Сұхбат • 10 Тамыз, 2020

Абай – адамша өмір сүрудің үлгі-өнегесі

1152 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Абай мұрасы мәңгілік тақырып. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның корроспендент-мүшесі Кенжехан МАТЫЖАНОВПЕН өрбіген сұхбатымызда хакім шығармаларын зерттеп-зерделеудің бүгінгі өрісі, саф мұраларды таным тұрғысынан саралау, таяу күндері жарыққа шығатын академиялық жинақтың мән-маңызы туралы орамды ойлар айтылды.

Абай – адамша өмір сүрудің үлгі-өнегесі

– Абай – тұтас ұлтқа жол сіл­тейтін бағдаршам болуы тиіс дегенді жиі айтамыз. Мың рет қайталанса да мына бір сұ­рақты қойғым келіп отыр. Сіз­дің ұғымыңыздағы Абай кім?

 – «Әркімнің жүрегінде өз Абайы бар» деген ұғым тұр­ғы­сынан келетін болсақ, мен үшін Абай күнделікті жанымнан та­былатын сырласым. Жаным жа­быр­қап жай таба алмасам да, шарқ ұрып, әлдененені іздесем де Абай төрелігіне жүгінем. Санадағы сан са­уалға жауап таба алмай сан­сы­ра­ғанда да ақылшым – Абай. Аға­йыныңнан да, досыңнан да, дұшпаныңнан да көңілің қа­лып, құлазығанда мұңдасарым – сол. Бір іске тәуекел етіп, қияға қол созғанда да қолтығыңнан демейтін – ақын сөзі. Кейде пен­дешілікке салынып, әсіре қызыл­ға, бос мақтанға бой ұрғанда да «тәйт» деп ты­йып тастайтын, тәу­беңе келтіретін де – ғұлама өсиет­тері. Меніңше, Абай – адамша өмір сүрудің үлгі-өнегесі. Егер таза жүрегіңмен қабылдап, ақылға салып, түйсініп оқысаң, бар сұрағыңа жауап табуға болады. Бүгінгі күннің де, ертеңгі келешектің де түйткілдерін тара­ту­ға жарайды. Бұл – менің ашып отырған жаңалығым емес, оны өткен ғасырдағы ұлт зиялыла­ры да тамcана айтқан және бү­гінгі Абайды тұшына оқып жүрген оқыр­манның қай-қайсысы бол­­сын дәл солай айтады деп ойлай­мын, тіпті асыра айтатынына сенімім кәміл. Мәселе, Абай­дың «жалпақ жұрттың» рухани игілігіне айналуында. Әрбір қазақ Абайдың адамгершілік ұста­ны­мы­мен өмір сүруге тырысатын болса, біздегі рухани жаңғыру әлдеқайда тиімді жүрген болар еді. Қазіргі жаһанға жар салып жатқан мерейтойдың да, соған қатысты шаралардың да түпкі мақсаты – Абайды бар қазақтың жүрегіне орнықтыру. Сонда ғана ол өзің айтып отырғандай «ұлтқа жөн сілтейтін бағдаршамға», ұлт руханиятының алтын тұғырына айналады.

– Абайды толық тану ме­рей­лі датамен шектелетін шар­уа емес. Абай әлемі зерттеп-зерде­лен­­ген сайын жаңа қырынан ашы­­ла беретін мәңгілік та­қы­рып. Десе де хакімнің есімін ас­қақ­­татуға арналған жыл мұра­ты­на жете алды ма?

– Мерейтой, айналып келгенде, Абай мұрасын игерудің көрігін қыздыратын кезеңдік шаралар кешені ғана. Егер біз «Абай – мәңгілік» деген ұстанымға ұйы­й­тын болсақ, онда оны оқып-үйрену, зерделеу, санаға сіңіру, жүрекке тоқу мәселесі де үздік­сіз, мәңгілік жүргізілуі керек және ол – біздің мемлекеттік идео­ло­гияның алтын тұғыры болуы қа­жет. Ал мерейтойда сол арнада ат­қарылған істер қоры­тын­ды­ла­нып, жүйеленіп, тың қарқын алып, келешекке жаңа міндеттер жүк­теуі тиіс.

Абай жылын өткізуге республика бойынша 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланды. Өкінішке қарай, мынау аты жаман індет бұл бағдарламаның берекесін кетіріп жіберді ғой... Дегенмен осы бір қиын кезеңнің өзінде біршама жұмыстар атқарылды. Оның қоры­тындысын Мемлекеттік комиссия шығара жатар. Біз өзіміз жос­парлаған шаруаны шама-шар­қы­мызша атқарып шықтық деп ойлаймын.

– Өзіңіз тізгінін ұстап отыр­ған М.О. Әуезов атындағы Әде­бие­т және өнер институты ақын то­йына арнап құрастырған ака­­демиялық жинақ оқырман үшін ең үлкен олжа болды деп есеп­­тейміз. Осы бағалы еңбек­тің шығу барысы, мән-маңызы тура­­лы кеңі­рек айтып өтсеңіз?

– Егемендік алғаннан бері ел жаңарды, қоғам өзгерді, әлемдік өркениетке еркін араласып, рухани дүниеге жаңаша қараудың үлгісін тани бастадық, жаңа әдіс­те­мелер мен технологиялар тас­қыны да ағылып келіп жатыр, елімізде тәуелсіз сана орнығып, рухани жаңғыру үстіндеміз.

Осының барлығы Абайдан қалған асыл мұраға мұқият қайта үңіліп, тың таным тұрғысынан саралауды қажет ететіні анық. Оның үстіне осы мерзім ішінде Абай мұрасына байланысты біраз мәселе қордаланып қалды. Мұратануға қатысты соны деректер, тың көз­қа­растар, зерттеу бағыттарының жаңа өрісі ашыла бастады. Кейінгі жылдары Абай заманына байланысты біршама архив деректері, алаш арыстарының еңбектері, көзкөргендердің естеліктері, шетел қазақтарынан табылған материалдар жарық көруде. Мәселен, тарихшы ғалым Амантай Исаұлы тауып жариялаған 1909 жылы Қа­зан қаласында басылып шық­қан «Қазақ шиғырлары» (жырлары – ред.) деп аталатын жинақтан Абайдың сегіз өлеңінің табылуы елді елең еткізетін оқиға («Абай» журналы,1999, N1). Бұл – осы уақытқа дейін абайтану ғылымы­н­ың назарына ілінбеген тың дерек. Оның үстіне, Абай мұрасын жинақтап, саралап, жүйелеп басып шығарудағы өз кезіндегі белесті еңбек болған ақынның екі томдық толық шығармалар жи­нағының жарияланғанына биыл жиырма бес жыл толды. Осы екі томдықтың өзінде жа­ңаша түсіндіретін жайлар, көшір­мелерді оқуда кеткен «әтте­генайлар», саясат ағынына қарай жасалған өзгертулер, бас­па тарапынан кеткен еміле, тыныс белгілік қателіктер де аз емес еді. Міне, осының барлығы Абай шығармаларының жаңа академиялық толық шығармалар жинағын даярлауға түрткі болды. Сондықтан ұлы ақын мұрасына барынша кең текстологиялық зерттеулер жасай отырып, тың түсініктермен, мазмұнды материалдармен толықтырып, жаңа сарамен жүйелеп, оқырманға жаңа академиялық басылым даяр­лап ұсыну әдебиеттанушы ғалым­дар­дың кезеңдік парызы болуы тиіс деген ниетпен осы жоба жүзеге асырылды.

– Әлемдік классиктердің ака­­­­демиялық басылымдары кере­­­­мет болып шығып жатады ғой?! Біз сондай деңгейге жете ала­­­мыз ба?

 – Дұрыс айтасың. Өркениетті елдерде академиялық жинақтар шығару ісі ежелден жүйелі жолға қойылған. Олар үшін әрбір классик қаламгердің академиялық толық шығармалар жинағының жарық көруі ұлт руханияты үшін үлкен мәдени құбылыс болып табылады. Мұндай басылымдарда қаламгердің барлық әдеби, сыни, публицистикалық, қызметтік, эпистолярлық мұрасының қол­жаз­ба және баспа мәтіндері то­лық текстологиялық салыс­ты­ру­лардан өткізіліп, дәйекті деректермен көмкеріліп, ғылыми-анық­тамалық түсініктермен жарақ­талып, қа­лып­­ты ғылыми жү­йеге түседі. Мәтінтану ғы­лы­мы тұрғысынан жете сарап­тал­ған академиялық басылым қаламгер шығармашылығы жө­нін­дегі қоғамдық пікірді бір арнаға тоғыстырып, қалың оқыр­ман қауымнан бастап, мектеп бағдарламалары мен оқу­лық­та­рын дайындаушыларға, жазушы шығармашылығын наси­хат­тау­шылар мен зерт­теу­ші­­лерге бағ­даршам ретінде ұста­натын түп­мә­тінге балана­ды. Классикалық мәті­н­нің өмір сүруі­нің өрісін ке­ңейтіп, оның отандық және әлем­дік мәде­ниет­тегі орнын айқын­дайды. Қалам­гер­дің түрлі мақ­сат­­тағы жаңа басылымдары­на те­­мір­­қазық болып, ұлттық сөз­­дік қор­­дың құнарлы мәйегіне ай­на­ла­ды. Сондықтан әлемдік әдебиет­тану ғылымында кемеңгер қалам­герлердің академиялық басы­лы­мын даярлауға ерекше мән бе­рі­ле­ді.

Ұлы Абай шығармаларының бұл академиялық басылымы да осындай биік мақсаттың кезекті бір талпынысы ретінде жүзеге асырылып отыр.

– Жинақты даярлау ісінде қандай қиыншылықтар болды?

– Ақын шығармаларының толық жинағын даярлап басып шығару ісі қашанда қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары, аса күрделі шаруа болып келген және бола да бермек. Абай шы­ғар­ма­ла­рына текстологиялық зерттеулер жүргізудің өзіндік күрделі объек­тив­ті себептері бар.

Біріншіден, ақын мұрасының өз қолымен жазылып, хатқа түс­кен нұсқасының бізге жетпеуі және ақынның көзі тірісінде баспа бетін көрген шығармаларының да санаулы болуы бұл істегі ең үлкен түйткіл.

Екіншіден, Абай мұрасының бізге жеткен нұсқаларының бар­лы­­ғы дерлік ескі (қадымша) арап жазуында жазылған. Бұл уақытта қазақ тілінің төл еміле ережелері (А. Байтұрсынов әліпбиі шыққанға дейін) болмаған, бірнеше таңба бірігіп бір дыбысты беретін немесе дауысты дыбыстардың жазылмай қалатын жағдайлары өте көп еді. Оның үстіне араб, парсы тіліндегі сауаты әртүрлі адамдар қолымен, сол кезеңдегі Орталық Азиядағы түркі елдеріне ортақ «Шағатай» ті­лінің ыңғайына бейімделіп көші­ріл­­гендігі мәтінді оқуда көп қиын­шы­лық келтіреді.

Үшіншіден, ақын шығар­ма­ла­рын көшіріп, әртүрлі жолмен елге таратқан адамдардың жазба нұсқалары да ала-құла. Абай шы­ғар­маларын әркімдерге тапсырыс­пен көшіріп беріп отырған Мүр­се­йіт сияқты молдалардың (Абай елінде олардың қатары он-шақты болған) ескі араб жазуында татар тілін араластырып жазып, ауыз­ша жадтарына сүйеніп кейде түп­нұс­қа­дан ауытқып кеткен кездері де болған.

Міне, мұның бәрі мәтінтанушы ғалымдардан араб жазуын ежелеп оқи білетін сауаттылықты ғана емес, терең білім-білікті, ықы­лас пен ыждаһаттылықты, төзімділікті, абайтанудың арғы-бергі тарихына байланысты көп ізденісті талап ететін мехнатты шаруа. Осындай аса күрделі мәселелердің бұл жинақты даярлауда да мамандар алдында кесе көлденең тұрғанын айтпасқа болмайды. Сондықтан бұл басылым да осындай сансыз сауалдардың барлығына соңғы нүкте қояды деген ойдан аулақпыз. Ол – үздіксіз жүргізіліп отыратын, мәтінтану ғылымының мәңгілік мәселесі.

– Соңғы кезеңде ақынның жаңа шығармасы немесе қол­жаз­­басы табылыпты, олар жаңа жи­наққа енгізіліпті деген сөздер де шығып жатады.

– Қазіргі кезеңде Абай шы­ғар­маларының арап әліпбиімен көшірілген қолжазбаларының са­ны оннан асты. Бұларды шарт­ты түрде ақынның 1909 жыл­ғы тұңғыш жинағы жарық көр­ген­ге дейінгі және аталмыш кітап ба­сы­­лып шыққаннан кейінгі кө­шір­­­мелер деп екі топқа бөлуге бо­ла­ды. Алғашқы топқа жататын 5 көшірменің үшеуі (1905, 1907, 1910) Абай шығармаларының түп­нұсқасына баланып жүрген Мүрсейіт Бікіұлының ақынның өз аузынан естіген немесе жазбала­ры­нан хатқа түсіріп таратқан әйгілі көшірмелері. Сонымен қоса бұл топқа Петербургтен кезінде академик Әлкей Марғұлан тапқан С.Шорманұлы мен В.А.Қудышов деген адамдардың қолымен жи­нал­­ған екі жазба тағы бар. Қалған­да­ры әртүрлі ке­з­­­еңдерде 1909 жылғы кітаптың қай­та көшірілген нұс­қа­лары. Ол­ар­­дың ішінде абай­та­ну­шы­­лар­ға ен­ді ғана мәлім болып жат­­қан­­дары да жоқ емес.

Күні бүгінге дейін Абай шы­ғар­малары жинақталып он (1909, 1922(24), 1933, 1939-1940, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995) мәрте жарық көрген. Бұл басылымдарды салыстыра зерделесек, Абай шығармаларының жиналуы мен жариялануының күрделі де, қиын жолдан өткенін көреміз. Бұл орайда, ақынның алғашқы тасқа басылған кітабы болып табылатын 1909 жылғы жинақтың маңызын ерекше атап көрсеткен жөн. Абай өлеңдерінің алғаш жинақталып жарық көруі осы жинақтан басталады және оны әзірлеуге Абай­дың ет жақын туыстары, шә­кірт­тері Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы бас болып Мүрсейіт Бікіұлы­нан бастап ақын шығар­ма­шы­лығын жақсы білетін адамдар жұ­мыла атсалысқан. Ол кезеңде Абай өлеңдерін өз көздерімен оқып, ет құлақтарымен естіген адам­­­­­дар­дың барлығының көзі бар бо­­ла­тын. Бұл қолжазбаны кітап етіп бастыруға жолбасшы бол­ған Алаш көсемі Ә.Бөкейхан да оқыған, Абай жөніндегі алғашқы классикалық мақаланы жазған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы да осы қолжазба нұсқа арқылы танысқан. Оның үстіне, ақын дүниеден озғаннан кейін бес жылдан соң баспа бетін көрген жинақтың әзірленуі әріректен, М. Әуезовтің айтуы бойынша, 1898 жылдардан басталады. Демек, біз үшін Абай шығармаларының алғашқы ресми басылымы ретінде бұл еңбектің маңызы ерекше. Әрине, тұңғыш кітаптың да кезінде әртүрлі себептермен көптеген қателіктермен жарияланғаны абайтанушыларға аян мәселе. Оны кезінде Кәкітай Ысқақұлы мен М.Әуезовтен бас­тап, кейінгі мәтінтанушылар да атап көрсеткен. Сол сияқты ескі қадым жазуында татар аға­йын­дар­дың қолғабысымен басылған жинақтың бүгінгіше оқылуында да тартысты мәселелер аз емес.

Аталған басылымдардың ішін­­дегі академиялық сипатқа ие ең­бек­тер, негізінен, М.О.Әуезов атын­да­ғы Әдебиет және өнер инсти­ту­тының ғалымдарының (М.Әуе­зов­тің басшылығымен) күші­мен дайындалған. Бұл орайда, аса зор табандылық пен терең білім-білік танытқан М.Әуезов еңбегіне бас иеміз, әлі күнге бағдаршам тұ­та­мыз.

Дегенмен бұл төңіректе әлі де түп тиянағын таппаған сауал­дар, заманның ырқымен қал­та­рыс­та қалған немесе өзге­ріс­ке түс­кен ақын сөздері, көшір­ме­лерді түр­лі­ше оқудан кеткен жаң­сақ­тықтар, жазбаға түсіру, басып шы­ға­ру ке­зін­де кеткен тех­ни­ка­лық қа­телер болмай қалған жоқ.

Абай шығармаларының барын­ша түгенделіп, ғылыми жүйе­ленген басылымы 1933 жылы Қызылорда қаласында жа­рық көрді. Жинақты құрас­ты­рып, алғысөзін жазған Ілияс Жансүгіров. Басына бұлт үйіріліп жүрсе де М.Әуезов өз қолымен жинаған және Абайдікі екеніне көңілі сенген көптеген өлеңдерді осы жинаққа жаңадан қосты. Сол сияқты ақынның тұң­ғыш кітабына енбеген, әртүрлі кө­­шір­мелер мен басылымдарда ша­­шыраңқы жарияланып жүрген Абай­дың прозалық шығармалары да алғаш рет «Қара сөздер» деген атпен осы кітапқа топтастырылып берілді. Соның нәтижесінде бұл жинақ ақын кітабының алғашқы толық жинағы болып шықты.

Кейінгі, М.Әуезов өзі бас болған жинақтардың барлығында (1945, 1954, 1957, 1961) осы мақсатқа жұмыс істеп, ақын мұрасын үнемі толықтырумен, абайтануды жетілдірумен болды. Бұл орайда Ахат Шәкәрімұлы, Қайым Мұхаметханұлы сияқты кәнігі абайтанушылардың ел арасынан жинап, М.Әуезов сарасынан өткізе отырып, біршама жаңа шығармаларды жарыққа шығарғанын ерекше атап айтқан жөн. Қаншама рухани қыспақтан өтсе де ел ішінде бертінге дейін қолжазба көшірмелердің табылып жатқандығы, ақын өлеңдерін бастан аяқ жатқа білетін адамдардың да жиі кездесетіндігі Абай мұрасына деген халық ықыласының өте жо­ғары болғандығының белгісі. Соның нәтижесінде ұлы ойшыл­дың құрдымға кете жаздап қалған асыл мұрасының ұзын-ырғасы жи­нақ­та­лып, ел игілігіне айналды деуге бо­лады.

Ал енді Абайдың қазір жаңадан табылды деп жүрген шығармалары сонау Әуезов заманынан белгілі болған. Оған абайтанудың негізін салушы өте сақтықпен қараған. Басқаны айтпағанның өзінде Мүрсейіт қолжазбаларындағы шы­­ғармалар­дың өзін мұқият са­рап­­таудан өткізіп барып қатарға қосқан. Мәселен, 1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасында берілген «Бар болса білім», «Ғаріпке өзің рахым ойламасаң», «Өлеңнің ұйқасы емес іздегенім» «Кәкітайдан білім ап», «Ынтық қасиеттерге», «Мұ­қа­мен біржарым ай ермек қыл­дым» деп аталатын өлеңдерді қа­­был­дамаған (Мырзахметов М. 123-бет). Кейіннен Ә.Марғұлан, Қ.Мұхаметханов, А.Шәкәрімұлы сияқ­ты кәнігі абайтанушылар әр жерден тауып әкелген өлеңдерге де қатал талап қойған. М.Әуезовтің «Абайды көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық» дейтін әйгілі сөзі осындайда айтылған. Кейінгі кезде осы мәселені қайта көтеріп, кейбір шығармаларды жинақтарға қосып жүрген жағдайлар бар. 

Мәтіндегі дүдамал мәсе­ле­­лер­ді анықтауда аталған жи­нақ шық­қан­ға дейін Абай шы­ғар­маларын көшіріп тарату­шы­лар­дың бүгінге жеткен жазбалары да көзден таса қалған жоқ. Солардың ішінде елге әйгілі Мүр­се­йіт Бікіұлының түп мәтінге бара-бар көшірмелері бас­ты назарда болды.

Ақынның ұрпағы Тұрағұл Абай­ұлының бізге жеткен Абай мұра­сына арналған қолжазбасы мен есте­ліктері де осындай аса қымбат мұ­ра­лар қатарында. Мұндай құн­ды көшірме-қолжазбалар ақын шығармашылығының аталған жинақтағы кеткен әркелкіліктерді саралауда ғана емес, оған енбей қалған шығармаларды түген­деу­де де үстеме мағлұматтар бере­тін бәсі жоғары материалдар. Мәсе­лен, жинаққа әртүрлі себеппен енбей қалған өлеңдер мен «қара сөздер» деп аталатын прозалық шығармалардың дені осы көшірмелерде сақталған. Бұл орайда жинақты ауызша жадқа сала отырып, А.Байтұрсынұлы әліпбиімен қайта көшірген қол­жаз­балардың да маңызы жо­ға­ры. Солардың ішінде профессор Т.Жұртбайдың ғылыми айналысқа енгізген Қытайдағы Шығыс Түркістан аймағында Зият Шәкәрімұлының қолындағы Абайдың 1909 жылғы жинағы мен Шәкерімнің қолжазба дәптерімен салыс­­тырылып көшірілген Ше­риаз­­­­дан Марсековтің және би­мағ­лұм «Хаткер-кәтіптің» (Т.Жұртбай) 1909 жылғы кі­тап­тан кө­­шірген қолжазбалары да қа­­пер­ге алынды.

Жаңа академиялық шығар­ма­лар жинағын әзірлеуге, мәтін­дер­ге текстологиялық салыс­тыру­лар жасап, ғылыми түсінік­тер­ді са­раптан өткізуге ҰҒА ака­де­мик­тері: С.Қирабаев, С.Қасқ­а­ба­сов, ҰҒА корреспондент-мү­ше­сі К.Матыжанов, фило­ло­гия ғылымдарының док­­тор­ла­ры: М.Мырзахметов, Т.Жұртбай. Қ.Мәдібаева, филоло­гия ғылым­да­­рының кандидатта­ры: Т.Шапай, С.Қорабай, П.Алпысбай, Т.Қыдыр, музы­­катану­шы Е.Шүкі­ман, жас маман­­дар Б.Тұр­сын­бай, А.Жұма­тае­ва­­лар қа­тыс­­ты.

– Қазақтың болмыс-бітімін, мәдениетін әлемге Абай арқылы та­нытуда ең бірінші не нәрсені не­гізге алуымыз керек?

– Оның ең төте, тиянақты жолы – Абай шығармалары. Алдымен ақын шығармашылығын кең кө­лем­де оқырманға жеткізудің, оны заманауи технологиялар негі­зін­де насихаттаудың тәсілдерін же­тілдіру керек. Әрине оның бір­ша­ма жолға қойылған кітаптар мен баспасөз арқылы таратудың дәс­түр­лі жолы бар. Биылғы мерейтой жылында да бұл арнада біраз шаруалар қолға алынды. Дегенмен ме­ніңше, бұл жол қазіргі уақыт та­лабын, әлемдік даму үрдісін қа­нағат­тандырмайды. Абайды біз әлі де цифрлық технология тіліне енгізе алған жоқпыз. Басқаны айтпағанда, компьютеріңді ашып қалсаң, телефоныңның түймесін басып қалсаң Абай сөйлеп кетпейді. Абай әлі де болса балабақшадан бастап, барлық деңгейдегі білім, мәдениет ошақтарының төріне шыға қойған жоқ. Тіпті Абай жө­ні­нде әлі күнге тұшынып көретін не көркем, не деректі фильм жоқ. Ондай фильмдердің күні өтті десек, неге анимациялық фильм түсірмеске. Сондай тамаша туын­дыларымыз болса, шет тіліне ауда­рып, атамызды әлемге таныстыра бер­мес пе едік.

 – Әлемнің он тіліне аударылып жатқан ақын шығармалары Абайды дүниеге таныстырудың басы емес пе?

 – Әрине, бұл – бұрын-соңды болып көрмеген теңдессіз жоба. Оған бастамашы болып, өзі қа­да­ға­лап жүзеге асырып отырған ел Пре­зи­дентіне – мадақ. Енді осы игілікті істі жан-жақты қолдап, шалқарын кеңей­тіп, мазмұнын зерттеу еңбек­те­рмен байытып, абайтануды сала-сала етіп дамытып алып кет­кен жөн болар еді. Осымен са­бақ­тас тағы бір үлкен мәселе Абай шығармашылығын әлемдік әдебиеттану, мәдениеттану, тарих, философия ғылымдарының жетістіктері тұрғысынан қайта саралау. Ол үшін ең алдымен, қазақ тарихын, Абай өмір сүрген заманды дүние жүзі тарихымен астас­тыра отырып, жаңа, тәуелсіз сана тұрғысынан қарастыру қажет. Бұл орайда ғұлама көтерген адамзаттық мәселелердің шалқары өте кең. Оларды тереңірек ашу үшін алдымен бұрынғы қалыптасқан стерео­тип­терден арылу парыз. Абай заманын, өсіп-өнген ортасын, білім алған оқу орындарын, оқыған кітаптарын, философиялық ой-өрісінің қалыптасуына әсер еткен ғылыми ағымдардың, Орталық Азия мен Патшалық Ресейдің саяси ахуалын кешенді түрде шынайы деректер арқылы зерттеу қажет. Абайды тұйықталған ортадағы оқшауланған ойшыл емес, сол дәуірдегі ғаламдық жаңалықтардан хабары бар және оған белсенді үн қосқан қайраткер тұлға ретінде қарастырған жөн.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ