Білім • 13 Тамыз, 2020

Оқу жылына дайындық мәселесі пысықталды

4767 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында 75 мыңнан артық оқушы 477 мектепке барады, деп хабарлайды Egemen.kz

Оқу жылына дайындық мәселесі пысықталды

Бір қуаныштысы сол, оқушылар саны былтырғыдан артық. Былтыр 8,5 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаса биыл олардың саны 9 мыңға жуық.

Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақалов жарты айдай ғана мерзім қалған жаңа оқу жылы алдындағы дайындық туралы журналистердің алдында брифинг берді.

"Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 142 мектеп жаңарса, биыл 107 білім ордасы жөнделуде. Осылайша, екі жыл ішінде біз өңір мектептерінің жартысын жаңартамыз", деді әкім.

Сонымен бірге биылғы оқу жылында үш жаңа мектеп пайдалануға берілетіндігі айтылды. Соның ішінде Қызылжардың "Жас өркен" ықшам ауданындағы 900 орындық қазақ мектебі бар. Сондай-ақ қала іргесіндегі Бескөл ауылында да 300 орындық жаңа мектеп ашылады. Өзінің сөзінде Құмар Іргебайұлы барлық мектептердің бейнебақылаумен қамтамасыз етілгенін айтты. Сонымен қатар олардың көлік паркі де жаңаланған, биыл оларға 43 автобус берілген. 231 мектепке жиһаз және 324 мектепке спорт құралдары алыныпты.

Соңғы үш жылда 1600 дана компьютер сатып алынған. Карантин кезінде үнемдеу есебінен тұрмысы төмен отбасылардың балаларына 580 компьютер алынып, таратылған. Жаңа оқу жылында мектептерге алынатын техникалық құралдардың құны соңғы 10 жылдағы компьютерлердің бағасына жуық.

Оқу процесінің қалай жүргізілетінін айтқанда әкім ауылдардағы 318 шағын жинақты мектепте оқу штаттық режімде өтетінін атап өтті.

"Бір сыныпта 15 баладан аспауы қатты қадағаланады. Артық болса екі ауысымда оқиды. Қашықтықтан оқытатын мектептердегі бастауыш сыныптарда ата-аналардың өтініші бойынша 2 мың кезекші топ ашылады. Мұнда да бір сыныпта 15 баладан ғана оқитын болады", деді ол.

Әрине, жылдағыдай барлық оқушылар тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Қашықтықтан оқу үшін мұғалімдер мен оқушыларға қажет 15 мыңға жуық компьютер таратылмақшы. Соның ішінде компьютерлер табысы төмен отбасылардың балаларына, жетімдерге және ерекше балаларға беріледі.

Сондай-ақ, 373 мұғалімге компьютерлер уақытша пайдалануға беріледі.

Қашықтықтан оқыту үшін сапалы интернет керек екені белгілі. Бүгінгі таңда облыстағы 635 елді мекеннің 437-не кең жолақты интернет жеткізілген. Биыл тағы 133 ауыл сапалы интернетке қосылмақ. Сөйтіп жыл соңына дейін 570 ауыл кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілмек. Бұл барлық ауылдардың 90 проценті.

Шалғай ауылдарға 1,5 мың роутер мен USB-модемдер сатып алынады екен. "Олардың барлығы табысы төмен отбасылардың балаларына беріледі. Сонымен бірге барлық мектептерде санитарлық шаралар күшейтіледі. Тепловизорлар, санитайзерлер мен дезинфекциялық құралдардың қажетті көлемі алынады. Қажетсіз байланыстарды болдырмау үшін мектептерде асханалар уақытша жұмыс істемейді", деді Қ.Ақсақалов.

1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде оқу қашықтық форматта өтетіндігі де айтылды.

"Телесабақтардың көрсетілімі "Әл-Фараби" және "Ел-Арнада" 9.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Оларды облыстың барлық ауылдарында "OTAU TV" арқылы көруге болады. Бұдан басқа, "Қазтелерадионың" 29 станциясы арқылы хабар тарату көзделген. Қосымша тағы 13 станция қосылады. Қорытындысында облысты қамту - 100 процентті құрамақ", деді әкім.

Қ.Ақсақалов колледждердің жұмысына да тоқталып өтті.

"Қазір облыста 25 колледж бар, соның үшеуі қашықтықтан жұмыс істесе, он екісі аралас оқыту жүйесіне көшеді. Ауылдардағы 10 колледжде оқыту штаттық режімде өтеді", деді ол.

Айта кететін жайт, облыста қазір кадр тапшылығы мәселесі толық шешілген екен. Соңғы үш жылда өңірге 1 390 жас мұғалім сырттан келіпті. Биыл тағы 315 жас маман келмекші.

Сөзінің соңында Қ.Ақсақалов қашықтықтан оқыту форматының оңай емес екенін, бұл балалар үшін ғана емес, мұғалімдерге де үлкен сын екенін еске салды.

"Мұғалімдер үшін "Қашықтықтан оқимын" онлайн-курсы әзірленді. Қазірдің өзінде 3 мыңға жуық мұғалім даярлықтан өтті. Оқу жылы басталғанға дейін тағы 10 мың адам оқиды", деді ол.