Елде күнделікті 65-70 мың шамасында вирус жұқтырғандардың тіркелуі эпидемиялық ахуал бойынша алдыңғы қатардағы АҚШ пен Бразилияның көрсеткішін қосқанмен бірдей болып тұр. Бұл қарқын бәсеңдемесе, Үндістан жалпы індеттің таралуы жөнінен көш бастауы мүмкін.
* * *
Германиядағы федералды аймақ – Солтүстік Рейн-Вестфалия үкіметінің премьер-министрі Армин Лашет жыл сайын өткізілетін дәстүрлі карнавалдың биыл болмағанын дұрыс деп есептейді.
«Карнавалдық ассоциациялармен бірге осындай ұйғарымға келіп отырмыз. Себебі 11 қарашада дәстүр бойынша халық ойын-сауық қуып, далаға лап қойса, COVID-19-дың қармағына ел болып түсіп, салдарынан ес жия алмай қалуымыз мүмкін», дейді А.Лашет WDR телеарнасына берген сұхбатында.
Аталған мәселе бойынша нақты шешім 2-3 аптаның ішінде қабылданбақ. Бұған дейін Германияда жаздың күні тойланатын дәстүрлі «Мергендер мерекесіне» тыйым салынды.
* * *
АҚШ-тың Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты дәрі-дәрмек сапасын қадағалау басқармасы (FDA) індет жұқтырып, жазылғандардың қан плазмасын COVID-19-ға қарсы емге пайдалану жөнінде шұғыл рұқсат берді.
CNN агенттігінің хабарлауынша, Ақ үй басшысы Дональд Трамп плазманың ықтимал қаупінен емдік артықшылығы әлдеқайда басым екенін атап өткен. «Мен бүгін коронавируспен күрес бойынша тарихи мәлімдеме жасап, қуанып тұрмын. Бұл – сансыз адамды ажал тырнағынан құтқаратын шара», дейді Д.Трамп.
Дәрі-дәрмектің сапасын қадағалау басқармасы плазмаға қатысты клиникалық зерттеулердің толық аяқталмағанына қарамастан, оның 70 мың пациентті емдеуде қолданылып, оң нәтиже көрсеткеніне қарай шешім қабылданғанын мәлімдеген.
* * *
АҚШ-та кейбір теңіз сүтқоректілері мен жойылып кету қаупі бар приматтардың COVID-19-ға шалдығуы жайындағы зерттеулер жарық көрді.
Калифорниялық ғалымдар Proceedings of the National Academy of Sciences басылымында адамдар мен түрлі жануарлардың геномдық талдамалар арқылы вирустың жасушалық рецепторларына жасаған зерттеулері бойынша мақала жариялаған. Онда адамдардың мұрын және ауыз қуыстары мен өкпеде және көптеген жасушаларында болатын ACE2 ангиотензин конверсиясындағы 25 аминқышқылының араласуымен ағзаға өтетін вирустың жануарларға да әсер ететіні жайлы жазылған.
Ғалымдар COVID-19 енді ағзасында осындай тізбек түзетін жануарлар өміріне де қауіп төніп тұр деп есептейді.
Дайындаған
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»