Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайын талқылады. Атап айтқанда Түркі академиясы Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығын, Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын кең көлемде атап өтіп, бірқатар ғылыми еңбектерді жарыққа шығарған болатын. Сонымен қатар, кездесуде Моңғолияда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері талқыланып, бірқатар келешек жобалар бойынша пікір алмасты.
Елші мырза Академия жұмыстарына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытқа жоспарланған істерге сәттілік тіледі.
Кездесу барысында келесі жылы аталып өтілетін ұлы ғұн әміршісі Мөде қағанның таққа отыруының 2230 жылдығына арналған шаралар туралы да сөз қозғалды.
Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі Моңғолия елшісіне Академия басып шығарған бағалы басылымдарды тарту етті. Олардың қатарында тұңғыш рет моңғол тіліне тәржімаланған Рашид ад-диннің “Жамиғ ат-тауарих” еңбегі және Абайдың шығармалар жинағы бар.
Айта кету керек, бүгінге дейін Халықаралық Түркі академиясы алтаистика және моңғолтану бағытында отыздан астам ғылыми еңбекті дайындап, баспадан шығарған.