Соңғы бірнеше ай ішінде қаладағы Байтұрсынов, Түркістан, Қонаев, Арғынбеков, Асқаров, Жангелдин, Ілияев сынды магистралды көшелерге салынып жатқан веложолақтардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталып келеді. Апта басында Shymkent bike велостансасы қайта іске қосылып, карталар сатылымға шықты. Қазіргі таңда жобада 160 велосипедтен құралған 40 велостанса қамтылған. Пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы тариф жоспарлары да әзірленген. BIKE SHARING жүйесі арқылы велосипедті алғашқы 30 минут тегін пайдаланып, одан кейін тарифке сәйкес 1 сағатқа – 100 теңге, 2 сағатқа – 250 теңге, 3 сағатқа – 500 теңге, ал 3 сағаттан асса 1 мың теңге төлейсіз. Жалпы абоненттік төлем картасының бағасы мынадай: 1 айлық абонемент – 2 500 теңге, 3 айлық абонемент – 6 мың, 1 жылдық абонемент 10 мың теңге тұрады.
Қазір қала ішіндегі бірқатар автожолдар күрделі жөндеуден өтуіне байланысты Shymkent bike қолданушыларының қатары да арта түскен. Сала мамандарының айтуынша, кешенді зерттеу жұмыстары нәтижесінде шаһарда жаяу жүргіншілер ағыны көп орындар анықталды. Енді осы мекенжайларға велостанса салынбақ. Велосипедпен көп жүру біріншіден тұрғындардың денсаулығы үшін пайдалы болса, екінші жағынан қала экологиясына оң әсер етпек. Себебі қаладағы автокөліктерден шығатын түтін ауаның ластануына алып келуде.
Құрылысқа тек отандық өнім пайдаланылады
Отандық өнімді өзіміз сатып алып пайдаланғанда ғана оның сапасы артып, бәсекелестікте дами түспек. Осы қағиданы мықтап ұстанған жергілікті билік Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан нысандарға тек отандық өнімдер пайдалануды тапсырды. Әрі мұны арнайы тексеріп келеді.
Биылғы шаһарда құрылыс басқармасының тапсырысы негізінде 96 нысанның құрылысы жүргізілуде. Ондағы нысан құрылысын қазақстандық өніммен қамту үлесі 91 пайызды құрап отыр. Бұл туралы құрылыс басқармасының мамандары хабарлады. Олардың айтуынша, құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың 56-сы тұрғын үй болса, 15-і инженерлік инфрақұрылым, ал 16 жоба әлеуметтік нысан және жұмыспен қамту жол картасы аясында 9 нысан болып отыр.
Бүгінде қалада құрылыс материалдарын шығаратын 215 ірі, орта және шағын кәсіпорындар жұмыс істейді. Осы жылдың алты айында аталған кәсіпорындар 34,2 млрд теңгенің құрылыс материалдарын өндірді.
Қаланың жалпы өнеркәсібінде өндірілген өнім көлеміндегі құрылыс материалдары өндірісінің үлесі 13,2 пайызды құрайды. Ал құрылыс материалдарының отандық өндірісін дамыту мақсатында қалада 2020-2021 жылдар аралығында құны 2,9 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Аграрлы сала қарқынды дамуда
Шымкент қаласының бағбандары бүгінде озық технология бойынша егілген қарқынды баудың өнімділігі дәстүрлі тәсілмен егілген бауға қарағанда 1,5-2 есеге артқанына көз жеткізіп отыр. Себебі шаһарда соңғы екі жылда 135 гектарға қарқынды алма бағы отырғызылған.
Ал биыл «Д-Сабыр» шаруа қожалығы 15 гектар аумаққа интенсивті бау екті. Бозарық тұрғын алабында орналасқан шаруашылыққа 100 млн теңге инвестиция құйылған. Мұнда алманың «Айдаред», «Ред делишес», «Джонаголд», «Глостер» сынды түрлері бар және 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал науқан кезінде жұмысшылар саны көбейеді. Аталған жобаға мемлекет тарапынан 25 млн теңге субсидия бөлініп, қолдау көрсетілді. Мұнан бөлек, қалада биыл озық технологияны қолдана отырып өнеркәсіптік үлгідегі аумағы 5,7 гектар болатын екі жылыжай кешені іске қосылды.
Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, мегаполистің 62,6 мың гектар ауыл шаруашылығына арналған жері бар. Оның егістікке жарамдысы – 39,5 мың гектар. Биыл соның 27,9 мың гектары игерілді. Бұдан бөлек 11,7 гектар өнеркәсіптік жылыжайлар іске қосылды. Бұл – «Таза өнім», «Арман агро», «Колесников А.В.» шаруа қожалықтарының нысандары. Нәтижесінде қалада жылыжайлардың жалпы көлемі 182,4 гектарға жетті. Биыл жарты жылда олардан 4 мың тонна өнім жиналған.
Күзгі дала жұмыстары мен жиын-терінге 1 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, шаруалардың өтінішіне қарай оның 190,6 тоннасы таратылып берілді. Қалғанын шаруалар күзгі жиын-терін аяқталғанша алып үлгереді. Дизельдің бір литрінің құны 161 теңге болып бекітілді. Ал жанар-жағармайды таратушы оператор міндеті «Мұнай Инвест Груп» ЖШС-не жүктелді. Шаруалар дала жұмыстарын мерзімінде аяқтау үшін қолда бар техникаларын іске қосты. Ресми мәліметке сәйкес, жиын-терін науқанына 725 трактор, 35 комбайн пайдалануда.
Биыл егілген егістік алқаптарынан 36 737 тонна өнім жиналды. Бұл – 14,2 мың тонна дәнді дақыл, 2,4 мың тонна картоп, 12,6 мың тонна көкөніс, бақша, сондай-ақ, 1 мың тонна майлы және 6,5 мың тонна мал азығы дақылдары. Күзгі жиын-терін қара күзге дейін жалғасады.
Бидайдың әр гектарынан биыл 11,8 центнерден, арпадан – 8, сұлы – 7, дәнді жүгері – 27, күнбағыс – 6,8, мақсары 7 центнерден жиналып, картоп 121 центнерден айналды. Сонымен бірге көкөніс пен бақшада түсімділік гектарына – 105, сүрлемдік жүгеріде – 27, жоңышқада 9 центнерді құрады. Бүгінгі таңда ұзындығы 241 шақырымнан асатын 27 канал коммуналды меншікте. Солардың айналасында 11 мың гектар суармалы жер бар. Өз кезегінде Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы ағын судың жетіспеушілігі мәселесіне баса назар аударып отыр. Мәселен, биыл Сайрамсу каналы арқылы бар-жоғы секундына 2 текше метр ғана су берілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 есеге төмен. Осыған байланысты басқарма тарапынан қазіргі таңда мәселені шешудің жолдары жан-жақты зерделенуде.
Қуантарлығы, биыл шымкенттік шаруалар әлемнің 11 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттады. Шымкент қаласының шаруалары жыл басынан бері 73,6 млн доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 11 еліне экспорттаған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы экспортының артқаны байқалады. Мәселен 2019 жылы 65,5 млн долларды құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері шетел нарығына шығарылды.
Шымкентте өндірілген өнімдер Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Украина, Моңғолия, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері және Қытайға жөнелтілді. Атап айтқанда, 72,3 тонна ірі қара еті, 12,7 тонна қой еті, 10,1 тонна бал, 19,5 тонна өңделген балық сыртқы нарыққа шығарылған. Сондай-ақ картоптың – 25,2 мың, пияздың – 45,3, қырыққабаттың – 20, көкөністің – 558, жеміс-жидектің 406,5 тоннасы жоғарыда аталған елдерге сатылды. Бұған қоса, 78,2 мың тонна бидай, 4,5 мың тонна арпа, 390 тонна дәнді дақылдар, 6,1 мың тонна майлы дақылдар, 110,6 мың тонна ұн, 19,2 мың тонна өсімдік майы, 986,1 тонна макарон өнімдері және 74,5 тонна нан/кондитер өнімдері экспортталды.
Жаңа оқу жылында жаңалық көп
Үшінші мегаполисте жаңа оқу жылында 172 мектепте 222 мың оқушы білім алады. Бірінші тоқсанда қашықтан оқыту форматы сақталады. Соған қарамастан мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған 24 160 бүлдіршіннің 14 940-ы үшін ата-аналардың өтініші негізінде 996 кезекші сынып ашылды. Әр сыныпта санитарлық нормаларды сақтай отырып 15 баладан оқиды.
Білім күні мерекесіне орай шаһар басшысы Мұрат Әйтенов барша ұстаздар мен шәкірттерді онлайн режімде құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Білім күні, шын мәнінде, жалпыхалықтық мерекеге айналды. Бұл мейрамның әр адамның өмірінде алар орны ерекше. Бүгінгі күн, әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған балалардың жүрегінде мәңгі сақталады. Биыл пандемияға байланысты оқу жылы қашықтан басталып отыр. Дегенмен қала мектептері оқу процесіне дайын. Биыл Қазақстанда үш маңызды дата атап өтілуде. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы және Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы. Осы тұлғаларды балаларымызға үлгі етуіміз керек. Білім адамды ақылды, рухани тұрғыда қуатты етеді. Өмірде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Баршаңызға табыс, төзім және терең білім алуға деген құлшыныс тілеймін», деді қала әкімі.
Мұрат Дүйсенбекұлы әр оқушының жетістігінде ұстаздардың орасан еңбегі жатқанын атап өтіп, Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін оқыды, барлық білім алушыға челлендж жолдады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының білім мекемелері жылыту маусымына толық дайын. Қалалық білім басқармасының басшысы онлайн форматта өткен тамыз кеңесінде білім мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық барысымен таныстырды. Басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар мен өзекті мәселелерге тоқталып өтті.
Жанат Әскербекқызының айтуынша, бүгінгі таңда үшінші мегаполистегі білім мекемелерінің жылыту жүйелерін жөндеу, қысымдау жұмыстары толық аяқталды. Бүгінде жеке қазандықпен жылытылатын 25 мекемеге 4 793 тонна қатты және 190 тонна сұйық отын тасымалданып, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жалпы жылыту маусымына жоспарланған қатты және сұйық отындар арнайы лабораториядан өткізіліп, сертификаты алынды.
Айта кетерлігі, биыл қалада 13 мектеп пен 2 өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 8 мектеп пайдалануға берілсе, 5 мектептің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Соның нәтижесінде, апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азаяды.
Бауырлас елдер туризм саласын бірге түлетпек
Қала әкімі Мұрат Әйтенов Өзбекстан Республикасының Алматыдағы бас консулы Аброр Фатхуллаевпен кездесті. Кездесуде тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту мен халықаралық туризмді дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында экономикалық тұрақтылық пен еңбек миграциясы жайында сөз қозғады.
Бас консул өз сөзінде еңбек миграциясы халықаралық экономикалық қатынастардың бір бөлігіне айналғанын айтып, пандемияға байланысты жұмысшы күшін қабылдайтын оңтайлы жүйе жасауды ұсынды.
«Шымкентте ірі өнеркәсіп орындары мен құрылыс саласында көптеген нысан құрылыстары жүргізілуде. Жұмыс берушілерден өтінім келіп түссе, біздің тараптан жұмыс күшімен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бұл үшін Қазақстанның жұмыс берушілері Өзбекстан тарапынан сұратылған тиісті құжат топтамасын ұсынып, өтінім білдірсе жеткілікті», деді Аброр Фатхуллаев.
Шымкентте құрылыс жұмыстарының қарқыны карантин кезінде де бәсеңдемегенін айтқан қала басшысы бүгінде жұмыс күшінің қажет екенін жеткізді. Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендігін білдірді.
Қыстың қамын жаз ойла...
Жыл сайын ауа райының өзгеруіне байланысты тұрғындарды мазалайтын мәселе – жылу жүйелерінің уақтылы іске қосылмауы. Осы түйткілді түйінді шешу үшін салаға жауапты мекеме шұғыл іске кірісіп кетті. Қыстан тоңдырмай шығаруға жауапты «Қуатжылуорталық-3» мекемесі 2019-2020 жылғы қысқа дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Қазір қаладағы көшелерден өтетін магистралды жылу құбырлары қалыпқа келтіріліп жатыр.
«Кәсіпорынның жұмысшы бригадалары ыстық су айдайтын сорғыларды жөндеп, жылу сапасын жақсарту үшін изоляциялық материалдармен қаптауда. Мәселен, Нұрсәт шағын ауданындағы ескірген құбырларды жаңалаудың І кезеңдік жұмыстары басталды. Сол секілді Байтұрсынов, Ілияев, Асқаров көшелеріндегі үйаралық құбырлар ауыстырылып жатыр. Ал Арғынбеков көшесінің бойындағы үлкен магистралды жылу құбыры жаңартылуда. Мұндай жұмыстар қаланың өзге де аумақтарында қарқынды жүргізілуде. Жалпы, өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған ескі құбырлардың барлығын кезең-кезеңімен ауыстыру көзделген. Мекеменің басты ұстанымы – халыққа сапалы қызмет көрсету. Бүгінде қаланың көп бөлігіне ыстық су беріліп жатыр. Солардың қатарында Төлеметов көшесі бойындағы көпқабатты үйлер мен Шымсити, Нұрсәт, Сайрам, Тұран шағынаудандарын атап өтуге болады.
Соңғы кезде мекеме жұмысшыларының әлеуметтік жағдайы біршама көтерілді. Оған жалақының бірнеше есеге өсуі оңды әсерін тигізді. Әсіресе дәнекерлеушілер жоғары айлыққа қол жеткізді. Пердебай Сәбитов басқаратын ұжым жетекшілігі мұнымен шектелмей, жалақыны көтеріп, уақтылы төлеуден бөлек әлеуметтік көмек көрсетудің жолдарын қарастыруда. Мәселен, жақсы жұмыс атқарған ұжымның еңбек озаттарына тұрақты түрде ынталандыру сыйақысы беріліп тұрады. Науқас және тиісті ем-дом шарасына мұқтаж азаматтарға материалдық көмектер көрсетіледі. Осындай жәрдем берілген ұжым мүшелерінің ішінде мен де бармын. Сонымен бірге «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорны пневмонияның өршіген кезеңінде еріктілер тобын құрып, қайырымдылық іс жасады. Қаладағы провизорлық орталықтар мен жұқпалы дертті емдейтін ауруханаларға оттегі баллондарын тегін жеткізіп берді. Ол үшін арнайы жасақталған ұжым еріктілері күндізгі және түнгі кезекшіліктер құрды. Бұдан бөлек мекемеміз стационарлық емдеу орталықтарын қажетті техникалармен қамтамасыз етті», дейді «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің учаске шебері Арыстан Қожамқұлов.
Кәсіпкерлікке барлық жағдай жасалуда
Елімізде жыл өткен сайын шағын және орта бизнеске деген қамқорлық артып келеді. Оған дәлел түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіп бастағандарға беріліп жатқан қаржылық қолдаулар. Бұл мақсатта да ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар жетерлік.
Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың дағдарыс кезінде кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету тапсырмасы негізінде құрылған «Бизнеске арналған үкімет-Shymkent INVEST» кеңсесі аз уақыт ішінде 2 мыңға жуық кәсіпкерге қызмет көрсеткен. Атап айтқанда, әйелдер және жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы бойынша 1 пайыздық жеңілдетілген несие алу үшін 427 азамат өтініш берген. Нәтижесінде жалпы құны 98 млн теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданған. Ал «1000 сауда орны» бағдарламасы аясында жер учаскелерін алу бойынша 200-ге жуық азаматқа кеңес берілсе, мемлекеттік грант алу бойынша 104 адам өтініш білдірген. Сонымен қатар 500-ден астам кәсіпкерге қаржылай емес қолдау көрсетіліп, мамандардың көмегімен бірнеше жоба әзірленді.
Фронт-офис кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша жан-жақты қызмет көрсетіп, нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Онда кәсібін ашқысы келетіндердің барлық сұрақтарына жауап беріледі. Мамандар жеңілдетілген несие алу, сауда орындарын іске қосу, индустриялық, көлік-логистикалық, агро-индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардан жер телімін алу сынды мәселелер бойынша кеңес беруге дайын.