Экология • 10 Қыркүйек, 2020

Қайта өңдеу қарқын алса...

676 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің оңтүстік пен солтүстік, батыс пен шығыс және орталық аймақтарының өзіндік даму ерекшелігі болуы табиғи жайт. Осыған орай Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел аймақтарының даму барысына қатысты бәсекелі артықшылықтарды атап көрсетті. Соның ішінде республикамыздың батыс өңірлері алдағы даму стратегиясы мен даму тактикасын қалай құруы керектігі жөнінде де нақты міндеттер алға қойылды. Аталған аумақтар мұндай жоғары талаптар үдесінен шыға ала ма?

Қайта өңдеу қарқын алса...

Мұндай басы ашық сауалға Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының мысалында ой жүгіртіп көргенді жөн көрдік. Бұл ретте Ақтөбе еліміздің бас­ты өнеркәсіптік өңірлерінің бірі екенін атап көрсеткеніміз жөн. Жұмыс істеп тұрған өндірістік кәсіпорындардың саны жөнінен аймақ облыстар арасында алдыңғы орындардың бірінде тұр. Мұнда өндіріс орындарын кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен жаңғырту жөнінде нақты іс-қимыл жоспары жасалғаны, әрине қолдауға әбден лайықты. Алдын ала жасалған есепке қарағанда сатылай жүргізіліп отыратын жаңғырту жұмыстарына жарты триллион теңге қаражат жұмсалмақ.

Әйтсе де тәп-тәуір басталған істің барысы кейінгі кезде қайырлап қалғандай көрінеді. Ендеше, аймақта Жолдауда айтылғандай өндіріске қолдау көрсетудің нақты шараларын жетілдіру ісіне тың серпін берілсе, мұндағы кәсіпорындар көштің басына қарай бет түзей алатынына шек келтіруге болмайды. Жүйелі әрі біртұтас ұстанымның қажеттілігі де осында. Ақтөбе – өнеркәсіп пен көмірсутегі шикізатын өндіру ісі қатар дамыған өңірлердің бірі. Оны өндіріп жатқан негізінен шетелдік компаниялар болып табылады. Өңір аумағында мұнай өнімдері мен өзге де жерасты қазба байлықтарын игеру ісі тәп-тәуір жолға қойылғанымен оны өңдеу мәселесінде шешімін таппаған түйіндер жеткілікті.

Ашығын айтқанда Ақтөбеде Президенттің Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес мұнай-химия кешенін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірісін құруға қажетті алғышарттар да бар. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы, салыс­тырмалы түрде алғанда қуат пен жылу көздері мен өзге де ресурс бағаларының төмендігі инвестиция көлемін одан әрі көтеруге мүмкіндік бере алатыны анық. Аталған мәселеде басы ашық айқын бір мәселе: мұнай-газ шикізатын өндіру бар да, оны өңдеу, тіпті Жолдауда айтылғандай жоғары деңгейдегі қайта өңдеу бар.

Құдайға шүкір, оны өндіру жөнінен алдымызға ешкімді жібермей қарқынды қимыл танытып жүргеніміз бесенеден белгілі. Ал көмірсутегі шикізатын өңдеу мәселесіне келгенде үніміз шықпай, құмығып қалып жүргеніміз де белгілі. Әйтпесе ел Президенті: «Бізде осы күнге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қонбайтын қисынсыз мәселе» деп айтар ма еді, айтпас па еді. Ақтөбе аймағында химия кешенін салу мен пайдалану ісінде бұған дейін қалыптасқан дағды мен тәжірибе де бар. Ендеше, оны бүгінгі жаңаша тың көзқарастар тұрғысынан қайтадан қола алғанның тигізер пайдасы аз болмаса керек.

 Мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесі туралы әңгіме қозғалған кезде бұл мәселе инновациялық өңір қатарында жүрген Батыс Қазақстан облысында да өткір күйінде тұрғаны бөлек бір әңгіменің еншісі. Табиғи газ өндіру жөнінен рес­публика өңірлері арасында алдыңғы орында тұрған облыста өндірілетін шикізат өзімізде өңделмей, түгелдей дерлік Ресейдің Орынбор қаласындағы газ өңдеу зауытына жөнелтіліп келеді. Бұл үдеріс қай уақытқа дейін созылатыны әзірге белгісіз. Бұдан біз оңбай ұтылып жүргеніміз, алтынмен пара-пар жерасты байлығы Ресейде өңделіп қайта қолымызға тиген кезде бастапқы жоғары бағасын әжептәуір жоғалтып алатыны ешқандай талас туғызбайды. Осы орайда бұдан 6-7 жыл бұрын Қарашығанақ кенішінен өндірілетін табиғи газды өңдеу зауыты салынатыны жөнінде мәні мен маңызы жоғары мәселе көтерілгені де ұмытыла қойған жоқ. Осыған байланысты құрылған сарапшылар тобы болашақта тұрғызылатын газ өңдеу зауытының аумағын белгілеп облыс орталығында және Бөрлі мен Теректі аудандарында қоғамдық тыңдаулар да өткізілді.

Әйтсе де кейіннен басы дырдай болып басталған істің аяғы қылдай болып, сиырқұйымшақтанып өзінен өзі құрдымға батып тұрғаны өкінішті-ақ. Бұл мәселенің «бесігінде тұншығуына» сол уақытта қалыптасқан бірқатар сыртқы және ішкі факторлардың салқыны тиген секілді. «Ештен де кеш жақсы» демей ме халқымыз. Қарашығанақ кеніші аумағында газ өңдеу зауытын салу мәселесі өзектілігі мен көкейкестілігін еш уақытта жоймақ емес. Мемлекет басшысының Жолдауына басты желі болып тартылған мәселе бұл іске қайтадан қозғау салып, оны қаржыландыру жөніндегі жайттар шешімін табатын болса, оның қай тұрғыдан да тигізетін пайдасы мол болары белгілі.

Мәселенің екінші бір қырынан қарастырсақ, бұған дейінгі тәжірибеде Батыс Қазақстан облысында мемлекеттің миллиардтаған теңгеден тұратын мол қаражаты есебінен бой көтеретін жобаларды сол тұста өңір басшылығында болғандар әжептәуір жарнамалап келгені белгілі. Айталық тоқсаныншы жылдардың орта кезі мен аяғында Орал қаласында спирт зауыты салынатыны жөніндегі мәселенің аяғы жерге тимей тұрды. Ал 2000 жылдардан бергі кезеңде облыс аумағында цемент зауытын тұрғызу, 870 басқа арналған ірі-қара бордақылайтын мал семірту кешенін салу және күніне 40 мың марқа қозының етін өңдейтін цех тұрғызу секілді ірі жобалар қолға алынды.

Оның кейбіреуінің нысандары жартылай бой көтерсе, екінші бір жобаның ғимараттары мемлекет қаражаттары есебінен толықтай тұрғызылды. Әрі осы уақыт аралығында сол кезде өңір басшылары бұл жобалар облысқа қисапсыз мол пайда түсіретіні жөнінде жүз қайтара айтудан бір танған емес. Әйтсе де істің нақты нәтижесі туралы айтар болсақ, бүгінгі күні сол жобалардың бірде-бірі іске аспағанын әрі пайдалануға берілмегенін бармақ тістей отырып айтуға тура келеді.

Осындайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс деп, Жолдауда атап көрсеткен тұжырымы еріксіз ойға орала береді. Соның салдарынан бұған дейін аталған жобаларға мемлекет қаражаты тектен-тек ысырап болғаны өкінішті-ақ.

Сөз соңында айтарымыз бірқатар облыс әкімдері әр жыл сайын ел-жұрт алдында есеп берген кезде ішкі жалпы өнімнің көлемі бір немесе екі триллион теңгеге өсті деген астрономиялық сандарды алға тартып келеді. Бұдан нені түсініп, нені ұғынуға болады? Бұл абстрактілі өсім халықты қуантып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің артуына септігін тигізе ала ма? Жолдауда көрсетілген осы жайт жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне ой салып жатса, қанеки? Осындай ел-жұртқа ең алдымен керегі ішкі жалпы өнімнің өсуі емес, тұрақты жұмыс орны, тегіс жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азық-түлік деп, ашығын айтқанда, Мемлекет басшысының түйінді сөзі әр кез назарда болса екен демекпіз.

 

АҚТӨБЕ – ОРАЛ