10 Сәуір, 2010

ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ОРНЫ ӨЗГЕШЕ ОҚИҒА

840 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сәуірдің 10-ы күні Қазақстан­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төр­ағалығына кіріскеніне 100 күн толады. Ал Ұйымның атының өзі айтып тұрғандай, Ванкуверден Владивос­токқа дейінгі аралықтағы қауіп­сіздік мәселесі оған мүше мемле­кеттердің қай-қайсысын да алаң­датады. Оның үстіне, төраға болған ел үшін ол аса маңызды. Бізге дейін де төрағалық еткен елдер Оңтүстік Кавказ бен Днестр бойындағы ұзаққа созылып кеткен жанжалды жағдайларды шешуге ұмтылғаны мәлім. Десек те, халық­аралық дипломатияда осы Қазақ­стан төрағалығы тұсында “сабырлы оптимизм” деген сөз тіркесі қол­данысқа енді. Оның кірігуінің себебі – Қазақстан өзіне дейінгі төрағалық атқарған мемлекеттерге қарағанда жанжалдасушы елдерге бір табан жақын. Бізге бір-біріміз­бен түсінісіп, ұғынысу үшін тілмәш қажет емес. Өйткені, біз бұрын бір тудың ас­тында өмір сүрдік, діліміз­де, та­рихы­мызда ортақтық басым, бір-бірі­мізбен ұғыныса кететін ортақ тіліміз қалыптасқан. Сон­дық­тан, өзгелерге қарағанда жанжалды жұм­сартуда бізде “сабырлы оптимизм” бар. Осы үш айдың ішінде жанжал­дар орын алған Таулы Қарабақ, Оңтүстік Осетия, Днестр бойына Іс басындағы төраға сапары кезінде, мысалы, Молдовада: “О, мен Қа­зақстанда әскерде болғанмын!”, “Менің жұбайым қазақстандық”, деген сөздерді жиі естідік. Оның үстіне қаншама молдован, әзір­бай­жан, грузин, армян ұлтының ұл-қыздары Қазақстанның азаматтары. Сондықтан да біздің елдің мәселені ішкі қыртыстарына, яғни бүге-шігесіне дейін білуі де “сабырлы оптимизмге” шақырады. Қазақстан бұрынғы Кеңестер Одағы құрамындағы елдер ішінен тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет болғанымен, Ұйым­ға мүше мемлекеттер біздің елдің кикілжіңдерді шешуге деген ықыла­сына, ұмтылысына оң баға беруде. Жағдайды сараптай келе, мы­са­лы, былтырғыға қарағанда кейбір елдердегі ішкі жағдай да өзгеріске ұшырап отыр. Мысалы, Молдовада билік ауысқаннан кейінгі бүгінгі коалицияның бұрынғылардай емес, келіссөзді жалғастыруға деген пейі­лі бар. Дегенмен, Молдовада бүгінгі күні саяси дағдарыс орын алып отырғанын да естен шығармау қажет. Мемлекет басындағы Михай Гимпу бүгінде президенттің міндетін атқарушы ғана. Сол себептен де билікке бәсе­келестік өршіп тұрған уақытта алда қандай өзгерістер болатыны да беймәлім. Олай болғанда бүгінгі қол жеткен уағдаластықтар басқа арнаға ойысуы да әбден мүмкін. Мысалы, Тираспольде Молдо­ва­да кіммен келіссөзге отырамыз, өздері келісе алмай жатқан елден не сұрауға болады деген сауалды жиі естисің. Бүгінгі уәде берген адам­дар ертең ауысып кетсе не істейміз дейді. Бұлай болған күннің өзінде біздің тараптың дауға түскен екі жақты жақындастыруға деген ұсыныстары бар. Ол Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың “Қарапайым адамдарға қарай қарапайым 10 қадам” дегені тәрізді, алдымен сол жер­лерде тұратын қарапайым ха­лық­қа бағытталған қадамдардың жасалуы. Басты мақсат – дау­лас­қан жұрттардың бір-біріне жау ре­тінде қарамауына қол жетізу. Проб­лемалардың шешілмей қор­далана түсуі, қарапайым адамдар­дың аза­мат­тық құқықтарына бай­ланысты қиындықтар көруі екі арадағы тү­сін­беушілікті ұлғайта түседі. Сон­дықтан Қазақстан төрағалығы тұсында осы кедергіні азайтуға күш салады. Кез келген дауды шешудің үнқатысудан өзге жолы жоқ. Қазақстанның даулы аймақ­тар­дағы қайшылыққа қатысты ұста­нымы біреу. Ол – Әзірбайжанның, Грузияның, Молдованың аумақтық тұтастығының сақталуы. Бұл ха­лық­аралық қағидаттарға сүйенген­дік­тен ғана емес, Қазақстанның өз тарихына да қатысты мәселе. Біз үшін, ғасырлар бойына осынау құтты мекенде өсіп, өркендеп жатқан Қазақ елі үшін аумақтық тұтастық – қасиетті ұғым. Жалпы, әрбір кикілжіңді ше­шу­ге ұмтылыста өте байыпты болу, бір елдің көңіліне келетіндей қадам жасамау аса маңызды. Осы бір өте кірпияз мәселені орнынан жыл­жы­ту аса бір сезімталдықты қажет ете­ді. Ешкімге бұрмай, араағайынның бітістіретін сөзін айту үшін біз дауласқан жақтарды Астанаға келуге, бейтарап алаңда келіссөз жүргізуге шақырдық. Молдова мен Днестр бойы кикілжіңі бойынша келісімге келуге мамыр айында біздің елордамызға екі жаққа да шақыру бердік. Бұйыртса, 5 қосу 2 форма­тын­дағы жүздесу Астанада өтуі тиіс. Болат НҰРҒалиев, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Арнайы өкілі.