Еліміздің шығысындағы Риддерде болған едім. Қаланың өзінде емес, оның шетіндегі шағын ауылда тұратын туысқанның үйінде. Ауа рахатын осы жерде сезіндім. Бүкіл дүние жұпар шашып тұрғандай. Төсекке басың тисе, тастай қатып ұйықтайсың. Себебі ауылдың, маңайындағы биік таулар тұнған ағаш. Ауыл ішінде өскен теректердің төбесіне шалқайып тұрып қарасаң, басың айналады. Себебі өте биік.
Таяқ шаншысаң, орман өсіп шығатын осынау өлкеде табиғаттың бар құнарын бойына сіңіріп еркін өскен жаңағы қарағай, шырша, самырсын, теректердің адам денсаулығы үшін аса қажетті оттегіні сәт сайын өндіріп тұратын мол қор екендігі, мұндай жерде жел орнына жұпар есетіндігі түсінікті болар.
Дүниенің шындығы салыстырмалы түрде айқындалады ғой қашанда. Елордаға қайтып келгенімде мұнда ауаның тапшы екендігін сезіндім. Бәлкім, қысымы мен құрамы бірдей шығар. Бірақ бұрқыраған көк иісін сезбейсің, көкірек керіп жұта да алмайсың. Неліктен?
Әрине біз астананың ауасы орманды алқаптар ауасына қарағанда құрғақ келетінін білеміз, сондықтан жеңіл жұтылады да, адамдар өздерінің тыныс алған-алмағанына көп мән бере бермейді. Екіншіден, қаптаған көліктер таратып жататын көмірқышқыл газының да әсері мол. Қартайған адамдарда осыдан ұйқысыздық пайда болуы мүмкін. «Ауадағы оттегінің мөлшері техногендік факторлар әсерінен азайып отырады, ол механикалық және химиялық жолмен жүреді. Механикалық әсерлер – газ, шаң күйіндегі химиялық заттар. Химиялық өндіріс шоғырланған аймақтарда экологиялық мәселелер ушығып отыр, ал үлкен қалаларда бұл мәселе автокөліктер әсерінен шиеленісуде» деп жазылыпты бұл жайында Уикипедияда.
Осы ретте елорданың ішіне адамдар демалатын бақтардың жиі салынуы, айналасы ондаған мың гектарларды құрайтын жасанды орман алқаптарымен қоршалуы өте дұрыс болып отыр. Бұлар техногендік факторлар есебінен туындайтын түрлі газды, соның ішінде көмірқышқыл газын бойына сіңіріп, орнына оттегіні бөліп шығарады.
Бұл дүниеде осы уақытқа дейін адам баласының ең жиі қолданатын басты екі мұқтажы ауа мен су тегін еді. Судың қазір саудаға шыққанын көріп отырмыз. Енді қалғаны – ауа. Адам оны сәт сайын, секунд сайын пайдаланады. Сондықтан ауаны сату мүмкін еместей. Бірақ бұл тұжырымға да ептеп жанама жолдар арқылы өзгерістер ене бастаған секілді. Оны қаладағы саябақтар, өзен жағалауларына жақын салынған үйлердің басқаларға қарағанда қымбатырақ тұратындығына қарап аңғаруға болады. Енді осы үдеріс одан әрі тереңдей беретін секілді. Мәселен, қазір өсіп тұрған әдемі ағаштардың бағасы жиһаз бағасынан арзан емес. Тіпті қазір оны бүлдірмей қазып алып, үйіңізге әкеліп орнатып беретін техникалар шығарылып, қызметтер жұмыс істеуде.
Екіншіден, жұрттың бәрін шулатып, дүниеге үлкен өзгерісін әкелген коронавирусыңыз бұл мәселеге де әсерін тигізгені анық сезіледі. Індет әр нәрсені өз орнына қоюда. Мәселен бұрын адамдар жаңағы ағаштарды бірінші кезекте көрнекілік үшін орнататын. Енді оның қажеттілігі алға шыға бастаған секілді. Себебі коронавирустың өзі адамды тыныс алатын мүшесі өкпеден келіп шырмауда. Осыған байланысты адамзат үшін ендігі жерде демалатын сапалы ауаның маңызы әлдеқайда арта түсті. Ауруханаларда науқастарға өкпені жасанды желдететін аппараттар жетіспей жатыр. Естуімізше, қазір мұндай аппараттар мен оттегі баллондарының бағасы да бұрынғыға қарағанда қымбаттап кеткен.
«Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» дегендей, осы коронавирус арқылы адамдар өмірдің қадірін, ауаның маңызын ұққаны сезіледі. Қазір Нұр-Сұлтандағы ботаникалық бақта таңғы сағат бес жарым-алтылар кезінен бастап жүгіруге шыққан адамдардың мол қарасын көреміз. Мұның өзі саябақтар қасындағы үйлердің тағы да қымбаттай түсетіндігін білдіретіндей.