Қоғам • 18 Тамыз, 2020

Қос аудан «Қаһарман» атана ма?

544 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығын атап өттік. Әсіресе, сол бір қиын жылдардың бедеріне бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан қарау басым болды. Ол дұрыс та.

Қос аудан «Қаһарман» атана ма?

Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кеңес Одағы – ортақ Отанымыз болды десек те, сол Отанды қорғаған қан­шама боздақ – аға-апаларымыздың ерлігі лайықты бағасын ала алмады. Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспановалардың тағдыры осыған дәлел.

Мұндай тағдыр тек адам емес, елді мекендерге де қатысты болады екен. Еліміздегі «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумы төрағасының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор Махмұт Телеғұсов ел Президентіне хат жазып, күні бүгінге дейін ескерілмей жүрген бір мәселеге назар аударыпты.

Әдетте «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» деп жатамыз. Махмұт Өтегенұлы Ресей Федерациясында президент Жарлығымен елді мекендерге «Қаһарман даңқы» құрмет белгісі берілетінін, біздің елімізде де Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде жау бом­басының астында қалып, отқа оранған елді мекендер бар болғанымен, ол осы кезге дейін ескерілмей, лайықты бағасын ала алмай келе жатқанын айтады. «Бұл тарихи әділдік емес» дейді генерал.

Мәселен, Кеңес Одағы Қорғаныс Ха­лық комиссары И.В.Сталиннің 1941 жылғы 26 қарашадағы №0444 қау­лы­сымен Батыс Қазақстан облы­сының Жәнібек, Казталов, Орда (қазіргі Бөкей ордасы) мен Фурманов аудандары Сталинград әскери округінің құрамына енгізілді. Міне, осының өзі-ақ аталған өңірді соғыс өткен аумақ деп тануға жеткілікті. Өйткені осы аудандардың жергілікті халқы сол зұлмат күндердің ызғарын анық сезді, ауыртпалығын бір кісідей көтерді.

Газетіміздің биылғы 29 сәуірдегі санында жарияланған «Жел өтіндегі Жәнібек» атты мақалада соғыс жылдары Жәнібек ауданының фашист шабуы­лынан тартқан зардабы туралы жазған едік. Жәнібек емес, осы күндері Бөкей Ордасы ауданы да тұрақты түрде әуе шабуылына ұшырап отырған. Мәселен, 1942 жылдың 12 тамызына бастап жау ұшақтары Шоңай теміржол стансасын – 24, Сайқынды – 36, Жәнібекті – шамамен 40 рет бомбалаған екен. Нәтижесінде, 300-ден кем емес бейбіт тұрғын мен әскерилер қаза тауып, 250 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Тек Жәнібек пен Бөкей Ордасы ауданына келтірілген материалдық шығын 7161,7 мың сомды құраған.

«Соғыстың алғашқы күндеріндегі жау бомбасының негізгі нысанасы Саратов теміржол стансасы бойымен жал­ғасатын жерасты мұнай құбыр­ларының құрылысы еді. Шоңайда мұнай айдау стансасы салынып, пайдалануға берілген-тін. Сталинград майданына қару-жарақ, жанармай, азық-түлік пен медициналық керек-жарақ, киім-кешек осы аудандар аумағындағы теміржолмен тасымалданған еді. Осы себепті де Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандары жау бомбасының астында қалды. 1942 жылы Сайқын стансасында Сталинград майданынан шыққан 196-Гатчинск атқыштар дивизиясының жаралы жауынгерлерін тасымалдаған санитарлық пойызды жау ұшақтары бомбалады», деп жазады генерал.

Сол шабуыл кезінде қаза тапқан әскердің сүйегі 1984 жылы ғана табылып, бауырластар зиратына жерленді. 2019 жылы Равнинный разъезі маңындағы теміржол бойынан 74-теңіз атқыштар бригадасы әскерлерінің сүйегі табылып, жерленді. Сталинград қаласындағы «Красный Октябрь» мен «Баррикада» зауыттарының тылға көшірілген жұмыс­шы отбасылары да жау бомбасынан қазақ топырағында ажал құшты. Олар да жергілікті тұрғындардың күшімен жерленіп, белгі қойылды.

Сол жылдары Жәнібек ауданында 8-әуе әскери армиясының резервтік штабы болды, запастағы әскери аэродром, 57-әуе және 1-танк бөлімдерінің қару-жарақ және азық-түлік қоймалары салынды. Аудан орталығында мектеп ғимараттарында үш әскери госпиталь жасақталды.

1942 жылы аудан аумағында аэродромдар жедел салынып, 8-әуе әс­кері бөлімінің орналасуына тиісті кө­­мек көрсетілді. Бұл жергілікті партия комитетінің орасан зор қолдауы арқасында ғана жасалғанын 8-әуе әскері командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор А.Вихарев арнайы атап, алғыс білдірген.

Шоңай және Сайқын стансаларын­да зенит батареялары орнатылып, әуе полктері, санитарлық-әскери қамтамасыз ету бөлімдері орналастырылды. Бөкей ордасы ауылында ұшқыштар және әс­кери қызметкерлер даярлайтын Наль­чик әскери училищесі орналасты, жергілікті тұрғындар қатарынан саннұсқаушылар мен мергендер даярлау курстары жүр­гізілді.

Он алты жастағы мектеп оқушылары – комсомолдардан құралған әскери штаб әскери пойыздарды нысана қылған жау ұшақтарын шатыстыру үшін жалған аэродром құрастырды.

Шоңай – Сайқын – Жәнібек теміржол стансаларын 7 зениттік бронепойыз, 629, 731 және 788 жойғыш әуе полктері, 21 жау ұшағын атып түсірген, бұдан басқа 3 жау ұшағын жойған 102-ПВО жойғыш авиациялық дивизия қорғады. Жәнібек аспанын қорғауда ұшқыш-курсанттар Д.Гудков пен С.Танов Гастелло ерлігін қайталады.

Жәнібек және Бөкей Ордасы аудан­дарының чекисттері 1942 жылдың қыркүйегі мен 1944 жылдың мамыры аралығында Жәнібек – Сайқын – Шоңай теміржолы желісін жаруға бекінген диверсант-парашютистер тобымен қарулы қақтығыста ерлікпен әрекет етті.

Батыс Қазақстан облысының Жә­нібек мен Бөкей Ордасы аудандары – Кеңес Одағының Батырлары Ерденбек Нетқалиев, Николай Чуриков, Мәншүк Мәметова, Ахмедияр Құсайынов, Темір Масин, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың және басқа да толар­сақтан қан кешіп, Отан қорғауда ерен ерлік көрсеткен ұл-қыздардың кіші Отаны.

Жәнібек ауданынан 3602 адам май­данға алынса, соның 2341-і ұрыс даласында қаза тапты. Бөкей Ордасы ауданына әскер қатарына шақырылған 4613 адамның 3028-і туған жерге оралған жоқ.

Ұлы Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты.

Фашистер басып кірген аумақтан жер аударылған еврей мен неміс отбасылары Жәнібек ауданының елді мекендеріне орналастырылды. Жаппай көшірілген көппен бірге Воронеж, Ворошиловград, Ростов, Сталинград облысы мен Қалмақ АКСР, Краснодар мен Ставрополь аймағының кеңшар мен ұжымшарларынан 87 300 бас ірі қара, 439 100 бас қой мен ешкі, 24 600 бас жылқы, 1700 бас түйе әкелінді. Жер­гілікті атқару комиететі мен аудан тұр­ғындары осы көшіп келген қа­уым мен малды орналастыру, оларды үй-жай, азық-түлікпен, малын жем-шөп­пен қамтамасыз ету шараларын ұтымды ұйымдастырды. Кейін жау басып алған аумақтар азат етілгеннен соң жер аударылғандардың өз отандарына аман-есен оралуына жағдай жасады.

Жәнібек ауданының тұрғындары 1941 жылдың желтоқсанына дейін Сталинград майданына 346 бас ірі қара, 4 590 кило ет, 164 кило ұн, 556 келі сары май, 155 дана қысқа тон, 350 кеудеше, 600 жұп байпақ, 1 041 дана қолғап, 1 165 дана бас киім, 423 жылы шалбар, 4340 келі жүн, 42 500 рубль, 124 920 сом көле­мінде мемлекеттік займ жіберген екен.

Бөкей Ордасы ауданы 1942 жылдың аяғына дейін 4 592 кило ет, 360 кило сары май, 3 610 кило ұн, 245 дана құс (ет түрінде), киім-кешек, махорка, 23 млн сом ақшалай жіберген. Ростов облысына 100 шақты ірі қара, Украина, Донбасс, Сталинградқа екі ай ішінде танк колоннасын құру үшін 5 млн 300 мың сом жинаған. 1942-1943 жылдары майданға мұндай көмек бірнеше мәрте көрсетілді.

Кеңес Одағы Халық комисса­риа­тының Қаулысымен 1947 жылдан бас­тап, соғыс кезінде зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру үшін жиырма жыл бойы үздіксіз арнайы қаржы бөліп келді. Бірақ Қазақстандағы Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарына бұл тимеді. Өйткені Кеңес Одағының басшылығы «әскери ұрыс әрекеттері Еділден асқан жоқ» деген ұстанымды басшылыққа алды. Бұл тұжырым бойынша қазақстандық аумақ майдан даласы болған жоқ, яғни әскери ұрыс амалдары орын алмады. Осы себепті, Жәнібек пен Бөкей Ордасы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына енгізілген жоқ.

«Президент мырза! Жоғарыда ай­тылған тарихи деректерді негізге ала отырып, тарихи әділдікті қалпына кел­тіруге және Батыс Қазақстан облы­сының Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарына «Қаһарман аудан» құрмет атағына беруге ықпал етуіңізді өтінеміз» дейді өз хатында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, генерал-майор Махмұт Телеғұсов.

Бұл тілекке еліміздегі «Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбек арда­гер­лері мен соғыс балалары кеңесі» қо­ғамдық қоры, Батыс Қазақстан облы­сындағы Жәнібек және Бөкей Ордасы ауданының ардагерлері, жалпы Батыс Қазақстан облысының ардагерлері толық қосылған.

Айта кетейік, биылғы 9 мамыр – Жеңіс күні құрметіне Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарының орта­лығында «Қаһарман аудан» деген жазуы бар ескерткіштер ашылды. Бірақ бұл мәртебе Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен бекітілсе құба-құп дейді қаһарман аудандар тұрғындары.

 

Батыс Қазақстан облысы