Қоғам • 25 Тамыз, 2020

Жол бойындағы жолсыздық

588 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Талдықорған мен Өскемен арасындағы үлкен жолдың жөнделуін тағатсыздана күтіп жүрген адам көп. Қырық жамау жол жолаушыларды әбден әуреге түсіріп жүргені рас... Бұл жол туралы бекерге айтып отырған жоқпыз. Осы жолдың бойындағы орын алған олқылықтар жайында сөз қозғасақ дейміз. Иә, бір қарағанда жол тоқтаусыз, еш кедергісіз салынып жатқан секілді. Жол бойында барын сала еңбек етіп жүрген адамдар да төккен теріне лайық жалақысын алып жатқан сияқты көрінеді. Шын мәнінде солай ма?

Жол бойындағы жолсыздық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы жылдың мамыр айында Семейден өзін Абай Рахимов деп таныстырған тұр­ғын хабарласты. Айтуынша, 2019 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бо­­­йынша салынып жатқан «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолының бір тармағы саналатын Қалбатаудағы айналма жолдың жаяу жүргіншілер жолының құрылысына қатысыпты. Үкіметтік дең­гейде бақыланып отырған ауқымды жо­баның бас мердігері «ҚазГерСтрой» ком­паниясының субмердігері болған «ASYL-SENIM company» ЖШС-ында жұ­мыс істепті. «Арғы жағын айтпаймын, ішің білсін әлу-ай» деп халық әнінде айтылатындай, арғы жағын өздеріңіз де сезіп отырған боларсыздар.

 

Сенімді ақтамаған «ASYL-SENIM»

Оқиға қалай болған? Түсінікті болу үшін рет-ретімен баяндайық.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиы­ры» демекші, пәленің бәрі «ASYL-SENIM company» ЖШС-ының директоры Иль­хомжан Мәмбетшәріпов деген ұлты өзбек азаматпен таныстықтан басталыпты. Абай Рахимовтың сөзіне сенсек, бейтаныс азамат хабарландыру арқылы бұл кісінің туған бауыры Сейітхан Рахимовтың атына тіркелген КамАЗ-ды (6520 №538SPA16) са­тып алуға келеді. Ойында ештеңе жоқ семейлік тұрғын 6 млн 500 мың теңгеге жүк көлігін сатуға келіседі. Мәмбетшәріпов «2019 жылы 15 тамызда 2 млн 200 мың, 15 қыркүйекте 2 млн 200 мың, 15 қазанда 2 млн 100 мың теңгені қайтарып беремін» деп нотариус арқылы міндеттемеге қол қояды (құжат 2019 жылы 24 маусымда ресімделген). Осы міндеттемеде оның 1981 жылы 1 тамызда дүниеге келгені, Өзбекстанның тумасы екені, Қазақстанның азаматтығын алмағаны, Алматы облысы Қарасай ауданы Қырғауылды ауылындағы Ақбота көшесіндегі 164 үйде тіркелгендігі көрсетілген. 2019 жылдың 23 қыркүйегінде өз қолымен толтырған қолхатында ол КамАЗ ақшасын 25 қазанға дейін төлей алмаса, техниканы пайдаланған әр ай үшін 700 мың теңгеден төлейтінін жазады. Ақыр соңы міндеттемесі де, қолхаты да жайына қалып, бір тиын да төлеместен КамАЗ-ды үш айдан кейін бұзылған күйінде қайтарып береді.

Енді сәл шегініс жасасақ. Әуелде техника сатып аламын деп сеніміне кірген Мәмбетшәріпов Абай Рахимовты Қалбатауға жұмысқа ша­қырады. «Бұлай боларын қайдан білейін?! КамАЗ-ды алуға келгенде ол менің үйімнің жанында тұрған экскаватор, жүк тиегіш пен ГАЗельді көреді. Қазақпыз ғой, дастарқан жайып, қонақ қыламыз. Сөзден сөз шығып, мен оған өзімнің құрылыс өндірістік компаниямның, онда 20-30 жұмысшымның бар екенін, жаяу жүргіншілер жолын салумен шұғылданатынымызды айтамын ағымнан жарылып. Расында, бұл салада тәжірибем жеткілікті. Новосібірде архи­тектура мамандығы бойынша білім алғанмын. Ойда ештеңе жоқ. Содан ол: «Дипломы бар адамсыз. Бірлесе жұмыс істейік. «ҚазГерСтрой» компаниясына суб­мердігерміз. Жұмысшыларыңды шақыр, техникаларыңды әкел. Ақшасын жақсылап төлеймін» деді. Алдамайтын шығар деп сөзіне сендім» дейді А.Рахимов.

Содан Өзбекстан азаматына сенген А.Рахимов Семейден өз бригадасын алып, Жарма ауданының орталығына же­теді. Өзімен бірге «JUGONG ZL-50» жүк тиегіші, «ZL 30-25» жүк тиегіш-экс­каваторы мен ГАЗелін ала барады. 15 шілдеде осындағы «Едіге» қонақүйіне орналасады. «Менің бригадам жұмысты 17 шілдеде Мәмбетшәріповтің бұйрығымен қонақүй жанындағы 70-ке жуық жас көшеттерді шабудан бастады. Заңсыз. Оған мұны телефон арқылы ескерттім, мән бермеді. Шабылған ағаштарды ақшаны үнемдеу үшін арматураның орнына қа­зық ретінде пайдаланды. Жұмысты бас­тауын бастағанымызбен бізге аванс бе­рілген жоқ. Әуелгі кезде Алматыдан ме­нің есепшотыма 50 мың теңге салып жіберді, тіпті жанар-жағармайға да жет­пейтін ақша. Содан жұмысты жалғастыра бердік. Азық-түлік, жанар-жағармайды қарызға алдық. Осының бәрін жақсы білсе де, Мәмбетшәріпов алғаш­қы алған 3 млн теңге авансынан бізге бар-жоғы 200 мың теңге аударды. Өзі Алма­тыда жүрді. Мәмбетшәріпов шілде айының со­ңында тағы 5 млн теңге аванс алады, одан да бір тиын бермеді. Әуелгі «Се­ріктес боламыз, тапқан табысымызды 50/50 бөлісеміз» деген келісім жайына қалды. Ақша уақытында төленбеген соң жұмысшылар да наразылық таныта бастады» дейді А.Рахимов.

Серіктес демекші, семейлік азаматтың аңғалдығын пайдаланған Мәмбетшәріпов оны өзі басқаратын «ASYL-SENIM company» ЖШС-ына директордың орынбасары боласың деп алдап, уақытты созған екен. Бізге өзінің алданғанын айтып, мұңын шаққан Рахимовтың сөзіне сенсек, Өзбекс­тан азаматы Мәмбетшәріповтің қарызы шаш етектен. КамАЗ-дың үш айлық жалдау ақысынан бөлек (үш ай – 2 млн 100 мың теңге) «JUGONG ZL-50» жүк тиегіші, «ZL 30-25» жүк тиегіш-экска­ваторы мен ГАЗелді жалға алғаны үшін 1 млн 898 мың теңге қарыз көрінеді.

 

Талайды тақырға отырғызған

Қалбатауда жұмыс істеп, өзге елдің аза­матының арбауына түсіп, амалы тау­сылған А.Рахимовтың көмек сұрап хат жаз­баған жері қалмапты. Жарма аудан­дық ішкі істер бөліміне, аудандық сотқа, Семей қалалық прокуратурасына, Nur Otan партиясының облыстық филиалына, облыстық Ұлттық қауіпсіздік коми­тетіне, облыстық Прокуратураға, облыс­тық Полиция департаментіне, облыстық Мем­лекеттік еңбек инспекциясы басқар­масына, облыстық Экономикалық тергеу департаментіне, Ішкі істер министрлігіне, Автомобиль жолдары комитетіне шағым­даныпты. Алайда әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

А.Рахимов бізге: «Менің шынымен жұмыс істегенімді, кінәсіз екенімді Қал­батауда бірге жұмыс істеген кісілер айтып береді» деген соң сол азаматтарға хабар­ласып, мән-жайды білдік. Семейлік Андрей Кучерин Қалбатауда А.Рахимовтың «JUGONG ZL-50» жүк тиегішін жүргізіп, «ASYL-SENIM company» ЖШС-інде жұ­мыс істепті. «Екі айдан астам уақыт жұмыс істедім. Жұмыс істегенімді айғақтайтын бар­лық құжат бар. Бір өкініштісі, Мәмбет­шәріпов тиісті ақшаны төлемеген соң А.Рахимов еңбекақымды өз қалтасынан төлеп берді. Алматыдан келген субмердігер (И.Мәмбетшәріпов) жалақы мәселесіне қатысты қанша рет жиналыс өткізді, полиция да келді, айқай-шудан көз ашпадық. Не керек, ақшаны тапсырыс беруші бермеді деді, анау деді, мынау деді, уәдесінде тұрмады» дейді ол.

«Мен А.Рахимовпен 20 күн жұмыс істедім. Содан соң Мәмбетшәріповтің «ASYL-SENIM company» ЖШС-іне жұ­мысқа кірдім. Басында ақшамызды дұрыс төлегенімен соңына қарай ырың-жырың қылды. Ақыры бас мердігер «ҚазГерСтрой» ком­паниясының басшылығына шағым­данып, ақшамызды әзер дегенде алдық. Мен негізі еңбегіме 200 мың теңгеден артық алуым керек болған. Алайда 135 мың теңге ғана берді. Ақшасын үш-төрт ай алмаған жігіттер де болды» дейді осында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген Қанат Нұрмағамбетов.

А.Рахимовпен әуелі бірге жұмыс іс­теп, кейін Мәмбетшәріповтің ЖШС-ына жұ­мысқа кірген Қуаныш Өзекбаев та Өз­бекстан азаматынан оңбай алданғанына өкінеді. «Ол маған 1 млн 200 мың теңге қарыз. Мұның ішінде менің бригадамның үш адамының ақшасы бар. А.Рахимов бұл жерде өз техникаларымен екі ай жұмыс істеді. Ақшасын ала алмады ғой ақыры» дейді ол.

Жоғарыда 70 жас көшеті оталды деп жазған Қалбатаудағы «Едіге» қонақүйінің иесі Едіге Тоқтарханұлы Ибрайымовқа да хабарластық. Ильхомжан Мамбетшәріпов бұл кісіге 4 млн теңге қарыз болған екен. «Заңгерлері өлердегі сөзін айтып, 2 млн тең­геге түсірді. Осының өзін қайтарып берсе шүкір деп отырмын. Қазір сот орындаушылары жұмыс істеп жатыр. А.Рахимов дұрыс азамат деп ойлаймын. Әрине өзі дұрыс білмейтін Өзбекстан азаматының арбауына түсіп қалғаны өкінішті. Мені таңғалдыратыны, бұл Мәмбетшәріпов деген азаматтың жұмысшылары да жоқ. Елді жалдайды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғыз өзі ғана тіркелген. Қалбатауда жұмыс істеген жұмысшылары 2019 жылғы желтоқсанның 14-іне дейін менің қонақүйімде жатты. Не тамақтары жоқ, не жалақыларын дұрыс алмады. Менің білуімше, Өзбекстан азаматы көп адамға қарыз» дейді қонақүй иесі.

Қонақүй демекші, Абай Рахимов осы қонақүйдің алдындағы 70-ке жуық жас көшетті заңсыз отатқаны үшін 2019 жылы Мәмбетшәріповтің үстінен облыстық ма­ман­дандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына шағым түсіріпті. Прокуратура мұны Жарма аудандық Полиция бөліміне жолдапты. Олар бұл істі тексеріп, 2019 жылдың 18 қарашасында Абай Рахимовқа: «Бұл оқиғада ешқандай әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтың құра­мы болмауы себепті Жарма АПБ-інің номенклатуралық ісіне жолданды. Себебі тексеру кезінде «Едіге» қонақүйінің иесі Едіге Ибрайымов ол жер өзінің жекеменшік жері болғандықтан өз еркімен кесіп тас­тағанын айтып көрсетті» деп жауап жа­зыпты. Шын мәнінде, Мәмбетшәріпов ағаш­тарды заңсыз кестірген екен. Мұны қонақүйдің иесі Едіге Ибрайымовпен осы жылдың 22 мамыры күні ұялы телефон арқылы сөйлескенімізде айтты, аудандық полиция бөліміне «ағаштарды өзім кестім» дегенді амалсыздан айтқанын да жеткізді. Өйткені сол кезде Мәмбетшәріпов бұл кісіге жұмысшыларды қонақүйге тұр­ғыз­ғаны үшін қарыз болған. Сол қарызды бермей кете ме деген қауіппен осылай айтуға, яғни Өзбекстан азаматын жазықты болса да, қорғауға мәжбүр болған секілді.

Мәмбетшәріпов Қалбатаудағы жұмысқа Алматы облысынан КамАЗ көлігін жалға алып, оның да ақшасын дұрыс төлемей әуреге салыпты. Тіпті жүк көлігін қайтар­май қойған соң көлік иелері техникасын алу­ға келе жатқанда жолда олардың үстінен шағым жазып, іс қозғатып жіберіпті.

«Абай Рахимовқа барғаны секілді ол бізге де хабарландыру арқылы келген болатын. КамАЗ-ды сатып аламын, ақшасын 4 айда төлеймін деп әуелде 300 мың теңге берді. Қайдан білейік, бұдан кейін оған сеніп, көлігімізді бердік. Ақша төлемей қойған соң 6 айдан кейін көлігімізді алып кетейік деп өзімен бірге Алматы облысынан шығып, Қалбатауға бара жатқанда орта жолда (Үшаралда) «Мені қинап әкетіп бара жатыр» деп үстімізден арыз жазды. Міне, әлі күнге осы шаруаның әуресімен жүрміз» дей­ді көлік иесі Майрамбай Төрежанов.

 

Түйін

Өкініштісі, мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаржыны талан-таражға салып, бір емес, бірнеше азаматтың ақысын жеген, онымен қоймай қоршаған ортаға да айтарлықтай залал келтірген Өзбекстан азаматына ешқандай шара қолданылмай отыр.

«ҚазГерСтрой» компаниясының жауапты жұмысқа бұл саладағы тәжірибесі жоқ өзге елдің азаматын шақырғаны да түсініксіз. Түсініксіз дүние көп. Әзірге сұрақ көп, жауап жоқ...

 

 

Шығыс Қазақстан облысы