– Балық өсірумен қатар балық аулаудың атыраулық балықшыларға маңызды екенін біз естен шығармаймыз. Әсіресе Каспийде теңіз балықтары игерілмей жатқанын ескерсек, өңірде балық аулау көлемін арттыруға болады. Сол себептен, балық шаруашылығының дамуына серпін беретін ұсыныстар болса, біз бірлесіп қарауға әзірміз, – деді министр.
Сейсенбіде Атырауға арнайы келген министрмен кездесуде жергілікті кәсіпкерлермен салықтық жеңілдіктер мен субсидиялауға қатысты ұсыныстарын білдірді. Министр бұл бастамаларға қолдау танытты.
– Бұл мәселелер Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерімен келісіліп, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе талқылауды талап етеді. Сондықтан тиісті өзгерістер енгізу үшін нақты есептеулер мен негіздемелер қажет. Ұсынылған мәселелер оң шешімін тапса, балық шаруашылығының әлеуеті көтеріліп, кәсіпкерлердің жұмысы одан әрі жанданатыны сөзсіз, – деді М.Мырзағалиев.
Оның мәліметінше, Қазақстандағы су айдындарында ауланған балық түрлері мен өнімдері әлемнің 36 еліне экспортталады. Болашақта отандық балық өнімдеріне қызығушылық танытатын елдердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені елімізде бұл саланы өрістетудің әлеуеті зор. Бұл үшін әрине балық өсіру қолға алынуы керек. Осыған орай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 1 қарашаға дейін әкімдіктермен бірлесіп, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлемек. Елімізде осы кезге дейін балық шаруашылығымен айналысатын 1 мыңнан астам кәсіпорын тіркеліпті. Олар жыл сайын 30 мың тонна балық өнімін экспортқа шығарады. Жаңа бағдарлама балық өндірісін 600 мың тоннаға жеткізіп, оның тең жартысын экспортқа жіберу көзделіп отыр.
Ал балық шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақтың қатарындағы Атыраудағы ахуал қандай? Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, балық аулау үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Сол себептен, облыс әкімдігінің тапсырысымен былтырғы қазаннан бері «Казэкопроект» ЖШС «Аквамәдениет және биоалуантүрлілік жағдайын зерттеу негізінде Каспий теңізінде және Жайық-Каспий су шаруашылық бассейнінде балық ресурстарын толықтыру бойынша ғылыми негізделген шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу» атты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
– Зерттеу жұмыстарының мақсаты – балық шаруашылығын дамыту, Каспий теңізі акваториясындағы су айдындарында су жануарларының биоалуантүрлілігін сақтап қалу жөніндегі шараларды жасақтау, – дейді Артур Сәдібекұлы. – Осыған орай облыстағы балық шаруашылығының ахуалы мен биоалуантүрлілігіне талдау жасалды. Жайық-Каспий бассейнінің биоресурстарын тұрақты пайдалану, аквамәдениетті дамыту, аймақтағы гидробионттардың биоалуантүрлілігін сақтауға негізделген шаралар айқындалды. Сонымен қатар Жайық-Каспий бассейніндегі су ресурстарының қазіргі жай-күйі зерттелді. Су айдындарының гидрологиялық, гидрохимиялық және токсикологиялық көрсеткіштерінің көпжылдық динамикасына талдау жүргізілді. Су ресурстарының негізгі проблемалары анықталды. Су ресурстарына теріс әсерді азайту, қорғау және ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралар әзірленді.
Оның айтуынша, өңірдегі балық шаруашылығының жай-күйіне, балық аулаудың қазіргі режіміне талдау жүргізіліпті. Балық қорына зиян келтірмей кәсіпшілікті кеңейту үшін нормативтік-құқықтық базаны нақтылау мүмкіндіктері қарастырылды. Жайық пен Қиғаш өзендерінде, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауына іргелес кәсіптік аулаудың түрлері мен көпжылдық динамикасы, өзгеру заңдылықтары мен себептері анықталды. Балық аулау құралдарының сипаттамалары, аулау техникасы мен технологиясы келтірілген. Өңірде кәсіпшіліктің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолдары айқындалып, балық шаруашылығын дамытудың негізгі индикаторлары нақтыланыпты.
«Казэкопроект» ЖШС-ның бас ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі Асқар Камеловтің пікіріне сүйенсек, Жайық-Каспий – елімізде балық шаруашылығын кеңінен дамытуға қолайлы су бассейні. Ал Каспий теңізінен балық аулаудың ресурстық әлеуеті мол. Балық аулауды әсіресе теңіздің солтүстік-шығысында іске асырудың мүмкіндігі бар. Алайда бұл іс қанат жаймай отыр. Бұған арнайы кемелердің жоқтығы әсер етеді. Сол себептен балық аулау флотын кеме құрылысына кететін шығынның 25 пайызын өтеу арқылы жандандыруға болады.
– Елімізде 2010 жылы бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізілді. Алайда мораторий шарасы бағалы балық қорының көбеюіне әсер етпей отыр. Соңғы жылдары Жайық өзенінде қортпа, бекіре секілді балықтар шабақтарының өрістеуі тіркелмеген. Шоқыр мен сүйріктің бірен-саран шабағы кездеседі, – дейді Асқар Камелов.
Ғалымның айтуына қарағанда, Атырау облысында бекіре тұқымдас бағалы балықтарды өсіруге ден қойылғанмен, өзге түрлерін, мәселен, тұқы балығын өсіру кенжелеп қалып отыр. Балық өсіруді тек Атырау қаласының аумағында ғана емес, аудандарда да қолға алуға болады. Мәселен, Құрманғазы ауданындағы көлде тауарлы балық шаруашылығын құруға қолайлы жағдай ескерілер емес. Сондай-ақ Махамбет пен Индер ауданындағы су қоймаларында балық өсіру мүмкіндігі әлі зерттелмей жатыр. «Казэкопроект» ЖШС-ның бас ғылыми қызметкері Асқар Камелов Индер ауданында жасанды тұзды көлде артемияны өсіруге болатынын ұсынып отыр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің өзі емеурін танытқандай, елімізде балық шаруашылығының әлеуетін арттыру үшін Каспий теңізінен су маржанын сүзуді қолға алу мүмкін бе? Әрине, бұл үшін балық аулау флоты құрылып, кеме құрылысы жандануы тиіс. Теңізден балық ауланса, отандық нарықтан тыс экспортқа жіберілетін өнім көлемі де ұлғаятыны даусыз.
Атырау облысы