Балама қуат көзін дамыту баспалдағы
Жалпы, әлем бойынша «жасыл» қаржы, «жасыл» технология деген ұғымдар 2007 жылдан бастап кең тарады. Оған Еуропалық инвестициялық банк пен Дүниежүзілік банктің осы бағыттағы құнды қағаздар шығарғаны түрткі болды. Ал облигациялар нарығының қарқынды дамуына 2013 жылдың наурыз айында Халықаралық қаржы корпорациясының алғаш рет жасыл облигация шығарғаннан кейін бір сағаттың ішінде 1 млрд доллардың облигациясының сатылып кетуі ықпал етті.
«Жасыл облигацияның» басқаларынан айырмашылығы не? Ең басты ерекшелігі, «жасыл облигациялардан» түскен қаражат толықтай экологиялық жобаларға, қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады. Көмірсутегі, көмір сынды дәстүрлі энергия көздерінен бөлек балама қуат көздерін дамыту, экологиялық таза көліктер өндірісі сынды ірі жобалардың барлығы осы қатарда.
Сонымен еліміздегі алғашқы «жасыл» облигациялар жаңғырмалы энергия көздеріне инвестициялау тәуекелдерін төмендету жөнінде БҰҰ Даму бағдарламасымен жасалған келісімнің шеңберінде шығарылып отыр. «Астана» ХҚО «Жасыл қаржы» орталығы жобаны жүзеге асыруға толық қолдау көрсетті. Эмитенттің «жасыл» облигациялар саласындағы саясатының АІХ-тің ұстанымына және ICMA-ның (Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығы) «жасыл» облигациялар қағидатына сәйкестігін бағалауға негізделген шолуды ұсынды.
АІХ басқармасының төрағасы Тим Беннетт осы жаңалыққа қатысты:
– «Жасыл» облигациялар бойынша біздің алғашқы эмитентіміз үшін қуаныштымыз. «Даму» қорының біздің «жасыл» қағидаттарымызға сәйкес келетін бағалы қағаздарының листингі «жасыл» экономиканы дамытуға қаражат тартатын басқа да ұйымдар үшін үлгі болады деп сенеміз, – деді.
«Даму» қоры басқармасының төрағасы Гаухар Бөрібаева да АІХ-тегі «жасыл» облигациялар листингі қордың «жасыл» қаржыландыру және микробизнесті, шағын және орта бизнесті қолдау стратегиясын іске асырудағы маңызды қадамы болғанын атап айтты.
– Бұл шығарылым балама энергия көздері мен энергия тиімділігі саласындағы жобаларды дамытуға және қаржыландыруға ынталандырады деп сенеміз. «Жасыл» қаржыландыруға сұраныс артқан жағдайда «Даму» қоры осындай жобаларды инвестициялауға арналған «жасыл» облигацияларды тағы шығару мүмкіндігін қарастыруға әзір, – деді ол.
Қордың тартқан қаражаты Даму банкінің «жасыл облигациялар» саясаты аясында жаңғырмалы энергия көздеріне қатысты шағын көлемді инвестициялық жобалармен айналысатын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу үшін екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржылық ұйымдарда орналасады. Тиісті келісім бойынша 12 % көлеміндегі бір бөлігін БҰҰ Даму банкі субсидиялайды. Даму банкі сонымен қатар инвестициялық жобаларды іріктеуге техникалық қолдау көрсетуге тиіс. Даму қорының «жасыл» облигацияларын АІХ-те шығару және орналастыру бойынша лид-менеджер – «BCC Invest» АҚ.
Бүгінгі таңда дүниежүзі бойынша нарыққа «жасыл қаржы» тарту ісінде Еуропалық одақ нарығы алдыңғы орында. Былтыр одақ аумағындағы жылдық нарық ауқымы 106 млрд доллардан асып түсті. АҚШ 50,6 млрд доллардың облигациясын шығарса, Қытайдың жылдық көрсеткіші 30 млрд-тан асты. «Жасыл» облигация шығару ауқымы бойынша көшбасшылардың қатарында Франция, Германия, Нидерланд, Швеция, Жапония, Италия, Канада елдері бар. 2018 жылы «жасыл» облигациялардың жалпы шығарылымы 167,6 млрд долларға жетті. 2019 жылы бұл көрсеткіш 257,5 млрд долларды құрады. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша «жасыл» облигациялардың жалпы нарығындағы қаражат 1 трлн долларға жетеді деген оптимистік болжам бар.
Сөз басында айтып кеткеніміздей, «жасыл» қаржыландыру деген ұғым Қазақстанға да біртіндеп таралып келеді. 2025 жылға дейін еліміз «жасыл» қаржы саласы бойынша Орталық Азия аймағында көшбасшы атануды көздеп отыр. «Жасыл» облигациялар – су, энергия, жылу және тағы да басқаларын тұтыну көрсеткіштерін төмендетуге, қоршаған ортаны ластаудың алдын алуға жұмсалатын өте қуатты қаржылық құрал. Қолданысқа енгеніне көп уақыт өте қоймаса да, оның аясы қазірдің өзінде өте кең. Адамзат үшін экология қашанда өзекті болып қала беретінін ескерсек, болашақта маңызы арта береді деуге толық негіз бар. Еліміздегі ірі өндіруші кәсіпорындар, сондай-ақ аймақ әкімдіктері алдағы уақытта «жасыл» облигация шығаруға тиіс. Бұл өз кезегінде экологияға зиян келтірмейтін жобаларға қаражат құюға жол ашады.
Қаржылай қолдауды қажет етеді
Алғашқы «жасыл» облигациялар листингі туралы тереңірек білу үшін АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Әсел Нұрахметовамен сөйлескен едік.
– Тартылған қаражат балама қуат көздері саласындағы толыққанды инвестициялық жобалармен айналысатын кәсіпкерлерді несиелеу үшін коммерциялық банктер мен шағын несие ұйымдарына салынады. АХҚО жанындағы «Жасыл» қаржы орталығы – әлеуетті эмитенттер, инвесторлар мен нарық қатысушыларына арналған, қарапайым тілмен айтқанда халыққа қызмет көрсету орталығы сынды мекеме. Біз компаниялардың АХҚО биржасына «жасыл» облигациялар шығаруына қолұшын береміз. Негізгі міндетіміз – «жасыл» қаржыны дамытуға қатысты стратегиялық мәселелерде кеңес беру және Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы «жасыл қаржының» өңірлік хабы ретінде АХҚО-ны ілгерілету, – деді ол.
Қазіргі таңда Қазақстанда «жасыл қаржыландыру» көлемі қандай? Оны дамытуда екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банк қандай рөл ойнайды? Әсел Нұрахметованың айтуынша, отандық банк секторы «жасыл» экономиканы дамытуда белсенді дей алмаймыз. Негізінен банктік несиелендіру аясындағы «жасыл» жобалар пайыздық үстемені субсидиялау есебінен қаржыландырылады.
Еуропа қайта құру және даму банкінің «Жасыл қалалар» жобасы аясында Шымкент, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және энергетикалық секторларға алдыңғы қатарлы «жасыл» технологияларды енгізу жобаларын іске асыруға қаржылық және техникалық көмек көрсетілуде. Жалпы, 2013 жылдан бері ЕҚҚДБ-ның Қазақстандағы балама қуат көздерін қаржыландыру көлемі 1 млрд долларға жетті.
2017 жылы Қазақстан Даму банкі Шығыс Қазақстан облысындағы «Тұрғысын» ГЭС-ін салуға 5 млрд теңге қарыз бөлді. Елімізде жаңғырмалы қуат көздерін қаржыландыруға Қазақстан Даму банкі бұған дейін 65 млрд теңге жұмсады. «Бәйтерек» холдингі де жекелеген несиелендіру және қолдау бағдарламалары арқылы «жасыл» экономиканы дамытуға қолдау көрсетеді. Бұл жасалып жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана.
– Қазақстанның «жасыл» трансформациясын жеделдету үшін қаржылық қолдау тетіктері секторлар мен құралдарды қамтитын институционалды және кешенді болуы керек. Орта мерзімді болашақта АХҚО-ның басты мақсаттарының бірі – банктердің «жасыл» облигация шығаруына ықпал ету. Мысалы, 2015 жылы Қытай мемлекеттік банкі жасыл облигациялар ережелерін енгізгеннен кейін, сондай-ақ ҚХР үкіметінің «жасыл» қаржы жүйесін құру туралы шешімінен соң көп ұзамай бұл елдің банктері «жасыл облигацияларын» қарқынды түрде шығара бастады. Қазір әлемдегі «жасыл» облигациялардың 50 пайызы Қытай банктеріне тиесілі, «жасыл облигацияның» эмитент банктерінің 40 пайызы сол елдің қаржы институттары. Бұл саясатты енгізгенге дейін Қытайда «жасыл» облигация саласында Даму банктері негізгі рөл ойнаған болатын. Қазақстандық банктер де «жасыл облигация» нарығы мен жасыл несиелендіруді дамытуды топтастыруда осындай маңызды рөл ойнай алады, – дейді Әсел Нұрахметова.
«Жасыл» облигацияны тиімді қолданудың қарапайым мысалы ретінде Швецияның Гетербор қаласы муниципалитетінің тәжірибесін тілге тиек етуге болады. Гетербор мэриясы соңғы 5 жыл ішінде жалпы құны 386 млн доллардан астам «жасыл» облигация шығарыпты. Оны жұмсаған секторлардың ішінде автономды үйлер жобасы бар. Жаңа технологиямен жабдықталған автономды, «ақылды» үйлерде энергия басқа үйлермен салыстырғанда 3 есе аз тұтынылады екен.
Қалай болғанда да, «жасыл» облигацияларды нарыққа шығару Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді деуге болады. Ал осы саладағы стартап жобалар табысты жүзеге асырылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық салаларға да тиімді ықпал етеді.