Бизнес-ахуалды жақсартудың жаңа шаралары
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру үшін өзі басқаратын министрліктің бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейтінін айтты. Бұл – кәсіпкерлікті дамыту, салық-бюджет саясатын жетілдіру, инвестицияларды ынталандыру, теңгерімделген өңірлік даму, мемлекеттік басқару.
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша шағын және орта бизнестің қазіргі кредиттерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау жүзеге асырылады. Сондай-ақ қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жалғасады. Бұл 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 35%-ға дейін, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 4 млн адамға дейін ұлғайту туралы міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді.
Салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша қазіргі қолданыстағы 12 салық, 48 кіші салық түрі, 10 төлемақы және 6 алымды барынша азайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Инвестицияларды ынталандыруға қатысты жобаларды іске асыру процесінде заманауи инфрақұрылымды, ағылшын заңнамасын және жеңілдетілген салық және көші-қон режімін ұсынатын «Астана» ХҚО әлеуеті белсенді пайдаланылады.
Теңгерімделген өңірлік даму бойынша Жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіру шеңберінде ауыл округтері бюджетінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтіледі (салықтар мен төлемдердің төрт түрі беріледі). Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл тұжырымдама шеңберінде ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, жергілікті мемлекеттік басқарудың мүліктік құқықтарын және мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша ұсыныстар дайындалады. Мемлекеттік басқару бойынша мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордағылар саны 2020 жылы 10%-ға, келесі жылы тағы 15%-ға қысқарады.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, Президенттің бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде. Оның тиімділігін арттыру және валюта нарығын тұрақтандыру үшін Үкіметпен бірлесіп валюталық түсімді елге қайтаруға арналған қосымша шаралар пысықталады және экспорттаушылардың оны іске асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдауға қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. Ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент тапсырмаларының тезірек орындалуы үшін Үкіметке «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінде сатып алу туралы» заң жобасы енгізілгенін айтты. Заң жобасы барлық процедураны 100% электронды форматқа көшіру арқылы сатып алулардың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында Қаржы министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп кешенді іс-шаралар өткізуде. Оффшорлық юрисдикцияларға ақша аударымдары бөлігінде заңнама жетілдіріледі. Атап айтқанда, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салу, салық органдарының кәсіпкерлік субъектілерінен түпкілікті бенефициарлар туралы мәліметтерді алу құқығын заңнамамен бекіту туралы FATF ұсынымдары орындалады.
Кооперативтерге кең өріс
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың алдағы жоспары туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Министр айтқандай, келесі бесжылдыққа арналған жаңа Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. Жобада: ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру; ауыл халқының табысын өсіру; еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру; АӨК өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту шаралары қамтылады.
Өңдеуші кәсіпорындар қуатының жүктемесін арттыру үшін зәкірлік кооперацияны дамыту шаралары пысықталады. «Кооперативтерді дамыту үшін басымдық пен субсидиялаудың жоғары нормативтері, сондай-ақ жеңілдетілген салық режімдері сынды экономикалық жағдайлар жасалды. Мысалы, биыл тамызда субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді, онда ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жабдықтар мен техника құнының 50%-ы көлемінде инвестициялық субсидиялар, сондай-ақ кооперативтер дайындаған сүт пен етті субсидиялау мүмкіндігі көзделді. Салық заңнамасында кооперативтер үшін барлық салық бойынша 70%-ға жеңілдік көзделген. Қазір су тұтынуды азайту және ылғал ресурстарын үнемдеу технологиясына көшуді ынталандыру үшін заманауи суару жүйелерінің құны 50%-ға субсидияланады, бұл суды тұтыну мен жоғалтуды бірнеше есе азайтуға мүмкіндік береді», деп түсіндірді ведомство басшысы.
Жол мен үй салуға серпін беріледі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов атап өткендей, кезекте тұрған азаматтардың баспана мәселесін тезірек шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалдамалы тұрғын үй құрылысына қарастырылған қаражатты қайта бағыттау ұсынылады. Шамамен 100 мың азаматқа қолдау көрсетіледі. «Сонымен қатар жеке құрылыс салуды ынталандыру үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында азаматтарға жеке құрылыс салуға бөлінетін 40 мың жер учаскесіне коммуникациялар тартылады. Елімізде 6,3 мың ауыл болса, соның 3,5 мыңы перспективалық саналады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өз қаражатына типтік жобамен баспана тұрғызатын ауылдардағы жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігі әзірленеді. Министрлік үйдің белгіленген құнының бір бөлігін субсидиялау тетігін әзірлейді» деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 11 мың шақырым жол салынады және қайта жаңғыртылады. Оның ішінде республикалық желідегі 4 мың шақырым жолда биыл жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша 2025 жылға дейін республикалық желідегі автожолдардың барлығы жақсарады.
Интернет пен экожүйе жақсарады
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінгі таңда қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша екі жоба іске асырылып жатқанын атап өтті. Ол – ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту және мобильді кеңжолақты интернетке қосу. Екеуі де жыл соңына дейін аяқталады. Бұл 250-ден астам тұрғыны бар барлық ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ байланыс сапасын арттыру үшін: байланыс сапасының параметрлері айқындалады; интернет сапасы бойынша деректерді тіркеуге және беруге мүмкіндік беретін Халықтық бақылау құралы енгізіледі. Байланыс операторларына қойылатын талаптарды арттыру үшін бірқатар басқа да заңнамалық түзетулер пысықталады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2019 жылы мониторинг нәтижелері бойынша Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалаларында атмосфералық ауа жоғары деңгейде ластанғанын айтты. Экологиялық проблемаларды шешу үшін министрлік жұртшылықпен онлайн-кездесулер ұйымдастыруда. Атырау, Ақтөбе, Павлодар облыстарының және Алматы, Теміртау қалаларының жұртшылығымен 5 кездесу өтті. Қорытындысы бойынша жол карталары әзірленді. Жұмыс одан әрі жалғасады. 2 ай ішінде қалған өңірлердің жол карталары әзірленеді.
Орман шаруашылығы саласында 2030 жылға қарай орман көлемін қазіргі 4,7%-дан 5%-ға дейін ұлғайту жоспарда тұр. 5 жыл ішінде орман қорында 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады. Елорданың айналасындағы жасыл белдеу 2023 жылға қарай қазіргі 87,8 мың гектардан 100 гектарға жетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл елімізді ауқымды түрде көгалдандырады.
Өндіруден өңдеуге бет түзейміз
Энергетика саласындағы қазіргі және орта мерзімді жоспарлар туралы баяндаған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев еліміздегі ІЖӨ-нің шамамен 25%-ын өндіретін және экономикаға 50%-ға жуық инвестиция тартатын мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосымша құны жоғары, экспортқа бағдарланған өнімді шығаруға және мұнай газ-химия өнеркәсібін дамытуға қайта бағдарлау бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын айтты.
Бүгінгі таңда салада 2025 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 15 млрд долларды құрайтын жобалар қолға алынды. «Ал ірі жобаларға тоқталатын болсақ, қуаты жылына 500 мың тоннаны, яғни 2,6 млрд долларды құрайтын полипропилен өндіру жөніндегі газ-химия кешені салынуда. Жобаны аяқтау мерзімі – 2021 жылдың соңы» деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов әлеуметтік салалардағы Президент тапсырмаларын орындау бағытындағы жұмыстарын ортаға салды. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, бүгінгі таңда 721 мың қазақстандық зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін тұрғын үй және емделу мақсатына жұмсай алады, бұл шамамен 1,4 трлн теңге. «Мұның ішінде жеткілікті көлемде қаржы жинаған 530 мыңға жуық жұмыс істейтін азамат пен зейнетақы қорында қаржысы бар 178 мың зейнеткер бар.
Отырыста қаралған мәселелерді Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Жолдауда алға қойылған міндеттерді орындау экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторына айналады. Мемлекет басшысы жаңа жағдайға сай келетін мемлекеттік және экономикалық саясатты уақтылы әзірлеу бойынша нақты іс-қимыл жоспарын белгіледі», деді ол.
Бәсекеге қабілеттілік артады
Премьер-Министр халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономиканы одан әрі дамыту бойынша үлкен міндеттер жүктелгенін атап өтті. Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бәсекеге қабілетті нақты секторды белсенді дамытуды және экспорт құрылымын әртараптандыруды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ Жолдауды іске асыру стратегиялық маңызды салаларды мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстандық үлесті арттыру бойынша жаңа ұсыныстар дайындап, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу қажет. Үкімет басшысы бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі ұлттық басымдықтарды қамтамасыз етіп, жоспарлау жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті.
Бюджеттен тыс қорларды ескере отырып, «кеңейтілген бюджетті» енгізу керек. Тікелей және портфельдік инвестицияларды тарту, отандық тауарлар мен қызметтердің экспортын ілгерілету мақсатында «Астана» ХҚО алаңы пайдаланылады. «Жолдаудың басты мақсаты – тұрғын үйдің қолжетімділігіне, қолайлы отбасылық-демографиялық жағдайларға, жақсы экологияға, қолжетімді әрі сапалы білімге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіне негізделген азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына бағытталған», деді А.Мамин.
Премьер-Министр Мемлекет басшысының Жолдауы мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға, кадр саясатын, шешім қабылдау және олардың орындалуы үшін жауапкершілік жүйесін қайта қарауға бағытталғанын атап өтті. Президент Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру үшін биылғы 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Қ.Тоқаевтың бекітуіне енгізіледі.