Таным • 31 Тамыз, 2020

Шукшин шешімі

769 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адам өмірі иір-қиыр, бұралаң, шұбалаң ұзақ-ұзақ жолдардан тұрады. Барлық адамның өмірі ұзақ жолдан тұрмайды деп қарсы дау айтуға да болар еді. Егор үшін бұл жол ешқашан таусылмайтын, ешқашан жетіп болмайтын түбі жоқ тоннел. Егор қайда бара жатыр, Егор қайдан келе жатыр? Мәселенің барлығы осы жерден басталады. Расул Ғамзатов көкеміздің мына бір ғибратты ғақлиясы осындайда еске түседі. «Қайда бара жатқаныңды емес, қайдан шыққаныңды ұмытпа».

Шукшин шешімі

Бірақ Егорда тура осы ой кері­сінше бағыт алады. Қайдан шық­қаныңды емес, қайда бара жат­қаныңды ұмытпа...

Жолдың ұзақтығы туралы айт­қанымды шартты ұғым деуіңіз де мүмкін, бірақ жол – бәрібір жол. Жол ұзақтығымен де қасиетті шы­ғар. Адам әрқашан ұлы сапар­дағы мәңгі жолаушы.

 Жоғары оқу орнына түсіп, ең алғаш оқыған пәндердің бірі философия болатын. Сол пәннің бірінші сабағында Зе­нон парадокстері туралы айтылды. Ежелгі грек ойшылы элей­лік Зенон ортаға қойған сол пара­докстерді еш ұмыта алмайтынымыз қызық. Бүгін айтып отырған жол туралы әңгімеміз де сол апориялардың барлығы қозғалыстың өмір сүретінін терістейтіне келіп тіреледі.

«Ахиль тасбақаны қуып же­те алмайды», «Ұшқан жебе қозғалмайды» деп кете береді. Таным, болмыс деген категорияларды біз сол кезде толық ұқпаған да болармыз. Кейін шексіздік, дифференциал-интеграл теориясы арқылы бұл тақырыптардың мәнін ашуға талпындық.

Ұшқан жебе шынымен қоз­ғалмайтынына көзің жете бастайды. Шексіздіктің әр нүкте­сінде жебе қозғалмайды. Ахиль қанша қашықтықты еңсерсе, тасбақа да өз уақытында өзара сон­шалықты қашықтықта алшақ­тайды.

Жә, айтпағымыз тікелей бұл болмағанымен, біз ара қашық­тық­тар жайлы, адамдардың бір-бі­ріне ешқашан жете алмай өте­тін­діктері, өз туған ошағыңа же­тетін жолдың кейде соншалық алыс екенін ғана ойлаймыз. Егор түрмеден көктемде босап шықты. Өзі айтады: «Түрмеге көктемде отыр, көктемде босап шығасың!».

«Қызыл бүрген» («Калина Крас­ная») киноповесі 1973 жылы жазылып, «Наш современник» жур­налының төртінші санына жарияланған екен. Шығарма бірден фильмге сценарий ретінде жазылған. Аталған картина 1974 жылы сәуірде жарыққа шығады. Шукшин бұл шығарманы ауруханада жатып жазғаны да адамды толқытпай қоймайды. Әйелі Лидия Федосеева-Шукшинаның ай­туынша, Шукшин оқиғаның аяқ­­талғанына жылап жіберген деседі.

Бас кейіпкер, Егор, лақап аты – Горе түрмеден босап шыққанда алдына үлкен мақсат қояды. Адамдыққа бет алу, қоғамның мәдениетті өкілдерінің бірі ре­тінде өзін жақсы жағынан көрсету, ауылға барып еңбекке араласу, тіпті сиыр ұстап, жер жыртып, өзі түрмеде отырып хат жазысқан Любамен отбасылы болу. Шын мәнінде адамдық, ішкі мәдениет тек еркіндікте жүрген адамдардың бойында ғана бар деуі – Егордың өз комплексі болатын.

Кеңестік жүйе өз халқын жап­пай комплекстерге көміп таста­ғаны сондай, Егордың ойынша түрмеге бір түскен адамның қо­­ғамға араласып кетуі тіпті де мүмкін емес. Бірақ соған қа­ра­мастан оның ішкі жан дү­ниесі ұлы сағыныштарды, нәзік сезімдерді, мейірімдер мен із­гіліктерді ашық таныта бастайды. Түрмеден шыға салысымен таксиге отырып, орыс қоғамының қайнаған базарына бет алып бара жатады. Жолшыбай такси шопырын тоқтатып, қайың ағаштарын еркелете құшақтайтыны қызық. Шопырға: «Егер менде үш өмір болса, біреуін міндетті түрде түр­ме­де өткізер едім, екіншісін саған берер едім, ал үшіншісін өзім қала­ғанымша сүрер едім», дейді. Бұл ойы да қызық.

«Қызыл бүрген» – Шукшин­нің өзі өмір сүріп жатқан күрделі қоғамға, әлеуметтік-таптық көз­қарастарға, өзінің анасына деген, жарына деген, бейқам да жуас, адал да шарасыз орысына деген адал махаббаты мен сағы­ныштарына қойылған ескерткіш сияқты.

Фильмдегі қасіретті кадрлар­дың бірі Егордың кәрі шешесіне келуі болатын. Тіпті, фильмнің кілті де, кульминациясы да осы кадр­дан өріс алады. Қарапайым кейуана Ефимия Быстрова өзін киноға түсіріп жатқанын сол кезде білмеген екен. Кейін де айтылмаған болар. Өзінің ұлдары жайлы, олардан қалай көз жазып, айырылып қалғаны, тағдырдың қилы жолдары туралы бүкпесіз, шынайы, еш боямасыз айтып отырады. Фильмде бұл кейуана – Егордың анасы болатын. Егор Любаға өтірік айтып, досымның анасы деп алып келеді де, өзі екінші бөлмеде анасының Любаға айтып берген әңгімесін көзіне қара көзілдірік киіп алып тыңдап отырады. Бір кезде шыдамай шығып кетеді, ауылдан ұзай бе­ре көліктен қарғып түсіп, қара жерді құшақтай құлайды. Өзегін өртеген өкініш, ұзақ жылдар бой­ғы сағыныш сол жерге келгенде өксікке айналып өкіреді.

Люба: «Неге бармадың, неге құшақтамадың?» дейді. Оған Егордың айтатын сөзі мынау: «Кейін келемін, тым құрыса шашым өссін!».

Түгел адамзат өз аналарына небір ұзақ жолдарды артқа тастай асыға басып жүріп келе жатқандай. Анасының сағы­нышын басуға, басын тізесіне қойып еркелеп жатуға, оның бейнетін бір сәтке болса да өз қолына алып, еңбегін өтесем деген тілекпен келе жатқандай. Егор да бір жолаушы.

Түрік ақыны Жан Иүжілдің

мы­нандай ғажап өлеңі бар.

– Мұнда теңіз алыс па? –

деп сұраған,

Түрмедегі жаңа көршім

Ред­жен Аныл.

– Жарты-ақ сағат машинаға

зулаған,

– Жаяу жүрген үш

сағатта жетеді,

– Тоғыз жылдық жол бірақ та

бұл маған.

Сонша зарығып жеткен ана­сының қасына келсе де Егор анасына жете алмай тұрды. Қоғамдық догмаларды бұза алмаған, өз комплексін жеңуге қауқары жетпеген Шукшин кейіпкері ақыры анасына жете алмай, жендеттердің қолынан, дұрысы қатып қалған қағидалармен өмір сүретін қоғам­ның қолынан қаза табады. Мәселе сол шашта ғана ма? Шаш анау Любаның бір күн аузы құрғап көрмеген ішкіш күйеуінде де бар. Шаш оның қылмыскер дос­тарының бәрінде бар. Мәселе тым тереңде еді.

Фильмнің ерекше құпиясы сонда – Шукшин орыс кейіпкерінің ішкі мәнін көрсете білгендігінде деуге болады. Өмір заңдары ұры­лардың заңдары сияқты: кейде қателіктерді түзету мүмкін емес, олар сенің бүкіл өміріңе әсер етеді. Жалпы, «Қызыл бүргеннің» көте­ріп отырған басты мәселесі – өткенді өзгерту, оның ықпалынан құтылу, түзетулер енгізу және қателіктерді қайта жөндеу мүмкін бе? Сондай-ақ ақша адамды ба­қытты ете ала ма? Әлбетте бас­ты тақырып, сотталған адам қоғамға сіңіп кете ала ма?

Егор Прокудиннің аппақ қайың­дары оның жан дүние­сіндей желбірейді. Қылмыскер достарының қолынан өлген Егор соңғы сәттерде де ақ қайыңдарын құшақтап жатады. Қолтығынан аққан қызыл қан – Любаның сыңсып салған «Қызыл бүргені» сияқты. Жып-жылы, қол жеткіз­бес арманға айналған «Қызыл бүрген».

Оқиғаның соңында Егор күрт өзгереді. Ол қатып қалған тоң мен қатты сеңді бұзды да. Бандиттер оның жүрісі тіпті еңбек адамына, пролетар шаруаға айналғанын айтып тұрды. Оның өлімі бір сөзбен айтқанда, өзі өлердей ғашық орыс даласында, өмір бойы жете ал­маған үйінің жанында жатқан шаруаның өлімі еді.

Сізге бір ғана сұрақ, шығар­маның ортасында Любаның туыс­тары дұрыс қабылдамай қойған соң Егор қалаға кетіп қалады. Люба оны тоқтатпайды, тек Егор оралмаса да кешіретінін айтады. Люба Егорға бір-ақ күнде бауыр басып қалғанына таңғалады, тіпті оны ғасырлар бойы білгендей жаны ауырады. Егордың басын кеудесіне қысып: «Неге сен сон­шалықты қымбатсың?» дейді Люба? Неге?

«Қызыл бүрген» әні шығар­мада ұрылардың аузымен алғаш рет айтылады. Егор айтады. Бұл күту мен үміт туралы ән еді. «Қы­зыл бүрген» – сормаңдай ащы махаббат пен мезгілсіз төгілген қан­ның нышанындай еді.

Талдай берсек, мән беретін штрихтар өте көп. Моншадағы суға түсіп кетіп, тырбана шы­ға алмай жатқан өрмекшіге Лю­баның ағасы бір сәтке мән беріп үңілуінде, орыстың бел­гілі қылқалам шебері Иван Крам­скийдің «Бейтаныс» ат­ты атақты суреті бір кадрда Лю­баның кеудесінде тұмар сияқ­ты жүруі, бір кадрда Егордың қала­да қыз-келіншектерді жинап алып тойлатып отырғанында қабырғада ілініп тұруы, тіпті шы­ғарманың басында Любаның ағасын байқамай күйдіріп алатын ожаумен кейін екеуі шарап ішіп отыруы, барлығы-барлығы көзге бірден түсе қоймаса да байқатпай оқырманды жетелеп отыратын нәзік параллельдер.

Оқиғаның бояулары да сим­воликалық мағынаға бай. Ақ қа­йыңдар, қара жер және қызыл бүрген.

Барлығымызға белгілі болса да сөз соңында айта кетейік, Фе­досеева-Шукшина фильмде Любаның, ал Шукшин Егордың рөлін ойнайды. Шукшина хикая­ның атауына айналған «Қызыл бүрген» әнін Шукшинмен алғаш кездескен кезде айтып беріпті.