Қазақстан • 27 Тамыз, 2020

"Ашық аспан" режімі нарықта бәсекелестік орнатуға ық­пал етеді

306 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан тура бір жыл бұрын 2 қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнаған болатын. Жолдауда Қ.Тоқаев: «Елімізде азық-түлік пен киім-кешектен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес. Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?» дей келіп, соның салдарынан Қазақстан авиациясы халықаралық бәсекеге қабі­леттілігінен айрылып, транзиттік әлеуеті төмендеп кеткенін тілге тиек еткен-ді. Содан бері әуе тасымалы саласында да бірнеше өзгерістер болды.

"Ашық аспан" режімі нарықта бәсекелестік орнатуға ық­пал етеді

Былтыр күздің басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі билет бағасын арзандату шаралары қабылданатыны туралы хабарлады, ал 1 қарашадан бастап еліміздегі ең ірі деген 11 әуежайда «ашық аспан» режімі іске қосылды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павло­дар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстердің санын шектеу алынып тас­талды.

Қазақстандық тасымалдаушылар ұшпайтын бағыттар бойынша шетелдік компанияларға V дәрежелі «аспан еркін­дігін» ұсыну қарастырылған «ашық аспан» режімі енгізілді. Шетелдік әуе компа­нияларының Қазақстандағы ірі қала­ларға жасайтын маршруттарын кеңей­те түсетін режім 3 жыл мерзімді қамти­ды. Одан кейін де ұзарту мүмкіндігі қарас­ты­рылған. Соның нәтижесінде ұшу ба­ғыттары мен оны жүзеге асыратын ком­паниялардың қатары көбейіп, отандық әуе тасымалы нарығында бәсекелестік күшейіп, билет бағасы да арзандауға тиіс.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің деректері бойынша Оманның авиациялық билігімен келіссөздер жүр­гізуінің нәтижесінде Salam Air авиа­ком­паниясы Маскаттан Алматыға дейін әуе дәлізін ашуды жоспарлауда. Қазақ­стандық Air Astana болса, биылдан бас­тап Жиддаға аптасына 3 рет қатынай бас­тамақ. SCAT авиакомпаниясы 30 қара­шадан бастап Жидда мен Мәдинаға аптасына екі рейс орындайды.

Азаматтық авиация комитеті Азиядағы ірі лоукостер саналатын Малайзияның Air Asia компаниясымен, дүние жүзін­дегі ең ірі әуе компанияларының бірі, син­гапурлық Singapore Airlines-пен, Ресейдің «Уральские Авиалинии» компаниясымен келіссөздер жүргізді. Польшаның LOT компаниясымен келісім жасалып, ол биылдан бастап Варшавадан Нұр-Сұлтанға жасалатын рейс санын аптасына 7 мәртеге дейін арттыратын болды. Оған қоса LOT 2021 жылдан бас­тап Алматы бағытында рейс ашады. Қазақстандық бюджеттік тасымалдаушы Fly Arystan елордадан Мәскеуге күн сайын рейс орындайтынын да айта кету керек. Әрине, коронавирус пандемиясына байланысты ерте көктемнен бері халықаралық әуе рейстеріне түгелге жуық шектеулер қойылды. Шектеулер алынып тасталғаннан кейін бұл әуе қатынастарының барлығы қайта жанданады деп күтілуде.

«Ашық аспан» режімі еліміздің әуе тасымалы нарығына жаңа шетелдік тасы­малдаушыларды тартуға, сөйтіп бұл нарықта бәсекелестік орнатуға ық­пал етуге тиіс. Жаңа халықаралық мар­шрут­тар ашылып, авиабилеттердің құны төмендеп, әуе көлігінің халыққа қолже­тім­ділігін арттырады, сонымен қатар ту­ризм­нің дамуына оң ықпал етеді. Ше­тел­дік компаниялардың Қазақстан әуежай­лары арқылы басқа елдерге ұшуы еліміз­дің транзиттік әлеуетін нығайтады деп күтілуде.

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.