Таным • 25 Тамыз, 2020

Метеорит құлаған жер

2171 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жұмыр жердің бетінде дүние жаратылған кезден бері адам айтса сенгісіз небір таңғажайып құбылыстар орын алғаны мәлім. Соның бірі ерте замандарда қазақ даласында, нақтырақ айтқанда бүгінгі Ырғыз ауданы аумағындағы Жаманшың жотасында болған екен. Қазіргі кезде тарихи орынға айналған шатқал Ырғыз ауданының орталығынан оңтүстік беткейге қарай елу шақырым аралықта орналасқан. Планетадағы қайталанбас оқиғаның бірі дәл осы тұста тіркеліп, оған алып аспан денесі – метеорит құлаған.

Метеорит құлаған жер

Суретте: Жаманшың кра­терінен көрініс

 

Бұдан бергі кезеңде метеоролог мамандар мен ғалымдар оның қуаты он мыңдаған мегатонна бомбаға тең болғандығы жөнінде әртүрлі ғылыми болжамдар жасаған. Сөйтіп жойқын жарылыстың тереңдігі 700 метр­ге дейін жетіп, аталған ұзындық өлшеміне тең қазаншұңқыр пайда болған. Әрі метеориттің аса ауыр салмағынан жер қыртыстары төң­керіліп түсіп, соның салдарынан бұл арада шатқалдар мен шыңдар түзіліпті. Оның аумағы мен диаметрі алты шақырымға дейін созылады. Ал жарылыс тө­ңірегіндегі қысым жүздеген килобарға, соның ішінде темпе­ратура бірнеше мың градусқа жет­кені жөнінде де ғылыми пайым­даулар бар.

Метеорит құлаған жерде оның ұсақ­­талған сынықтары мен қал­дықтары қалуы табиғи жайт. Бұ­ған импактит және тектит деген атаулар берілген. Қай­талан­бас оқиға Ырғыз даласында бол­ған­дықтан аспан денесінің сы­нықтары «Иргизит» деп те айты­лып жүр. Ғылыми-зерттеулер мен тұжырымдар дәл осы тектес тастар планетаның бірде-бір түк­пірінде кездеспегенін алға тартады. Осылайша оның жер бетінен табылуы тек Жаманшың кратерінің үлесіне тиді десек қа­телесе қоймаспыз.

Бүгінде Жаманшың шатқа­лындағы кратер республикалық және халықаралық маңызы бар геоморфологиялық нысандар тіз­бесіне кіреді әрі айрықша қор­ғалатын табиғи аумақтар қата­рынан орын алады. Бұл жайт метеорит құлаған тұс туристік, эко­логиялық, ғылыми және мәдени құндылық ретінде бағалана алатынын білдірсе керек. Нақтырақ айтқанда, Жаманшың метеорит кратері Республика Үкіметінің 2010 жылғы 18 қарашадағы №1212 қаулысымен бекітіл­ген «Рес­пуб­ликалық және ха­лық­аралық ма­ңызы бар мемле­кет­тік табиғи қорық қорының гео­логиялық ны­сандар тіз­бесінде» жиырма бе­сінші нөмірімен тір­келген. Со­нымен бірге таң­ға­жайып нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы тізбесіне енгі­зілген. Қазіргі кезде ішкі туризмді дамыту мәселесі елімізде басым бағыттардың біріне айналды. Осы орайда Жа­маншың метеорит кратері өңірдегі туристік нысандардың қатарында тұр­ға­нын айтуға тиіс­піз. Расында да оның туристік орталыққа өте ла­йықты екендігі ешқандай та­лас туғызбайды. Еліміздің шалғай өңір­­леріндегі бірқатар туристік си­паттағы нысандардың жарақ­тан­дырылуы тиісті әлемдік та­лап­тарға сәй­кес келгенімен ав­­­то­­­жолдың нашарлығы, асфальт төселмегені, барының өзі ойқыл-шойқыл екендігі турис­тер тасқынының тежелуіне әке­ліп соқтырып жүргенін жоққа шығаруға болмайды. Мұндай жағ­дайды Батыс Қазақстан облы­сын­дағы Бөкей Орда тарихи-музей ке­шеніне қатысты айтуға да болар еді.

Ал Ырғыз кенті маңындағы туризмге лайықты нысан жөнінде бұлай деудің ешқандай жөні жоқ. Өйткені тақтайдай тегіс «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» ха­лықаралық жол-көлік дәлізінің тұсында орналасқан шатқалға ав­токөлік иелері туристерді үш-төрт сағаттың ішінде шаршатпай жеткізе алады. Әйтсе де біз Ырғыз ауданына іссапар кезінде Жаманшың метеорит кратерін туристік орталыққа айналдыру жөніндегі мәселелер қағаберістеу қалып жүргенін сезінгендей күй кештік. Әсіресе мұнда әлі күнге дейін жер бетінде баламасы жоқ ерекше нысанды сақтау мен қор­ғау және оны ірі туристік ба­ғыт­қа айналдыру жөніндегі жұ­мыстар кенжелеп қалып жүрге­ні айқын байқалады.

Республикамыздың өзге өңір­лерінде осы тектес нысандарға «Ашық аспан астындағы музей» мәртебесі беріліп, оны тек өз елі­міздің азаматтарына ғана емес, сонымен бірге өзге мемле­кеттің өкілдеріне де таныта алатындай ауқымды іс-шаралар ат­қарылған. Бұлардың қатарында Алматы облысындағы «Есік мем­лекеттік та­рихи-мәдени қорық музейі» жә­не Ақмола, Сол­түстік Қа­зақ­стан, Түркістан облыс­тарын­дағы «Құ­май», Сырымбет және Отырар мем­лекеттік архео­ло­гиялық музей ны­сандары мен қорық­тарын атауға болар еді. Сонымен бірге аталған тарихи орындар сол өңірлердің бәсі мен имиджін көтеруге де септігін тигізіп жүргенін жоққа шығаруға болмайды.

Осындай атауға Жаманшың кратері де әбден лайықты. Ай­та­лық, Ырғыз ауда­нын­дағы бір топ аға буын өкілдері оған «Ашық аспан астындағы музей» мәрте­бесін беріп, оны Ырғыз аудан­дық тарихи-өлкетану му­зейінің филиалы немесе өз ал­дына дер­бес коммуналдық кәсіп­орын ре­тінде ашу қисынды болатыны жө­ніндегі ой-пі­кірлерін алға тартты. Зер­делей қа­расаңыз бұл өте орынды ұсы­ныс-тілектер екенін аңғаруға болады.

 Бүгінгі әңгімемізге тиек болып тартылған мәселе тұрғындар тарапынан 2019 жылы тағайындалған Ақтөбе облысының әкімі Оң­да­сын Оразалинның Ырғыз ауданына алғашқы сапары кезін­де де көтеріліпті. Сол кезде ол ыр­ғыздықтар тілегіне түсіністік таны­тып, 2019 жылдың 17 шілдесі күні осыған орай №53-ТС хаттамасын әзірлеп Жаман­шың аума­ғында туристік жобаны жа­сақ­тау жөнінде аудан әкіміне тиісті органдармен және мүд­делі ұйым­дармен қажетті жұ­мыс­тар жүргізуді тапсырыпты. Әйтсе де жоғарыда айтылғандай Ақ­төбе облыстық мәдениет бас­қар­масы мен облыстық планетарий же­текшілері бұл іске жүрдім-бар­дым қарайтындығы аңғарылады.

Ал тұтастай алғанда облыс әкі­мінің тапсырмасына сәйкес өткен жылдың қыркүйек айында «Жа­маншың-2019» атты ғылыми-тә­жірибелік конференция өт­кізілген. Сонымен бірге метеорит құлаған жерге ғылыми-зерттеу экспедиция­сы ұйымдастырылып, оның құ­рамындағы отандық және шетелдік білікті ғалымдар біраз уақыт бойы жұмыс жүргізген. Осы экспедиция кезінде белгілі ресейлік ғалым, профессор Павел Флоренцский Жаманшыңның жарылыстан пайда болған ойпат екенін ғылыми түрде тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Түйіп айтқанда, жоғарыда көрсетілген мәселелер шешімін табатын болса, оның жұмысын алға бастыруға барлық мүмкін­дік бар. Бұл үшін ең алдымен табиғи-тарихи орынның айналасына жеміс ағаштарын егу және кратерден табылған тектиттер мен импактиттерге арналған экспозициялар жасақтау көзделген. Бұ­дан кейінгі кезекте кратер ма­ңына этнографиялық ауыл орналас­тырылып, мұнда ұлттық-мәдени құндылықтарды зерделеу жөніндегі жобалар жүзеге асырылмақ. Тек сабақты ине сәтімен болсын деңіз.

 

Ақтөбе облысы,

Ырғыз ауданы