Алғашқылардың қатарында бостандыққа шыққандардың бірі – Досбол Палуанов. Өзбекстанның 28 жастағы азаматы 2019 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 109-бабымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) 3 жылға сотталған. Биыл жазасының қалған мерзімін айыппұлға ауыстырып, 1 млн теңгеден астам қаржы төлеп, бостандыққа шығып отыр.
«Менің Қарақалпақстанда тұратын анам мен ағам бар. Олардың ай сайын менің амандығымды білу үшін келуіне шамасы болмады. Сол себептен, жылына бір рет келіп тұрды. Ал, мен алдымен Ақтауда, кейін Атырауда жалдамалы жұмысшы болдым. Жұмыс істеп жүрген кезде істі болып, сотталдым. Мекемеде түзелу жолына түсіп, өз-өзіме түрмеге қайта түспеуге уәде бердім», -дейді Досбол Палуанов.
Оның айтуынша, түрмеде кітапханадан қазақша кітаптар алып, тілін жаттықтырыпты. Қазір қазақ тілін толық түсінеді. Қазақша сөйлей алады. Спорттық, мәдени шараларға жиі қатысып, футбол ойнауды үйренген. Енді ол облыстық Полиция департаментіне қарасты көші-қон қызметіне тіркеуге тұрады. Ал, оның ісі Атырау қалалық әкімшілік сотына жіберіліп, 10 күннің ішінде елден шығарылады.
«Туған жеріме ораламын. Өз елімде үй салып, үйленбек ойым бар. Қазақстандағы жылдарым маған өмірлік сабақ болды» дейді өзбекстандық Досбол Палуанов.
Темір тордан бостандыққа шыққан тағы бір азамат – ақтаулық Данияр. Жиырма төрттегі жас жігіт 2019 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің 194-бабымен (Қорқытып алу) 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Енді жазасының қалған бөлігін айыппұлға ауыстырып, бостандыққа шығып жатыр.
«Жастықпен от басып, енді бостандыққа шығып отырмын. Өмірім алда ғой, сол себептен, енді қателік жасамаймын деп ойлаймын. Мекемеде бірнеше рет сотталғандарды көріп, олардың орнына өзімді елестетіп көрдім. Өте қорқынышты»,-дейді Данияр.
Бостандыққа шыққан азаматтарға Атырау қалалық Пробация қызметі мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері консултациялық қызмет көрсетті. Сондай-ақ, түзеу мекемесінің қызметкерлері оларды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіп, Досболды көші-қон қызметіне, ал, Даниярды Ақтауға шығарып салды.
«Айыппұл төлеу арқылы бостандыққа шығу – әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан қолданылып келе жатқан тәсіл. Мұндай тәжірибе көршілес Ресейде де қолданысқа енген. Бірақ, халық жазаның өтелмеген бөлігі үшін айыппұл төлеу дегенді дұрыс түсінбей жүр. Сол себептен, «сотталғандар ақша төлеп, түзеу мекемелерінен шығып жатыр» деген қате түсінік қалыптасқан. Негізінде олай емес. Бұл – заңмен, сотпен қаралған жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру. Басқаша айтқанда, шартты түрде мерзімінен бұрын босату. Бұл үшін жазасын өтеген кезде сотталушының өзін-өзі жақсы жағынан көрсетуі де, тәртібі де ескеріледі. Кез келген жазасын өтеушінің айыппұл төлеп, еркіндікке шығуға құқығы жоқ. Жазалау мерзімінің белгілі бір бөлігі өтелгеннен кейін түрме басшылығы мінездеме беріп, сотта айыпкердің түзелгені, қайтадан заң бұзу әрекетіне бармайтыны дәлелденіп, барлық сот шығыны төленгеннен кейін ғана бас бостандығын беру туралы шешім шығарылады. Бұл шешім шыққанға дейін қылмыс жасағандар мекемеде жазасын өтей береді» -дейді УГ-157/9 мекемесінің бастығы Думан Таженов.
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.