Қоғам • 03 Қыркүйек, 2020

Зейнетақы жинағының бір бөлігін қанша адам пайдаланады?

802 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинағы қалыптасты. Бір жылдағы зейнетақы жинақтарының сомасы 1,9 трлн теңгеге пара-пар немесе 19%-ға өскен.

Зейнетақы жинағының бір бөлігін қанша адам пайдаланады?

Әрине, зейнетақы жинақ­тарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жар­налары есебінен қалыптасатыны белгілі, бүгінде оның мөлшері 11,8 трлн теңгені құрайды. Ал міндетті кәсіп­тік зейнетақы жарналары бойынша зей­нетақы жи­нақтарының сомасы 287,8 млрд теңгеге, ерікті зейнетақы жарналары 2,1 млрд теңгеге тең. 2020 жылдың басынан бастап 1 тамыздағы жағдай бойынша қор салымшыларының шоттарына 752,98 млрд теңге таза инвестициялық табыс есеп­телді, бұл 2019 жылдың сәй­кес ке­зеңімен салыстырғанда 389,77 млрд теңгеге артық.

Жуырда Үкімет отырысында ал­дағы 3 жылда Ұлт­тық қордан бөлі­не­тін кепілден­діріл­ген транс­ферттің әлеу­­мет­­тік мін­дет­те­ме­лерді қаржылан­дыру­ға ба­ғыт­та­ла­тынын жет­кізген Қаржы ми­нис­трі Ерұлан Жамау­­баев жыл са­йын­ғы индекстеуге және зей­нет­­ақы мен жәр­­дем­ақы алушы­лар кон­­тин­ген­тін ұл­ғайтуға келе­сі жыл­ға қосым­ша 265 млрд тең­ге қа­­­рас­­тырыл­ғанын айтқан бола­тын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы зей­нетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесіне тағы да тоқталды. Тура бір жыл бұрын Президент алғашқы Жол­дауында жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын зей­нетке шыққанға дейін де пай­даланғысы келетінін, сон­дық­тан жұмыс істейтін азаматтар өз­дері­нің зейнетақы жинағының бір бөлігін бел­гілі бір мақсатқа, со­ның ішінде бас­па­на сатып алу­ға немесе білім алу үшін пайда­ла­ну мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тап­сырған болатын.

Алайда арада бір жыл өтті. Бұл мәсе­леде мемлекеттік орталық орган­дар мен қоғамдық сарапшылар ортақ тоқ­тамға келе алмады. Бас басылым бетінде де бұл мә­селеге байланысты арнайы сөз алған сарапшылар зейнет­ақы жинағының белгілі бір бөлігін пай­да­лануға көптеген салымшының қолы жетпейтінін, ал жинағы қор­да­ла­нып қалған азаматтардың тұр­ғын үйге мұқ­таж емесін алға тартты. Аталған мәсе­леде көпте­ген шет мемлекеттердің, соның ішінде Сингапур сияқты дамы­ған мем­лекеттердің тәжіри­бесін пайдалану туралы да ұсы­ныстар болды. Алайда ел азамат­тарының орташа табысы өрке­ниетті елдердегі кіріс көле­мі­мен теңесе бермейтіні тағы қол­бай­лау болғаны жасырын емес.

1

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дау­ында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты екенін еске салып, нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асатынын жеткізді.

«Менің тапсырмам бойынша ел тұр­ғын­дарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысық­талды. Бұл, әсіресе қазір ерекше маңыз­ды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қорының 700 мың са­лым­шысы өз жинағының бір бөлігін тұр­ғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе бас­қарушы компаниялардың ие­лі­гіне береді» деген Президент Үкіметке Ұлт­тық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңы­на дейін барлық қажет­ті нор­ма­тивтік-құ­қық­тық актілерді қабыл­дап, да­йындық жұ­мыстарын жүргізуді тапсырды.

Президенттің айтуынша, бұл рефор­ма еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнет­ақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады. Шын мәнінде, қазір көптеген кә­с­іп­орын еңбеккерлерінің айлы­ғын төмен­детіп көрсететіні бел­гілі. Бұл ретте жапа шегетін тағы да қа­рапайым жұмыскер болып отыр.

Осы орайда кеше Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұ­рымбетов 2021 жылы кімдердің өз зей­нетақы жинағының белгілі бір бөлігін тұр­­ғын үй сатып алуға, емделу ақы­сын төлеуге жұмсауға немесе қар­жылық ком­паниялардың бас­қаруына беруге мүм­кіндігі болатынын айтты.

«Мемлекет басшысы жыл соңы­на де­йін барлық қажетті норма­тивтік-құқық­тық актілерді қабыл­дауды және зей­нет­ақы са­лым­дарының бөлігін мақсат­ты жұм­сауға дайындық жұмыс­тарын жүргізуді тапсырды. Бү­гін­де тұжырымдамалық мақұл­дан­ған шешім бар» деген ведомство басшысының айтуынша, қазіргі кезде 721 мың адам атал­ған мақсаттарға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алады. Бұл шамамен 1,4 трлн теңгені құрап отыр.

Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Б.Нұрымбетов 530 мың жұмыс істейтін азаматтың зейнетақы жинағы «жеткілікті шектен» асатынын, сондай-ақ зейнетақы жинағы бар 178 мың зейнеткер және 13 мың адамның сақтандыру компанияларымен аннуитетті зейнетақы келісімі бар екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, зейнеткерлерге қолдағы жинағының 50 пайыздан аспайтын бөлігін алуына болады.

Жыл басында 30 жасқа толған ер-азаматқа жеткілікті шек 6,7 млн теңгені, ал әйелдерге 9,6 млн теңгені құрады. Алайда министр сол кезде жеткілікті шектің көлемін қайта қарауға уәде берген болатын. Былтыр Президент тапсырмасынан соң Үкімет бекіткен талаптарға сәйкес, 200 мың адам­ның зейнетақы жинағының бір бө­лігін пайдалана алатыны айтыл­ған еді. Алайда Мемлекет басшы­сы биылғы Жолдауында бұл орайда алғашқы қадам жасал­ға­нын айтып, жарнаны пайдала­ну­шы­лардың ауқымы артатынын жеткізді.