Ол қандай күтімді қажет етеді?
Отыз жылдан бері мен нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды күту бөлімшесінде жұмыс істеймін. Осы кезеңде бір жас анамен болған оқиға менің есімде сақталып қалды. Ол жүктіліктің 27 аптасында 980 грамм салмағы бар нәрестені дүниеге әкелді. Бізге әріптестеріммен бірге осынау жұдырықтай ғана бөбекті күтіп жетілдіруге тура келді. Алғашында оны қолға алу да қорқынышты болатын. Сәби алақанға ғана сыйып кететін. Кейін салмағы 2 килограмм болып, ана сүтімен қоректене алатын жағдайға жеткенде нәресте ауруханадан шықты. Бүгінде ол баланың жасы 9-да, екінші сыныпта оқиды. Бұл сияқты өмірге уақытынан ерте келіп, дәрігерлік күтімнің арқасында жетіліп кеткен бүлдіршіндер аз емес.
Шала туған балалар – бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олардың саны азаяр емес.
Ол қандай күтімді қажет етеді?
Отыз жылдан бері мен нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды күту бөлімшесінде жұмыс істеймін. Осы кезеңде бір жас анамен болған оқиға менің есімде сақталып қалды. Ол жүктіліктің 27 аптасында 980 грамм салмағы бар нәрестені дүниеге әкелді. Бізге әріптестеріммен бірге осынау жұдырықтай ғана бөбекті күтіп жетілдіруге тура келді. Алғашында оны қолға алу да қорқынышты болатын. Сәби алақанға ғана сыйып кететін. Кейін салмағы 2 килограмм болып, ана сүтімен қоректене алатын жағдайға жеткенде нәресте ауруханадан шықты. Бүгінде ол баланың жасы 9-да, екінші сыныпта оқиды. Бұл сияқты өмірге уақытынан ерте келіп, дәрігерлік күтімнің арқасында жетіліп кеткен бүлдіршіндер аз емес.
Шала туған балалар – бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олардың саны азаяр емес. Оның сыртында жәрдемші репродуктивті технологияларды белсенді енгізуге байланысты бұған дейін бала көтермей келген әйелдер де ана болу бақытына қол жеткізуде. Денеден тыс ұрықтандыру сияқты технологиялар акушер-гинекологтар мен педиатр-неонатологтар үшін тың жұмыс болып табылады. Дей тұрсақ та, мерзімінен бұрын босанушылар саны өсіп келеді, демек, дәрігерлердің көмегіне мұқтаж бөбектер қатары да көбейе түсуде. Сондықтан да мен осы мақаланы шала туған бүлдіршіндер мәселесіне арнамақпын. Өйткені, біз олар туралы өте аз білеміз, олай болса ондай сәбилерді күтіп жетілдіру ата-аналар үшін де елеулі қиындықтар туғызады.
Шала балалар неліктен дүниеге келеді? Әрине, оған бірде-бір дәрігер 100 пайыз дәлдікпен жауап бере алмайды. Өйткені, оның себептері көп. Дегенмен, мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі деген себептерді атап көрсетуге болады. Ең негізгілерінің бірі сыртқы факторларға, әсіресе, болашақ ана жұмысының химиялық, зиянды өндіріске қатыстылығына байланысты орын алады. Ұзақ уақыт тігінен-тік тұру, ұзақ жүріс немесе бір қалыпта отыру өте зиянды. Әйелдің ішкі жағдайы да, оның өз жүктілігіне көзқарасы шектен тыс үрейлену, стресс, толқу, баланың тууын қаламау немесе күйеуінің болмауы тәуекелді еселендіре түседі. Сондықтан, болашақ ана бүкіл алаңдаушылықтар мен үрейлерді ысырып қойып, сабырлылықпен нәресте туралы ғана ойлауы тиіс.
Өкінішке қарай, бүгінде әйелдер арасында темекі шегу «модаға» айналды. Ол жүктілік кезінде нәресте денсаулығына теріс әсер етеді. Егер сіз жүкті болғанға дейін темекі шегіп, бірақ бала біткеннен кейін немесе жүктілік туралы білгеннен кейін темекіні тастайтын болсаңыз, қиындықпен босану тәуекелі екі есе кемиді. Егер сіз жүкті бола тұрып темекіні тастамасаңыз, нәрестеңіздің шала туу, әсіресе, 30 аптадан ерте туып қалу қаупі бар. Әкенің темекі шегуі де қолайсыздықтар туғызады, бірақ ана үшін онша қауіпті емес, бар болғаны ол ананың немесе бөбектің қасында шылым шекпеуі керек. Алкоголь қолдану, тіпті, ол күшті емес ішімдіктер болғанның өзінде дәл сондай зиянды зардаптарға соқтырады.
Болашақ ананың жасы да мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді. Егер ол тым жас (15-18 жаста) немесе керісінше 35-40 жастан асқан болса, гормоналды теңсіздік салдарынан мерзімінен бұрын туу тәуекелі арта түседі. Жыныстық аурулардың да өзіндік салдарлары күшті. Сонымен бірге, болашақ ананың диетасы, әсіресе, егер жүкті болғанға дейін ол ашығу тәсілін қолданып, арықтаумен айналысса, ол да айрықша назар аударуға тұрарлық. Мұндай әйелдерде гормоналдық қызмет зардап шегіп, аз салмақпен күрт арықтау да көбіне-көп мерзімінен бұрын босану тәуекелінің факторына айналып жатады.
Оның сыртында, егер ананың жүрегі, бүйрегі немесе өкпесі ауырса, әсіресе, олар жиі асқынып тұрса ол міндетті түрде бөбекке әсер етеді. Сондықтан ондай әйелдерге жүктілікті алдын ала жоспарлау және оның алдында өз ауруларын мұқият емдету жөнінде кеңес беріледі. Жүктілік кезінде ота жасату мен жарақат алу, токсикоз да қауіпті. Оның сыртында денеден тыс ұрықтандырудан кейін немесе егіз, үшемге жүкті болған жағдайда мерзімінен бұрын босану жиі орын алып тұрады.
Енді біз мерзімінен бұрын босанудың қалай пайда болатынын білеміз, сондықтан жүкті әйелге, әсіресе, егер жоғарыда аталған тәуекел факторларының бір-екеуі болған жағдайда акушер-гинекологтың мұқият бақылауы қажет екені түсінікті бола түседі. Дәрігерде мерзімінен бұрын босану тәуекелдеріне баға беретін арнайы таблица бар, ол бойынша дәрігер сіздің денсаулығыңыздың барлық қырларына баға бере отырып, тәуекелді есептеп шығарады және балдар сомасын жазып отырады. Тәуекел факторлары балдарда көрініс тауып, олардың мәніне сәйкес реттілікпен орналасады.
Жиынтық бағалау барысында мерзімінен бұрын босанудың басталуы туралы қорытынды жасалуы мүмкін. Мәселен, егер балдар сомасы 11 немесе одан көп болса, баланың шала туу тәуекелі өте жоғары. 6-9 балл – бірқалыпты тәуекелді, ал 6 балға дейінгі көрсеткіш төменгі тәуекелді білдіреді. Осылайша босану алдындағы патронажды жүзеге асыру барысында баланың шала туу мүмкіндігін болжап, оның алдын алу жөнінен кеңестер беруге болады.
Осыларды басшылыққа ала отырып, дәрігер ана үшін бақылау бағдарламасын жасайды, бәлкім, жүктіліктің шиеленісті дамуы мерзімінде стационарға жатқызып немесе ауруханалық парақшамен үйінде қалдыруы мүмкін.
Ең бастысы, мерзімінен бұрын босану жағдайында өзіңді өзің кінәлаудың реті жоқ, ол табиғатқа және жағдайдың беталысына байланысты орын алады. Ана үшін ең негізгі керегі – сіздің нәрестеңізге қажет көмекті, махаббат пен қамқорлықты шынайы тұрғыда көрсете білу.
Жаңа туған нәресте, егер ол шала туған болса, күтім жасауда, алғашқы көмек көрсету мен ем-дом жасау да ерекше білімдерді талап етеді. Сондықтан, мұндай бөбектермен айрықша дәрігерлер – реаниматология саласында дайындығы бар неонатолог дәрігерлер айналысады. Оның сыртында жетілмей туған балалар айрықша жағдайларда күтімге алынады – ол үшін әлемнің бүкіл елдерінде мамандандырылған перинаталдық орталықтар жұмыс істейді. Олар ең кішкене және әлсіз нәрестелерді күтуге жағдай жасайтын арнайы аппараттармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған. Соңғы мәліметтер бойынша, Германияда жүктіліктің 25 аптасында туып қалған, салмағы 250 грамм ғана болатын бөбекті аман сақтап қалудың сәті түскен. Ресейде бүгінде 500-700 грамм салмақтағы нәрестелерді табысты түрде өсіріп, жетілдіруде.
Жетілмей туған баланың нақты жағдайын анықтау ерте бейімдеу болжамын жасау үшін аса маңызды, яғни бөбек өзін қалай сезінеді, қандай асқынулардың орын алуы мүмкін және оны қалай күту керек, қандай дәрілерді қолданған тиімді, міне, осыларды білу үлкен рөл атқарады. Баланың жетілу дәрежесін анықтау үшін Беллардтың, Дубовичтің және басқалардың шкаласын пайдалануға болады. Бұл шкалалардың әрқайсысы жүктіліктің белгілі бір жас мерзімінде ғана кездесетін жетілмеушіліктің морфологиялық, яғни ішкі және функциялық белгілерін айқындайды.
Мерзімінен бұрын босанып қалған аналар ол үшін өздерін кінәламауы тиіс. Өйткені, ахуалдың кейде біздерден гөрі күштірек болатыны белгілі, оның үстіне кінәлау сезімі өмір шындығына объективті қарауға кедергі келтіреді. Ал ананың жинақы әрі салқынқанды болуы бөбек үшін өте қажет. Егер нәрестенің жағдайы мүмкіндік берсе, ананың оны күтіп жетілдіруге белсенді қатысуына болады. Сол арқылы ана сәбиге тыныштықтың, сүйіспеншілік пен бәрі жақсы болады деген сенімділіктің флюидін бере алады. Өйткені, балалардың құбылыстарды сезіп жататыны және біздің көңіл-күйіміздің оларға әсер ететіні белгілі. Бірінші күндер ең ауыр күндер болып саналады. Бұл күндері ана өзіне бекем болуы тиіс, өйткені, дәрігерлер оның сәбиінің өсіп-жетілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
Мұндай жағдайда жас босанған анаға оның жақындарының – бөбектің әкесі мен өзге де туған-туыстарының қолдауы өте қажет. Мерзімінен ерте туған сәби үшін ана сүті емдік факторлардың бірі болып табылатынын да естен шығармау қажет. Сондықтан нәрестенің ана сүтін емуге қауқары келген сәттен бастап оны мұндай мүмкіндіктен айырмауға тырысқан жөн.
Ботагөз ИСМАҒҰЛОВА,
Астана қаласындағы №2 перинаталдық орталығы нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды күту бөлімшесінің меңгерушісі, Денсаулық сақтау үздігі.