Экономика • 18 Тамыз, 2020

Асқар Мамин балық шаруашылығын дамыту бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды

1122 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздің балық саласын дамыту перспективалары қаралды, - деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Миннистрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Асқар Мамин балық шаруашылығын дамыту бағдарламаларын әзірлеуді тапсырды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, сондай-ақ «Хамит» балық шаруашылығының өкілі Б. Серманизов, «Caspian Riviera» балық шаруашылығының өкілі Р. Хамитова, «KingFish» балық шаруашылығының өкілі М. Тұрсынәлі баяндама жасады. Балық аулау және оны көбейту — азық-түлік өнімі өндірісіндегі басым салалардың бірі. Қазақстанда тауарлы балық өсірумен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады. Биылғы ақпан айында Атырау қаласында Үкімет басшысының төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша әкімшілік кедергілерді азайтуға және балық шаруашылығы саласын дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленді. Су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді оңтайландыруға, балық өсіру шаруашылығын (оның ішінде су қорғау белдеуінде) тиімді аймақтарға бөлуге және орналастыруға, балық аулаудың және балық аулайтын кемелер жұмысының тиімді кестесін белгілеуге, тыйым салынған балық аулау құралдарының айналымы үшін жауапкершілікті белгілейтін нормаларды қатаңдатуға ерекше назар аударылды. Барлық қажетті заңнамалық түзетулер биылғы қыркүйекте Парламентке енгізіледі. Жемшөпті субсидиялау (25% дейін) және инвестициялық шығындарды өтеу (30% дейін) тұрғысынан қосымша мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Тауарлы балық өсіруді дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға жеңілдетілген несие беру көзделген. Жалпы, сала айтарлықтай әлеуетке ие және серпінді өсім көрсетуде. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында биыл өсірілген тауарлы балықтың көлемін соңғы екі жылда 1,6 есеге өсіріп (2018 жылы – 5,6 мың тонна, 2019 жылы – 7,4 мың тонна), 9 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте өсірілетін балықтың негізгі көлемі Түркістан облысы (шамамен 68%), Алматы, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.  Премьер-Министр балық өндірісінің көлемі айтарлықтай ұлғайып, 2030 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жеткізілуі мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар балық саласы АӨК құрылымында негізгілердің біріне айналуы тиіс, экспорт көлемі 10 есе — 300 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс орны құрылуы тиіс. «Әр өңірде балық өндірісі ұйымдастырылуы тиіс, бизнес субъектілеріне су қоймалары бекітіліп, жаңа ауланған сапасы жоғары балық сататын сауда орындарының санын арттыру керек. Азаматтардың пайдалы тамақтану рационын қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша бір адамға балықты тұтыну деңгейін 16 килограмға жеткізу керек (бүгінде ҚР-да — жылына 3-4 кг)», — деді А. Мамин. Үкімет басшысы биылғы 1 қарашаға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді және бекітуді тапсырды, онда басым субсидиялау, жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу бойынша нақты индикаторлар мен іс-шаралар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуі тиіс. Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге бір ай мерзімде бизнес қауымдастықтармен балық шаруашылығы саласын субсидиялауды кеңейту жөніндегі ұсыныстарды пысықтау, Білім және ғылым министрлігімен бірге жоғары оқу орындарының оқу және тәжірибелік бағдарламаларын балық аулаудан балық өсіруге баса назар аудара отырып, қайта қарау тапсырылды. Қаржы министрлігіне сауда министрлігімен бірге шет елден балықтың бағалы түрлерінің балық өсіру материалын жеткізуді және оларды тасымалдау кезінде шекарада бақылаудың барлық түрлерінен өтуді рәсімдеу рәсімін оңайлату жөніндегі ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.