Теннис • 08 Қыркүйек, 2020

Новак Джокович US Open турнирінен шеттетілді

68 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлемнің бірінші нөмірлі теннисшісі сербиялық Новак Джокович АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан US Open «Үлкен дулыға» турнирінен шеттетілді.

Новак Джокович US Open турнирінен шеттетілді

Сербиялық теннисші турнир­дің төртінші айналымында испа­ниялық Пауло Каррена-Бустамен ойнап жатқан. Бірінші сеттің он бірінші геймінде Джокович қар­сыласына брейк беріп қойды. Содан ашуланған Новак допты арт­қа қарамай ұрып жіберіп, абайсызда төре­шіге дәл тигізді. Доп төре­шінің кеңірдегіне тиген екен. Ол демала алмай қалды. Сөй­тіп абайсызда төре­шіге бірден дәрігерлер келіп көмектесті.

Кортта бірден жиналған тур­нирдің супервайзерлері Новак Джоковичті турнирден шеттету туралы шешім шығарды. Негізі бұл тым қатал шешім сияқты. Себебі Джокович төрешіден бірден кешірім сұрап, зардап ше­гу­шіге орнынан тұруға көмек­тесті.

Турнирдің ережесіне қарай­тын болсақ, мұндай жағдай, яғни спортшының агрессияға жол беруі бірінші рет болғанда ескерту беру керек. Екінші рет – бір ұпайға жазалануы қажет. Үшінші рет бір геймге, ал төр­тінші рет теннисші ереже бұзса, шеттетілуі керек еді. Дегенмен ұйым­дас­тыру­шылар бұл ережелер­ге қара­ған да жоқ.

Турнирдің тағы қосым­ша ере­желері де бар. Ұйымдас­тыру­шы­лар осыны алға тартты. Бұл ереже бойынша кейбір жағ­дайларда су­первайзер өзді­гінен де шешім қабылдай алады. Джоковичке келгенде супервайзер осыны алға тартып, теннисшіні шеттетуді дұрыс деп санады.

Енді Джоковичтің бұл турнирде жинаған барлық ұпайы есептелмейді. Оның үстіне ол айып­пұл төлейді.

Теннис тарихына көз жүгірте­тін болсақ, мұндай жағдай бірнеше рет тіркелген. 1995 жылы Тим Хенмен деген теннисші «Уимблдон» турнирінде жұптық сайыс кезінде доппен болбойды «нокаутқа» түсіргені үшін шеттетілген. Ал 2000 жылы Ште­фан Кубек «Ролан Гаррос» тур­ни­рінде осындай әрекеті үшін жа­заланды.

Негізі АҚШ-тың ашық бірін­шілігінде өткен аптада осындай жағдай тіркелді. Бельгиялық Аляж Бедене деген теннисші доп­ты шығарып жіберемін деп, ойынды түсіріп жатқан оператордың тұмсығына тигізген. Бірақ ол ешқандай зардап шекпеді. Ал ұйымдастырушылар теннисшіге ешқандай жаза қолданбады.

Джоковичтің өзі бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді. Ол Бил­ли Джин Кинг атындағы Ұлт­тық теннис орталығынан кетіп қал­ды. Айтпақшы, бұл қылығы үшін сербиялық теннисші тағы айып­пұл төлейді. Матчтан кейін негізі ол баспасөз жиынына қатысып, бұл жағдайды түсіндіріп беруі керек еді.

Бұл – бірінші нөмірлі теннис­шінің 2020 жылғы бірінші же­ңі­лісі. Жалпы, Джокович 26 ойынды қатарынан жеңіп келе жатқан. Соң­ғы рет ол 2019 жылы дәл осы US Open  тур­нирінде жеңілген. Былтыр да ол 1/8 финалдан аса алмады. Ол кезде швейцариялық Ста­нис­лав Вавринкадан ұтыл­ған бо­латын.

Каррена-Бутса болса ширек финалда канадалық Де­нис Шапавалов деген теннис­шімен кездеседі. Бұл испан тен­нисшісінің US Open додасындағы ең жоғары жетістігі.

Орайы түскенде айта кетейік, АҚШ-тың ашық біріншілігінер Михаил Кукушкин, Александр Бублик, Зарина Диас, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева секілді отандастарымыз барды. Бублик пен Диас бірінші айналымда сүрінді. Ал Рыбакина екін­ші айналымнан, Кукушкин үшінші айналымнан аса алмады.

Қазір аталған додада Путин­цева ғана қалды. Әлемдік рей­тинг­те 35-сатыда тұрған 25 жас­тағы отандасымыз ширек фи­налға шықты. Әрине, көрсеткіш жаман емес. Оның үстіне бұл –  АҚШ-тың ашық біріншілігіндегі қазақстандық теннисшілер ара­сындағы үздік көрсеткіш. Де­генмен Юлияның жартылай фи­налға шығатын мүмкіндігі жоғары. Ол ширек финалда рейтингте 41-орында тұрған америкалық Дженнифер Брейдимен кездеседі. Америка­лық арумен Путинцева бұған дейін екі рет кездесіп, екі рет жеңіске жеткен.

Соңғы жаңалықтар