29 Қазан, 2013

Тар жерде табысқан, кең жерде келіседі

461 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесінің төрағасы.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінен үлкен шабытпен оралып, тағылымды ой түйіп қайттық. Еліміздегі ең қуатты саяси күшке айналып, қалың жұртшылықты «Қазақстан-2050» Стратегиясы белгілеп берген асқаралы міндеттерге жұдырықтай жұмылдырып келе жатқан партияның ең жоғары форумы Саяси доктрина қабылдауымен есте қалды.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық бөлімшесінің төрағасы.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінен үлкен шабытпен оралып, тағылымды ой түйіп қайттық. Еліміздегі ең қуатты саяси күшке айналып, қалың жұртшылықты «Қазақстан-2050» Стратегиясы белгілеп берген асқаралы міндеттерге жұдырықтай жұмылдырып келе жатқан партияның ең жоғары форумы Саяси доктрина қабылдауымен есте қалды.

Съезде сөйлеген сөзінде Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатарында 900 мыңдай мүшесі бар саяси ұйымның нақты нәтиженің, ілкімді істің ұйытқысы, бастаушысы екенін нақты мысалдармен дәйектей келіп, елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына қосу секілді ұлы мұрат, биік мақсат жолындағы саяси құжаттың мән-маңызын атап көрсетті. Осы бағытта «Нұр Отан» партиясы алдында тұрған 7 көшбасшылық қадамдарды белгілеп берді.

Жаңа Саяси доктрина жобасының съезд қарауына ұсынылмас бұрын жалпыхалықтық талқылауға түскені мәлім. Жер-жерлерде айтылған ұсыныс-пікірлердің жан-жақты ескерілгені әбден құптарлық. Соның бір парасы отаншылдық рух пен ана тілімізге қатысты. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға қатысты арнайы бағдарлама Үкімет тарапынан жүйелі атқарылып келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясы–қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз», деп анық жазылған.

Президенттің мемлекеттік тілге қатысты айтылған салиқалы ойлары мен табанды ұстанымдары Доктринада ел мен халықты біріктіретін басты факторлардың бірі ретінде көрініс тапқан. Сол сияқты, өскелең ұрпақ бойына отаншылдық, адамгершілік қасиеттерді сіңіретін ұлттық, халықтық құндылықтарды қалыптастыруға да айрықша мән берілген. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясында: «Ассамблеяның ең бас­ты міндеті – еліміздегі қоғамдық келісім. Ал ұлтаралық татулық мәселесі – Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір парасы ғана. Қазақстандағы қоғамдық келісім, ең алдымен, қазақтың келісімі екенін мықтап есте ұстаған абзал. Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде ең алдымен қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымыз «Тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» демейтін бе еді? Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды», деген аталы сөздері ойға оралады осындайда. Саналы азамат үшін сүйектен өтетіндей салмақты да салиқалы сөз емес пе?

Соны айғақтайтын сандаған мысалдарды күнделікті өмірде кездестіріп жүрміз. Қазақстанның намысын қорғап, атағын шартарапқа танытқан саңлақ спортшымыз Геннадий Головкиннің «Мен – қазақпын!» деген жүрекжарды лүпілі кімді сендірмейді?! Лондон Олимпиадасында біздің команда көпұлтты еліміздің, көптеген этнос­тардың берік және ынтымақты шаңы­рағының біртұтас жасағы ретінде сайысқа түсіп, патриотизмнің ұлы күші арқасында 7 алтын ме­дальді қанжығаға байлады. Осынша мәрте Мемлекеттік әнұранымыз шырқалып, жеңіс салтанатына бүкіл қазақстандықтар ортақтасты. Қаһарман боксшымыз Серік Сәпиевтің әкесі қазақ болғанымен, анасы басқа ұлт өкілі екендігі де Елбасымыз айтқандай «өз бауырларымыз!» деген ғажап ұғымның құдіретін айғақтай түскендей. Әлбетте, бұл сонау Кеңес Одағы ыдырап, ата-бабаларымыз арман еткен Тәуелсіздікке ие болған қиын-қыстау кезеңде тәуекелге бел буып, егемен еліміздің билік тізгінін қолға алып, аз ғана уақыттың аралығында өркениетті елдермен терезесі тең барыс бейнелі қуатты мемлекетке айналдыра білген кемел Көшбасшымыздың досты сүйсіндіретін, дұшпанды күйіндіретін мәуелі жемісі екені күмәнсіз. Сол себепті Саяси доктринада партияның басты міндеттерінің бірі жаңа қазақстандық патриотизм қалыптастырудың жалпыұлттық түпқазығы болу тиістілігі атап өтілуі тектен тек емес.

Елбасымыздың «ел иесі» деген сөзіне алдымен біз, қазақтар, жете мән беруіміз керек. Қызылжар өңіріндегі бәзбір ағайындарымыз заман өзгергенін, өздерінің енді ел, жер қожасы екендіктерін, мемлекет құраушы ұлт өкілдері болып табылатындарын жете ескермей, ескі психология жетегіне еріп, кей кездері жөнсіз ұлттық қызбалық пен кіжінушілікке ұрынып қалатындары жасырын емес. Наурыз айтысында ертеңгі үмітіміз ретінде үкілеп, сахна төріне шығарған жас талап айтыскерлердің қайсыбіреулері жұрт алдында басқа ұлт өкілдерінің көңілдеріне өшпес қаяу салатындай оғаш пікірлер айтып, саяси өрелерінің төмендігін көрсетіп алғанына қарадай ұялғанымыз бар. Біз ел иесі ретінде басқа ұлт өкілдерін кеудеден итермей, керісінше, дана халқымызға тән кең мінезбен бауырымызға тартып, кез келген көкейкесті мәселені «кең жерде келісіп» шешсек, тек ұтарымыз анық.

Съезде Елбасы партияға жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуды, көпэтносты халқымыздың бірлігі үшін жоғары жауапкершілік міндеттерін жүктеп, мемлекеттік тілді нығайтуға, қазақтың дәстүрі мен мәдениетін жаңғыртуға байланысты қоғамдық-саяси жұмыстардың жүйесін жасауды тапсырды. Шүкіршілік, Кеңес өкіметі тұсында қазақ ауылдарында жабылып қалған ұлттық мектептер қайтадан ашылып, жаңадан бой көтергендері де баршылық. Қазір облыстағы қазақ балаларының 65 пайызы ана тілінде білім алады. Бұл көрсеткіш 1990-1991 оқу жылында 25 пайызды ғана құрайтын. Петропавл қаласында бұрын бір-ақ қазақ мектеп-интернаты болса, қазір 6 ұлттық білім үйі, 15 аралас мектеп жұмыс істейді. «Алтын бесік» қазақ балабақшасына баратын 320 бүлдіршіннің 75-і –басқа ұлт өкілдерінің балалары. Бұл –олардың ата-аналарының Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!» деген салиқалы саясатына үн қосып, өз тағдырларын Қазақстанмен мәңгілікке байланыстырғанының бір белгісі болса керек.

Мемлекет басшысы съезде атап өткендей, қоғамдық келісім, ұлттық татулық ұғымының ауқымы кең. Әрбір қазақстандықтың болашаққа берік сенімін, қоғамдық еңбекке жігерін, жақсы тұрмысқа ұмтылысын арттыратын осы бір фактор Доктринаның алтын арқауы, түп қазығы десек те болады. Алар орны мен саяси маңызын ерекшелеп тұрғанына көз жеткізу қиын емес. Қазақстан–бәріміздің қасиетті мекеніміз болса, ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға жүктелетінін тағы да қайталап айтқымыз келеді. Біз ел иесі ретінде неғұрлым биік тұрсақ, соғұрлым өзгелерге сыйлы боларымыз сөзсіз.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Бастаманы жастар жалғастырады

Мақсат БАЯНБАЕВ,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ

жастар орталығының директоры.

«Нұр Отанның» кезектен тыс ХV құрылтайы ел тарихындағы елеулі оқиға­лардың бірі екеніне ешкімнің де дауы жоқ. Елеулі деуге себеп, адам мүддесі, азамат жауапкершілігі, мемлекеттің даму жолы жан-жақты қамтылған «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында» атты жаңа Доктрина қабылданды. Халықтың әл-ауқаты мен интеллектуалды білімі, ұлттық мәдениеті мен руханиятын көтеру туралы мәселелер көрініс тапқан бұл Доктрина – аса маңызды саяси құжат.

Бұл құжат «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жү­­зеге асырудың идеология­лық бағыттаушысы іспет­ті. Бірінші кезекке адамгер­ші­лік қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды шығарып, бос­тандық пен қоғамдық ке­лісім, әділеттілік, саламат­ты­лық қағидаттарын ұста­на білген елде саяси, эконо­микалық, әлеуметтік мәсе­ле­лер өз шешімін табатыны белгілі. Доктринада   еліміздің ең басты қасиетті құндылығы – Тәуелсіздікке ерекше мән берілген. Жалпы халық, ұлт болып, бірлік пен келісімді ту етіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз қажет.

Мақсат – айқын, меже – белгілі, міндет – ортақ. Енді «Қазақстан – менің Отаным» деп соққан әрбір жүрек ел келешегінің кемел де келісті болуы үшін тер төксе деген ізгі тілек бар. Елбасының бүгінгі бастамаларын ертең жалғастыратын жастар, яғни біздер. Сондықтан еліміздегі барша құрдастарымызды бағдарлы жоспардың жүзеге асырылуы үшін бүгіннен бас­тап еңбек етуге шақырамын.

ШЫМКЕНТ.

Қажыр-қайратымыз – нұрлы болашаққа

Әсел МҮЛІКОВА,

Жастардың студенттік құрылыс жасағы Шығыс Қазақстан облыстық штабының басшысы.

Елбасы – «Нұр Отан» пар­тиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев партия­ның ХV съезінде өзінің жас­тарға ерекше сенім арта­тын­дығын тағы бір мәрте атап өтті. Біз, Шығыс Қазақ­стан облысының жастары нұрлы болашақтың іргесін қалаушы Елбасының бізге артып отырған абыройлы жү­гін келешекте лайықты іске асыратындығымызға то­лықтай сенімдіміз! Себе­бі, бүгініміз тұрақты, келе­шегіміз бағдарлы.

Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалуда. Әр­бір жас қазақстандық ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің, спорт пен берекелі еңбектің жемісі мен жеңісін татуда. Бұл – аға ұрпақтың іні ұрпақ алдындағы асқан жауапкершілігінің жарқын кө­рінісі. Ендігі мақсат – осы игі дәстүрді келешекке табыстау.

Бақыттың кілті еңбекте! Бүгінгі қоғамда тек шынайы еңбектің ғана ырыс-не­сібесі мол болмақ. Елба­сы­мыз­дың алдымызға қойып отырған басты мақсаты ең­бек қоғамын құру. Осы орайда Саяси доктринаның «Қазақстан-2050» Страте­гия­сымен үйлесуі оның қоғамдық қажеттіліктің барлық мәселелі тұстарына жауап беретіндігін толықтай қуаттайды.

Жастар қоғамды алға қоз­ғаушы күш есебінде Елбасының сенімді тірегі болулары керек. Біздер студент бола тұра, құрылыс саласында жұмыс істеп, өңіріміздің әлеу­меттік-эконо­микалық да­муына өзіндік үлес қосу­дамыз. Жыл сайын қатары­мыз­ға жұмыс істегісі келетін жастардың көптеп қосылуы бізді қуантады. Бұл – жастарымыздың масылдық психологиядан арылып, өз болашағының қоғаммен тікелей байланыста екендігін сезінгенінің белгісі.

Біз, жастар өзіміздің адал еңбегіміз бен қажыр-қайратымыздың арқасында ғана нұрлы болашаққа жол тартып, озық ойлы отыз елдің ортасынан орын аламыз. Оған сеніміміз мол!

Абыройлы іске барша жастарды қосылуға шақы­рып, жігерлеріне жалын, ең­бектеріне табыс, бойларына қуат тілейміз.  

ӨСКЕМЕН.