қолдау білдіруді дұрыс жолға қоюды үйренді. ЮНИСЕФ жастар ресурстық орталықтарының психологтарына COVID-19-дың таралуы кезінде психологиялық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жолдары жөнінде тәжірибелік ұсыныстарын таныстырады. Бұл психологиялық әдістемеліктер барлық жастар ресурстық орталықтарына беріледі.
Жоба авторлары бұл ұсыныстар Жастар ресурстық орталықтарының психологтарына жүктелген негізгі функциялардың орнын баспайтынын айтады. Қайта оларды толықтыра отырып, қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшуге байланысты қызметті ұйымдастырудың кейбір ерекшеліктерін түсіндіреді. Көп жастар орталықта психолог көмегіне жүгінуге болатынын білмей жатады. Сол себепті сарапшылар, ең алдымен, ақпараттандыру мәселесіне аса мән беру керек деп есептейді. «Ақпарат жастардың психологқа өз бетінше жүгінуге ынталандыратындай және осылайша қолдауға мұқтаж тұлғаларды анықтауға қолғабыс ететіндей жолмен берілуі тиіс» делінген БҰҰ ұсынған құжатта. Қазақстан халқына індет кезінде психологиялық көмек көрсету үшін ашылған арнайы covid-19.mentalcenter.kz интернет ресурсы да бар екен. Сайтта стресті, үрейді қалай жеңуге болатынына қатысты сұрақтарға жауап табуға болады. Жастар ресурстық орталықтарының психологына жүгінген адаммен әңгімелесу алғашқы психологиялық көмек ретінде бағаланады, сондықтан вебинарда мамандарға жастармен қалай жұмыс істеу керек екені егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мұндай көмекке мұқтаж жанмен әңгіме кезінде оны мұқият тыңдап, әңгімесін аяқтауға мүмкіндік беру керек екені айтылды. Ұйымдастырушылар вебинар нәтижесінде еліміздегі жастарға арналған ұйым қызметінің, жастарға көрсетілетін көмек сапасының артатынына сенімді.