31 Қазан, 2013

Мұнай ұрлығы тыйылмауда

524 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықтың мұнайды «қара алтынға» теңеуі тегін емес. Жеріміздегі мұнайдың мол қоры еліміздің экономикалық дамуына серпін беретін табиғи байлық екені де рас. Алайда, «алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, мұнай ұрлығының белең алғаны соншалық, мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы криминалдық құрылымдардың негізгі табыс көзіне айналуда.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің деректері бойынша, тек бір ғана Байғанин ауданының мұнай құюшы терминалы арқылы жалпы сомасы 1,5 миллиардтан артық теңгені құрайтын 15 тоннадан астам мұнай заңсыз жолмен алынып, елімізден сырт аймақтарға шығарылғаны анықталып отыр.

Халықтың мұнайды «қара алтынға» теңеуі тегін емес. Жеріміздегі мұнайдың мол қоры еліміздің экономикалық дамуына серпін беретін табиғи байлық екені де рас. Алайда, «алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, мұнай ұрлығының белең алғаны соншалық, мұнай және мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы криминалдық құрылымдардың негізгі табыс көзіне айналуда.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің деректері бойынша, тек бір ғана Байғанин ауданының мұнай құюшы терминалы арқылы жалпы сомасы 1,5 миллиардтан артық теңгені құрайтын 15 тоннадан астам мұнай заңсыз жолмен алынып, елімізден сырт аймақтарға шығарылғаны анықталып отыр.Тексеру кезіндегі деректерден анықталғанындай, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы облыс бойынша бір жылда 100 мың тоннадан кем емес, ал оның құны 10 млрд. теңгеге жуық қаржы құрайды екен. Облыс прокуратурасымен талданып отырған салада тексерулер жүргізу басталған уақыттан бері қылмыстық қудалау органдарымен 54 қылмыстық іс қозғалған, ал 2011 жылы барлық органдармен небәрі 13 қылмыс­­­тық іс, онда да маңызы онша үлкен емес деректер бойынша қозғалған. Бүгінгі таңда облыс соттары 15 қылмыстық іс қарап, олар бойынша 37 адам темір тордың арғы жағына аттандырылған. Мұнай көбіне иесіз, қараусыз қалған кен орындарынан ұрланады екен. Облыстық прокуратура қызметкерлері күшімен қараусыз қалған кен орындарынан мұнай ұрлаумен тұрақты негізде айналысып жүрген қылмыстық топтар анықталып, залалсыздандырылған. Облыстық прокуратураның ҰҚКД-мен бірлескен іс-қимылы арқылы «Қара Төбе» қараусыз қалған кен орындарын күзетуге рұқсат беретін жалған құжаттар ресімдеу арқылы, іс жүзінде мұнай ұрлаумен айналысқан құрамында 5 адамы бар қылмыстық топ оқиға орнында құрықталды. Осы қылмыстық топтың жалпы сомасы 3749058 теңге болатын 51,3 тонна «қара алтынды» қажетіне жаратып кеткені белгілі болды. «Ұрлық түбі – қорлық» дегендей, 2013 жылғы 28 наурыздағы сот үкімімен аталған қылмысқа қатысты барлық тұл­ғалар ҚК 175-б. 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, әртүрлі жазалау мер­зім­деріне сотталды. Үстіміздегі жыл­дың маусым айында жедел іздестіру шара­ларының нәтижесінде Ақтөбе облысы бойынша экономикалық және ­сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес департа­мен­ті «Алем Мұнай ЛТД» ЖШС және «Stopard» ЖШС арқылы көрінеу жалған құжаттар бойынша мұнай және мұнай өнімдерін қабылдау, өңдеу және тиеп-тасымалдау әрекеттерімен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Бұл ретте, аталған қылмыстық топтың құрамында қылмысты ұйымдастырушылармен бірге ұрланған мұнайды заңдастыруды жүзеге асырушы Ақтөбе облысы бойынша «Энергетический» КБД кедендік күзетінің қызметкерлері де болғаны анықталып отыр. Мұның өзі мұнай ұрлығы айналасындағы сыбайластықтың тым тереңдеп кеткенін аңғартса керек. Сондай-ақ, 2013 жылғы 18 ақпанда облыстық прокуратура жолдаған материалдар бойынша аталған департамент аса ірі көлемдегі мұнайдың шығу заңдылығын растайтын құжаттарсыз алуды және сатуды жүзеге асыру дерегі бойынша «Алтын Көз Мұнай» және «НГП-Мұнай Продукт» ЖШС-нің қаржылық директоры Ли-Ко Шин, Ю.Липириди және басқаларға қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«НГП-Мұнай Продукт», «Алтын Көз Мұнай» ЖШС-нің басшылары Ли-Ко Шин, Ю.Липириди, Н.Липириди және А.Мол­­бағаровтың және өзге де анық­­­­­­­­­­тал­­­­маған тұлғалардың қылмыстық әре­кет­­­тері­нің салдарынан, жалпы сомасы 1 млрд. теңге­ге жуық қаржы құрайтын 18 мың тонна­дан астам шикі мұнай заңсыз сатылған.

Қазіргі уақытта, Ли-Ко Шин, Ю.Ли­пириди жалпы сомасы 70 млн. теңгені құрайтын дүние-мүлкін, ақшасын тәр­кілеу арқылы 6 жылға сотталды. А.Молбағаровқа және Н.Липиридиге қатысты бұлтартпау шарасы арқылы іздестіру жарияланған. Облыстық прокуратураның бастамасымен мұнай және мұнай өнімдері жүйелі ұрланатын «Қара Төбе» мұнай және газ кен орындары «ҚазМұнайГаз» АҚ басқаруына берілген. Сондай-ақ, соңғы кездері мұнай ұрлау деректері жиілеп бара жатқан «Синельниковское» қараусыз қалған кен орындарына қатысты осыған ұқсас шаралар алу туралы ұсыныстар енгізілген көрінеді.

Облыстық прокуратура тарапынан мұнай ұрлығының жолын кесуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазір кен орындарын пайдаланушылар өндіретін мұнайды бақылау күшейтілген. Бүгінгі таңда енгізілген қадағалау актілері бойынша көмірсутегі шикізатын өндіретін «СНПС –Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «Сагиз Петролеум компани» ЖШС сияқты ірі кен орындарын пайдаланушылармен мұнай ұрлаудың бірнеше деректері байқалған кен орындарында мұнай өндірудің барлық кезеңінде алынған мұнайды есепке алуға мүмкіндік беретін есептеу құралдары орнатылған. Дегенмен, мұнай ұрлығы әлі де тыйылмай отырғаны шындық. Мұнай ұрлығына қатысты бұл деректер құзырлы органдардың күшімен анықталғандары ғана, ал «іс бітті, қу кетті» деп құқық қорғаушылар құрығынан сытылып жүргендері қаншама. Бұл кен орындарын пайдаланушыларға да, құқық қорғау органдарына да қырағы болуды қажет етеді. Кей жағдайда мұнай құбырларынан да мұнай ұрланып жатады. Мұның өзі мұнай ұрлаушылардың кәсіби маманданғандығын көрсетеді. Сондай-ақ, осы құбырларды күзетудің әлсіздігін де әшкерелейді. Кейде кейбір құзырлы органдар қызметкерлерінің жеңіл табысқа қызығып, жең ұшынан жалғасып, қылмыстық әрекетке бой алдыратыны да көрініс беріп жүргені жасырын емес. Не болғанда да, «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, мұнай ұрлығының осыншалықты етек алуының басты себебі иесіздік демеске шара жоқ.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.