Кеше “Қазақстан Республикасында әкімшілік әділетінің қалыптасу мәселелері” тақырыбына арналған екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Аталған шараға Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің басшысы Б.Имашев төрағалық жасады.
Германияның техникалық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының жәрдемімен ұйымдастырылған талқылауға депутаттар, Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов, Жоғарғы Сот, халықаралық заң қоғамдастығының, ғылыми орта мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты аша келіп Сенат Төрағасының орынбасары М.Көпеев конференцияға қатысушыларға экономиканы табысты дамыту мен мемлекеттің сыртқы қатерлердегі орнықтылығын арттыру үшін ахуал қалыптастыратын құқықтық орта жасаудағы Президент Н.Назарбаевтың Жолдауында алға қойылған міндеттер аясында осы мәселенің талқылануы маңызды екенін атап өтті. “Ұлттық құқықтарды жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі әкімшілік реформаларды жүргізу, әкімшілік іс жүргізу құқықтарының мүмкіндіктерін кеңейту”, – деді Төраға орынбасары. Оның айтуынша, жеке адам мен мемлекет арасындағы дауларды сотпен шешудің жаңа үлгісін қалыптастыруға, әділет әкімшілігі саласын реттейтін нормативтік-құқықтық база жасауға Әкімшілік құқық бұзушылық және Әкімшілік іс жүргізу кодекстерінің жобалары бағытталып отыр.
Талқылау барысында сөз алған Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов Қазақстанда әділет әкімшілігін қалыптастырудың маңыздылығын атап өте келіп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Әкімшілік іс жүргізу кодекстерінің жобаларын әзірлеу және қарау мәселелері бойынша пікірсайыстың маңыздылығын, олардың Құқықтық саясат тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысы Жолдауында белгіленген құқық қорғау жүйесін жетілдіру бағыттарына сәйкестігін атап өтті.
Қазақстандағы құқықтық саясатты ізгілендірудегі мемлекеттік институт ретінде әділет әкімшілігінің рөліне тоқтала келіп, Заңнама және құқықтық саясат комитетінің хатшысы С.Ақылбай “Әкімшілік іс жүргізу кодексін қабылдау әкімшілік іс жүргізу құқықтары дамуының шыңы”, деді. Әкімшілік заңнаманы дамыту саласындағы алда тұрған міндеттерді ескере отырып депутат Әкімшілік іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстері жобаларының, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік іс жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның ережелері бойынша тұжырымдамалық тұрғысындағы пікірсайыстар жөнінде ойларымен бөлісті.
Конференцияда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының басшысы А.Кельчевский, Бремен (Германия) университетінің профессоры Р.Книпер, Армения Республикасының Әкімшілік сотының төрағасы Т.Мукучян, Грузия Жоғарғы сотының әкімшілік істері палатасының судьясы Н.Схиртладзе және басқалары ӘІЖК-нің жекелеген ережелеріне назар аударды. Және де ұсынымдарды әзірлеу үшін арнайы ұйымдастыру комитеті құрылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.